Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Қайырлы іс

Қайырлы іс

«Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген сөзді 25 жасар Клавдия Налимованың тағдырына қатысты айтсақ, әсте жаңылыспаспыз. Ата-әжесі мен әкесінен ерте айырылды. Қазіргі таянышы – анасының әжесі, қарт кейуана. Жап-жас қыздың «өмірлік жарым болар» деп күткен сүйген жігіті де алдамшы болып шықты. Аяғы ауыр екенін ести сала, қарасын көрсетпей кеткен. Ол шарана – қазір екі жасар ұл. «Мұндай жағдай өмірде жиі кездеседі. Өзі жап-жас. Жұмыс істесе, аяғынан тік тұрып кетеді», – деп ойлауға да болар. Егер бір кездейсоқ оқиға болмағанда.

Былтырғы наурыз айынан бастап аяғын сылтып баса бастаған. Өз аяғымен жүруі қиындай бастаған соң, дәрігерге көрінген. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, жалғандағы жалғыз арқасүйері жан анасының қазасы өрімдей қыздың қабырғасын қайыстырып кетті. Көп ұзамай құсадан айықпас дертке шалдықты. Мүлде жүре алмай қалды. Үйіне терапевт шақырып, хирургке көрініп, ем-дом жасағанымен, одан ешқандай қайыр болмады. Талай емханалардың табалдырығын тоздырып жүріп, денсаулығының ақауы – оңжақты гемипарез және дизартрия элементтері бар екенін анықтаған. Дәрігерлер: «Сенің өз аяғыңмен қайта жүруге мүмкіндігің бар. Бірден жүгіріп кетпейсің. Қаз-қаз басып жаңа жүріп жүрген баладай бәрін басынан бастайсың. Ол үшін уқалау курсын алуың керек», – деп кеңес береді.

Тепсе, темір үзетін жігіттер екі қолға бір күрек таппай жүргенде, науқас адам қалай жұмыс тапсын! Тек қана кеуананың қолына тиетін болмашы зейнетақымен күн көріп жүрген К.Налимоваға уқалау курсына төленетін ақша өлім мен өмірдің мәселесіне айналды. Курс аз емес, бақандай 30 мәрте ем алуға тиіс. Бұған оның қалтасы көтермейтіні түсінікті жайт. Өмірдің ащы-тұщысын аз көрмеген жас қыздың шақшадай басы шарадай болып жүргенде, кенет, «халықтық коммунистер» көмек қолын созды. ҚКХП-ның Алматы қалалық комитеті жанындағы қоғамдық қабылдау мен Әуезов аудандық комитеті К.Налимоваға демеуші тауып беріп, 30 мәрте ем қабылдау сертификатын қолына ұстатты. Сондай-ақ, «Халықтық коммунистердің» мұрындық болуымен екі жасар ұлы да балабақшаға тегін баратын болды. «Тағдыр мен тұрмыс тауқыметін тартып жүрген адамдарға қол ұшын беруге қашан да әзірміз. Халықтан алғыс алу – ең қайырлы іс», – дейді «халықтық коммунист» әрі заңгер Наурызжан Алдабергенов.

Санжар Арыс

Алматы

Яндекс.Метрика