Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » 1,3 млн жас жұмыссыз жүр

1,3 млн жас жұмыссыз жүр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еңбекке жиырма қадам» атты мақаласында жастар саясаты туралы заңға қатысты сыни пікір білдірді. «Заң көрнекілік сипатта қалды, шынайы өмір мәселелерін толық шеше алмайды», – деп баса көрсетті. Жастардың мәселесіне көбірек тоқталды. Атап айтқанда, білім жүйесіне, жас мамандардың өндірістік тәжірибеден өте тұра жұмыссыз қалу себептеріне, әлеуметтік мәселелерге қатысты жайттарды қадап айтты. Еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – жастардың құқықтық, әлеуметтік мәртебесі. Саясатта белсенділігімен көзге түсіп жүрген бірқатар жастар Алматыда бас қосып, бұл заңға қатысты пікір білдірді. Олар – Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы Елнұр Бейсенбай, «Жас Отан» Жастар қанаты атқарушы хатшысының орынбасары Ақылбек Меңдіғалиұлы, тележурналист Руслан Желдібай. Бұл конференцияда айтылған тұщымды ойларды қысқаша беруді ұйғардық.

Елнұр Бейсенбай: Кеңес үкіметінің кезінде әлеуметтік саты болды. Қолынан іс келетін жастарды көтермеледі. Қазір бұл атымен жоқ. Мәселен, жастардың ең көп жиналатын, пікір алмасатын жері жоғары оқу орындары. Ол жерде өз пікірлерін ортаға салып, жастарды басқаратындай, кем дегенде 4-5 көшбасшы болады. Бірақ оларға қолдау танытатын, алға сүйрейтін ешкім көрінбейді. Бізде «ойбай, үндеме, тыныш отырдан» өзге сөз жоқ. Студенттер белсенді бола бастаса, «рецидивистерді тәрбиелеп жатсыңдар» деп жауып тастай ма?» деп үрейлері ұшып жүреді. Шындығында, мемлекеттік билік соншалықты шектеу қоймайды. Біздің «шаш ал десе, бас алатындар» солай жасайды.

Руслан Желдібай: Бір айдың көлемінде қабылданайын деп жатқан 2020 жылға дейінгі жастар саясаты туралы тұжырымдама идеология мәселесін шешпек. Ол стратегияны анықтайтын өте өзекті мәселе. Бұл тұжырымдама заңнан да жоғары. Өйткені, бұл бүкіл идеология саласын қамтиды. Міне, осындай маңызды дүниені қазір оқыған біреу бар ма, талқылауға түсті ме? Жоқ! Ал жастар саясаты жөніндегі заңға келсек, расында да, онда жазылған дүниелер заманауи талаптарға сай. Ол жердегі мәселелер бүгінгі жастардың көзқарасын қамти алады. Бірақ негізгі мәселе – оның орындалуында. Бізде көп заңдар қабылданғанымен, жүзеге аспайды.

Ақылбек Меңдіғалиұлы: Біз 2012 жылдың басынан бастап ұсыныстарымызды жазбаша түрде орталық аппаратымызға жіберіп

жатырмыз. Қапшағайда өткен комитеттің отырысында «Жас Отанның» атқарушы хатшысы болып істеген Нұрлан Өтешов: «Комитеттің өз күшіне енгеннен кейін бұл мәселелер қолға алынады» деген болатын. Тұрғын үй мен жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері, міндетті түрде шешімін табады деп үміттенеміз.

Руслан Желдібай: Бүгінде әлеуметтік мәселелер үшін емес, жастардың санасы үшін күрес жүріп жатыр. Ол үшін шетелдер де, әртүрлі діни ағымдар да барын салуда. Осы күресте мемлекет жеңілетін болса, шаруаның біткені. Одан кейін берілген үй де, жұмыс та қажет болмай қалады. Әлеуметтік жағдаймен қамтамасыз етпесе де, тек мүмкіндік берілсе, санасы бар жастар өздері әрекет етеді. Яғни, жастар мемлекетке, оның болашағына немқұрайды қарамауы керек. Онсыз тәуелсіздіктен не пайда? Елнұр Бейсенбай: 3 млн-ға жуық халық өзін-өзі қамтамасыз етеді десек, оның 30 пайызы жастар. Демек, шамамен 1 млн-дай. Ал статистикалық агенттіктің дерегі бойынша, халықтың 7 пайызы жұмыссыз. Оның отыз пайызы жас қыз-жігіттер десек, жалпы 1,3 млн жас жұмыссыз жүр деп топшылауға болады. Бұл – қауіпті жағдай. Мұның шешімін табу үшін, аймақтардағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қызметкерлерінің 30 пайызын жастардан алуға тапсырма беру керек. Сонда бір жылдың көлемінде бір жасты үймен қамтамасыз етсе, мемлекет оның салығын белгілі бір мөлшерде төмендетуге уәде беруі керек. Сонда ғана бұл жұмыс жүйеленер деп ойлаймын. Ақылбек Меңдіғалиұлы: Жастар саясатына қатысты мәселелердің шешімін табу «Жас Отан» ғана емес, баршамызға тән болуы тиіс. Аға буын да ойлануы тиіс. Кіші буынға рухани, патриоттық тәрбие беру жағын насихаттауымыз керек.

Санжар Арысов

Алматы

Яндекс.Метрика