Home » "Коммунист Казахстана", № 26//12.07.2013 » Арбаға таңылғандардың жан айқайын естір құлақ бар ма?

Арбаға таңылғандардың жан айқайын естір құлақ бар ма?

Алматыда мүгедек әйелдер сөзден іске көшті. Бұған дейін жанайқайларын тек қана дөңгелек үстелдерде, билікке жазған үшбу хаттарында да ғана көрсетіп келсе, енді олар көшеге шықты. Әрине, ұран көтеріп шыққан жоқ, мұқтаж адамдарға Алматыдай алып шаһарда өмір сүру, көшеде жүріп-тұру қаншалықты қиын екеніне қоғам назарын тағы бір мәрте аудару үшін лажсыздықтан барды. Әманда, мұндай батылдық ең алдымен нәзік жанды мүгедектердің бойынан табылып отыр. Бұл көзсіз батырлық емес, мәжбүрліктің осыған итермелегені ақиқат. Олар мүгедектерге арналған арбалармен қоғамдық көліктерге отыруға әрекет жасады. Онысы: «Жұрт көрсін, біздің хәлімізді білсін! Күн сайын көргеніміз осы!» – деп наразылығын білдіру.

Сөз жоқ, Алматыда мүгедектердің мініп-түсуіне арналған пандустармен жабдықталған автобус пен троллейбустар саусақпен санарлықтай ғана. Қала көшелерінде бірімен бірі жын қуғандай жарысқан көлік жүргізушілер де мұндай жолаушыларға қызмет көрсетуге аса құлықты емес. Сынақтан өткен келесі нысанның бірі – Алматы метросы. Су жаңа заманауи кешенде арбаға таңылғандар үшін арнайы лифт бар. Алайда оның өзі қолайсыздау болып шықты. Жер асты өткелінен  қызметкерлердің көмегіне жүгінбей өздігінен өту оңай шаруа емес екен.

Айта кету керек, елімізде бүгінде 30 мыңға жуық жан арбаға тағылған. Олардың жүріп-тұруына, қалаған жағына барып-қайтуына бөгет көп. Өмірлерін жеңілдететіндей жағдай жасалмаған. Мүгедектерге арналған такси бірнеше ғана қалада бар. Ең ірі қалада тек қана 12 көлік арбаға таңылған жандарға қызмет көрсетеді. Пандустардың жоқтығынан қаланың көп ғимараттарына кіру олар үшін қиямет-қайым. Тіпті, ең қарапайым нәрсе – азық-түлік сатып алу үшін де дүкенге бас сұғуға мүмкіндік жасалмаған.

Бұл мәселе қоғамда бүгін ғана айтылған жоқ. Түрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар мәселе етіп көтерді. Дөңгелек үстел өткізді. Жаны ашығандай кейіп танытты. Парламентте де депутаттық сауалдар жолданды. Сонымен іс бітті. «Біреудің жоғын біреу өлең айтып іздейді», – деген сөз осындайда айтылған болар, сірә. Ал мүгедектердің проблемасы еш өзгеріссіз.

Жақында ғана француз басылымдары Франциядағы мүгедек жандардың жыныстық қатынас жасауға құқығы бар деп мәселе көтерген еді. Қоғам болып осыған ат салысайық, мұрындық болайық деп ұрандатты. Ал біз болсақ, мүмкіндігі шектелген азаматтарымызға қарапайым нәрселерге – дүкеннен нан сатып алуына, киім-кешегін өзі таңдауына, қағаз-құжаттарын өзі реттеуіне мүмкіндік жасай алмай отырмыз.

«Баяғы жартас, бір жартас».

Санжар Арысов,

Алматы

Яндекс.Метрика