Home » "Коммунист Казахстана", № 26//12.07.2013 » Ардақты ардагеріміз Жұмабек Досайұлы және кезектен тыс 5-ші пленум

Ардақты ардагеріміз Жұмабек Досайұлы және кезектен тыс 5-ші пленум

Шілденің 5-ші жұлдызында ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің кезектен тыс 5-ші пленумы болып өтті.  Бұл жиынға обком мүшелері, аудан хатшылары, Байқоңыр қалалық комитетінің бірінші хатшысы және бірнеше партия белсенділері қатысты. Қаралған басты мәселелер Е. Алиевтың Байқоңыр қалалық комитетіне басшылық жасауы жөніндегі есебі, облыстық бақылау-тексеру комиссиясы құрамына өзгерістер енгізу және ҚКХП облыстық ардагерлер кеңесін құру болып табылды. Бірінші мәселе бойынша Алиев жолдастың есебі қанағаттанарлық көзқарасқа ие болды. Облыстық тексеру-бақылау комиссиясына біршама өзгерістер енгізіліп, комиссия төрағалығына Абай Шайнуров сайланды. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін тексеру-бақылау комиссиясына төрағалық етіп келген Ж. Досаев мырза облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. І-ші хатшы қызметінде жүріп, бір емес бірнеше сайлауды біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында өткізе білді. Бірге еңбек етіп келген ұжымдастарына әрдайым білгенін жеткізіп, ақылын айта білді. Оны біз, ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің мүшелері білімдар басшы, ақылшы, кеңесші ретінде танимыз. Жұмыс жасаған жылдарында ұжымда әрдайым береке мен бірлік биледі, ауызбіршілік болды. Өз арамызда және де партиямыздың басқа да мүшелерімен әр уақытта тіл табыса білді. Ал, облысымыз болса жұмыс сапасы мен үнемділігі жағынан алдыңғы қатарда болып отырды. Облысымызда беделді азаматтардың бірі – Жұмабек ағамызды біраз адамдар таниды, біледі. Облыс көлемінде болып тұратын жиналыстарға үнемі сыйлы қонақ ретінде шақырылып, тіпті республика шеңберіндегі іс-шараларға да қатысып келді. Партия өмірінде аз ғана уақыт қызмет етсе де, осыншама жетістіктерге жеткендігін біз мақтан тұтамыз. Оның кеңестері үшін біздің алғысымыз шексіз. Тексеру-бақылау комиссиясында жүріп те өзінің көптеген жылдар бойы бас есепші қызметін атқарғандығын артық рет дәлелдеді. Жиынға қатысушылар бірауыздан Жұмабек ағамызды  ардагерлер кеңесінің төрағасы атты лауазымға лайық деп есептеп, ойланбастан оң бағаларын білдірді. Жұмабек ағамыздың құрметіне партия мүшелері атынан иығына шапан жабылып, бағалы сыйлық табыс етілді. Сонан соң құттықтау сөздер мен жылы лебіздер айтылып, жиын тәмәмдалды.

                                        ҚКХП Қызылорда обкомының

                                        баспасөзөз хатшысы  Майра Жүнісова

Яндекс.Метрика