Home » "Коммунист Казахстана" » Алматы 90 жылдарды еске түсіреді

Алматы 90 жылдарды еске түсіреді

Қазақстанның Коммунистік Халық партиясының Алматы қалалық комитетінің хатшысы Елнұр Бейсенбаев оңтүстік астанада қаптап кеткен алаяқтардан қарапайым халықты қорғауға шақырып Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке хат жазды. Оған қалтаға қол жүгірткен ұры-қары мен «лохотрон» ойының көрігін қыздырушылар түрткі болды.

Соңғы жылдары қарасы көбейіп кеткен кейбір келеңсіз жайттар ғылым мен білімнің ордасы, қаржы мен мәдениет орталығы деген ерекше мәртебесі бар ару Алматы шаһарының сынын бұзып-ақ тұр. Біздің қолымызға қалам алғызған осы жайт. Тәуелсіздікке қол жеткізіп,  көк байрағымызды желбіретіп, еңсемізді тіктеген жылдар да қиыншылық аз кездескен жоқ. Ол қиыншылықтан құтты қала Алматының тыс қала алмасы екібастан. Ауыртпалықты алдымен тартқан шалғайдағы ағайын қара қазан, сары баланың қамымен екі қолға бір күрек іздеп, еліміздің түкпір түкпірінен  сол кездегі астанаға ағылды. Бірі базар жағалады, сауда жасады, жүк тасыды. Екіншілері табылған жұмыс істеуге мәжбүр болды. Сейфуллин даңғылы еңбегін сатқандардың, Сайын көшесі тәнін саудалағандардың тұрағына айналған тұс еді, бұл. Алматы тек қана мәдениеттің емес, қылмыс әлемінің де ордасына айналып үлгерді. Бақайшығына дейін қаруланған бандиттерден, рэкет, ұры-қарыдан, алаяқтардан да аяқ алып жүргісіз.

Бұл жылдар ел есінде несімен қалды? Қанды қол қарақшылардың қолынан қаза болған немесе таяққа жығылып, тырнақтап жиған тапқан ақшасынан, дүние мүлкінен айырылған кәсіпкерлер, такси жүргізушілері, зар жылаған қарапайым халық… Бұдан бөлек,  халық көп жиналатын базарлар мен вокзалдардың, автобекеттердің «көркі» жұрт қалтасына қол салған кісәпірлер мен ел «алик-марик-шарик» немесе «лохотрон» деп атап кеткен ойынның көрігін қыздырған ұрда-жық алаяқтар болған еді.

Еліміз етек жеңін жинап, қиыншылықтан бірте-бірте арылып, еңсесін көтерген кезде рэкет, ұры-қары, алаяқтардың да дәурені өтті. Қуаты кемелдене бастаған мемлекет қылмыстық әлемнің серкелерімен қоса, майда шабақтарын да құрықтап, тәубесіне түсірген еді. Кәсіпкерлеріміздің мойнынан қылмыстық әлемнің қыл арқаны түсті. Бұл жағдай елімізде шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына ықпал етті. Қарапайым халық алаяқтар мен кісәпірлер құрған тордан құтылды.

Алайда, «жыланды жеті жерден кессең де, кесірткедей қауқары бар» демекші, кезекті әлемдік дағдарысты күтіп, алдыңғысының салдарынан әлі айыға алмай жүрген әрі сәрі кезеңде мұндай жағымсыз құбылыстар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Мәселен, абыр-сабыр «Саяхат» автобекеті мен халқы құмырсқадай құжынаған Көк базар маңында «алик-малик-шарик» немесе «лохотрон» ойнатып жүрген қылмыстық топ жиі көрінетін болды. Ауылдан келген аңғал ағайындар мен кәрі-құртаң, жас балаларды алдап сулап, қалтасын сыпырып алуда.

«Көк базардың жанында кетіп бара жатып, бір ақжаулықты әжеміздің бес мың теңгесін «лохотрон» арқылы алдап тартып алған үш адамды көрдім. Қастарына барып: – Жігіттер мыналарың не? – деп ара түстім. Олар: – Бауырым, шаруаң болмасын. Без лоха, жизнь плоха! – деп шығарып салмақ ойы болды. Мен де қайтпадым, жағаласа кеттім. Сол арада қайдан шыққаны белгісіз, 20 шақты тепсе, темір үзетін жігіттер жетіп келіп, қоқан-лоққы көрсетуге ұмтылды. Бұл оқиға 30 тамыз, яғни Конституция күні болды», – дейді коммунист Елнұр Бейсенбаев.

Қала базарлары мен автобустарда елдің қалтасы мен  сөмкесін тонаған кісәпірлер көп. Олардың кесірінен елдің бойын үрей билеп алды. «Ойбай, олардың ұрлық жасап жатқанын көрсең, қарсылық көрсетпе немесе ескертпе. Бетіңді тіліп кетеді, көзіңді ағызып жібереді. Өткенде «қалтаңа түсіп жатыр» деп ескерткені үшін бір жас қыздың бетін тіліп кетіпті, автобустағы кондуктор жігітті үйінен іздеп тауып, көзін шығарып кетіпті», – деген сыбыс ел арасына кеңінен тараған. Қорқыныштан жұрт кісәпірді көрсе де, көрмеген болады.  Автобустардың ішінде, базарлар маңында ұрылардың көптігі соншалықты ақшасы мен құжаттарынан айырылып зар еңіреген адамдарды көрмеген алматылық жоқ шығар. «Ақшамды алсаңдар да, құжаттарымды қайырып беріңдер» деп зар жылаған жап жас студент қыздың жан айқайын естіген де қалай үнсіз қалмақпыз? Бала шағасына бірсыпыра киім, оқу құралдарын алу үшін ала жаздай тірнектеп жиған ақшасынан айрылып зар еңіреген ананың ащы жанайқайын естіп тұрып, қалайша жүрегің ауырмайды?

Бұл жағдай ұмыт бола бастаған 90-жылдарды лажсыз еске түсіреді екен.  Еліміздегі ең ірі, айрықша мәртебеге ие, халқының саны миллионнан асып жығылатын мегаполис – ару Алматы көз тартар көркімен, сұлу сәулетімен ғана емес, алып ғылым ордасы, қаржы және мәдениет орталығы ретінде де дүйім жұртқа мәшһүр. Оңтүстік астана деген бейресми атауға ие болуы да сондықтан. Саналуан білім ошақтары – академиялар, университеттер мен институттар, колледждері бар Алматы әрқашан жастардың, студенттердің қаласы, жалпы, білім ордасы мәртебесінен ешқашан айырылмақ емес. Елордасы Астанаға көшкен кезде, шетелдік елшіліктерге қарасты консульдіктердің мұнда жұмыс істеп тұруы да бұл шаһардың ел өмірінде ерекше орын алатынын көрсетеді. Ендеше, бейбіт күнде халықты ашықтан-ашық тонап жүрген кісәпірлер мен лохотроншылардың тайраңдатып жібергеніміз жарамас.

Айта кететін жайт, ақшасын алдырып қойған азаматтарымыз көбіне құқық қорғау органдарына шағымдана бермейді. Оның екі себебі бар. Біріншіден, қылмыскердің құрықталып, ақшасының иесіне қайтарылуына сенбейді. Екіншісіден, полиция қылмыскерлері де қолының сұғы барлардың әрекетін қылмыстық іс ретінде тіркемеуге жанын салып бағады. Өйткені, ол істің ашылуы қиын. Куәгерлер жоқ, ақша айғақ болар зат емес, тағысын тағылар. Сондықтан ресми дерек көздерінде Алматы ұры-қарыдан ада қала ретінде кездесуі де мүмкін. Бірақ, өмір шындығы бұған мүлде кереғар. Бұл аталған аймақтарға жауапты участкелік полицейлердің жұмысының сылбырлығын көрсетеді.

Дейтұрғанымен, шарасыздық танытар жайымыз жоқ, ұры-қары, алаяқтармен күресте біздің құқық қорғау органдарының жақсы тәжірибесі бар. Тек ерінбей, күреске күш жұмылдыра білсе, болғаны. «Лохотроншылар» мен кісәпірлерден құтылмай, Алматының ажары да кірмейді. Біздің талап осы!

Санжар Арысов

Яндекс.Метрика