Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Араша

Араша

Жол көлік оқиғасы бала жасынан екінші топтағы мүгедек Әкімжан Юсуповті жеп отырған нанынан айырды. Соғысқан екі джиптің бірі оның жұмыс орны – аяқ киім тігетін дүңгіршекті қиратып, бір жарым метрге сүйреп апарып, ағашқа ұрындырған. Дүңгіршектің бүлінгені соншалықты, жұмыс істеуге мүлде жарамай қалды. Әбүйір болғанда, дүңгіршік ол кезде жабық тұрған. Оқиға қазан айының 1 күні Алматы қаласындағы Әйтеке би және Абдуллин көшелерінің қиылысында болған.

Содан бері ол бүлінген мүлікті жөндете алмай, шарқ ұрып әділеттілік іздеумен келеді. Бұл іске жауапты тергеушілер, неге екені белгісіз, ұдайы іс-сапарларда жүреді. Тоқтала кететін жайт, оқиға орнына МАИ қызметкерлері келген. Полиция шақырылған. Бірақ бұған қатысты ешкім ешқандай шара қолданбаған. Джиптердің иелері телефон нөмерінен басқа ешқандай мәліметтерін қалдырмапты. Алғашқыда олар дүңгіршікті толық қалпына келтіруге уәде бергенімен, артынша: «Сенің дүңгіршігің үй құрылысы емес, 100 доллар ғана беремін. Сонымен іс бітті», – деп тайқып шыққан.

Дүңгіршікті жөндегеннен гөрі басқасын қойған арзанға түседі. Бірақ оның құны 1 000 доллардан кем емес. Оның үстіне, жарық тартудың бағасын қосыңыз. Дүңгіршікті орнына қою үшін көтергіш кран керек. Кранның қызметі – 100 доллардың айналасында.

Әкімжан Юсуповтің мүгедектігіне байланысты зейнетақысы мен осы жұмыс орнынан басқа ештеңесі жоқ екені түсінікті. «Бұл жұмыс орны заңды, Медеу аудандық әкімшілігінің рұқсаты бар. Құжаттарым да түгел. Мемлекетке тұрақты түрде салық төлеп тұрамын», – дейді Әкімжан Юсупов.

Оған тек қана Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының Алматы қалалық комитеті жанынан ашылған Қоғамдық қабылдау көмек қолын созды. Білікті заңгерлер мүгедек жанның құқығын қорғауға білек сыбана кірісті.

«Әсілінде, мұндай іс тез шешілуі керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «Егер барлық фактілер бар болса, онда істі сол күні сотқа өткізіңдер, созудың қанша қажеті бар?», – деген еді. Заң бойынша, бұл азаматты шақырып алып, хаттама толтыру керек. Онда жол көлік оқығасына ұрынған қандай көліктер екені, оның иелеріне қандай әкімшілік айып тағылатыны және қандай баптың қолданылатыны нақты көрсетілуі керек. Барлық фактілер болуы қажет. Неге шақырмай жатқаны белгісіз. Осыдан кейін «істі жылы жауып тастай ма?» деген күдік туады», – заңгер Наурызжан Алдабергенов.

Оның айтуынша, ең бірінші мүліктің қаншалықты бүлінгенін анықтап, шығынды есептеу үшін бағалау жұмыстарын жасау шарт. Және бұл азамат қанша күннен бері күнделікті тауып отырған нәпақасынан айырылды. Сондықтан марольдық және материалдық шығындарды да қатар өтеу керек. ҚКХП заңгерлері жарымжан адамды жолға тастамай, бұл істі ақырына дейін жеткізетін болады.

Санжар Арысов

Алматы

Яндекс.Метрика