Home » СМИ о КНПК » ПАРТИЯ НЕ ДЕЙДІ?

ПАРТИЯ НЕ ДЕЙДІ?

1. Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының бағдарламасында мемлекеттік тілге қандай маңыз берілген? Болашақта қазақ тілінің керегесін кеңейту мақсатында қандай қадамдар жасалады?
2. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, демография мәселесіне қандай үлес қосасыздар?
3. Қоғамдық күш ретінде партия Шағын және орта бизнесті дамыту үшін не істей алады?
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы:

Үкімет басында «мэн сизди билмэймин!» дейтін шала қазақ шенеуніктер отырғанда, министрлер кабинеті қазақша сөйлемейді
1. Тілді дамыту мәселесі қазіргі бағдарламамызда жоқ. Алдағы бағдарламада болады. Біздің ең басты мақсатымыз – халық билігін орнату. Ол үшін халықтың бірлігі қажет. Бірлік үшін тіл керек. Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін дейді емес пе? Әрине, біз көпұлтты мемлекетпіз. Бірақ мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болуы керек. Өкінішке қарай, тіліміз көп саладан кенжелеп қалды. Тілге деген құрметті оятатын, оның қолдану аясын кеңейтетін нақты шаралар жоқтың-қасы. Бұны жүзеге асыратын жауапты мекемелер, соның ішінде министрліктер көңіл аудармай отыр. Керек болса, Парламент, Үкіметтің өзі қазақша сөйлемейді. Бізде мемлекеттік қызметкерлерге нақты талап қойылмаған. Мемлекеттік мекемелерде мемлекет қаржысын шығындап аудармашылар ұстаудың қажеті қанша? Оның орнына екі тілде жетік меңгерген мамандар отыруы тиіс. Біз осыны үнемі айтып келеміз. Сонда мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейер еді. Бұл партиямыздың бағдарламасында жеке қарастырылған мәселе. Әр ұлт өз тілін дамытуға құқылы. Оған қолдау білдіру міндетіміз. Өз кезегінде олар қазақ тіліне құрметпен қараулары керек. Мемлекеттік тіл туралы Ата заңымызда жазылған. Алайда билік өкілдері өздері белден басып отыр. Жоғарыда тілді менсінбейтін адамдар отырғанда ештеңе өзгермейді. Оларды түбірімен өзгерту қажет. Үкімет басында «мэн сизди билмэймин!» дейтін шала қазақ шенеуніктер отырғанда министрлер кабинеті қазақша сөйлемейді. Оны көрген кейінгі өскелең ұрпақ мемлекеттік тілді осындай деңгейде білсем жетеді деп ойлайды. Эталон санайды. Осы деңгейден аса алмайды. Бұл қалыптасып кететін құбылыс. Осымен күресу керек. Тілдер туралы заңға екі тілді білу міндет деген норма енгізу жайын қолға алатын боламыз.

Түскен пайданың барлығын тек әлеуметтік жағдай мен халықтың санын өсіруге жұмсау қажет
2. Бүгінде халықтың санын өсіру және әлеуетін арттыру үшін мемлекеттік маңызы зор орындарды – кен байыту, мұнай-газ саласын ерекше дамыту қажет. Бұл сала қарқынды түрде дамып келеді. Алайда, бұның барлығы жекенің қолында. Оны 100 пайызға мемлекет қорына қайтару керек. Қазіргі таңда бұндай алпауыттардың барлығын шетелдіктер басқарып отыр. Бүкіл қаржы шет елге кетіп жатыр. Ал бізге келіп жатқандары пайыздық үлес және салық арқылы ғана келеді. Оның өзі аз. Кәсіпорындардың барлығын Үкіметке қайтарып, қайтадан құрылымдау қажет. Түскен пайданы кәсіпорындарға да қарапайым халыққа да пайдалы болатындай жолын қарастыру маңызды. Оны тек әлеуметтік жағдай мен халықтың санын өсіруге жұмсау қажет. Өйткені, жеріміздің асты-үстіндегі күллі байлықтың бәрі халықтікі. Бәрі халықтың игілігіне жұмсалсын. Әлеуметтік төлемдерді жылдан-жылға пайызбен көтеру бос әурешілік. Ол нарық заңын қуып жете алмайды. Түскен пайданың бәрі осы мақсатта жұмсалуы тиіс. Әлеуметтік жағдай жақсармай халықтың саны өспейді. Біздің ойымыз осы.

Біз идеоялогиялық тұрғыда өте үлкен қолдау жасайтын боламыз
3. Біздің бағдарламамызда жазылған: «Біз социализмді қолдасақ та, капитализм заңдарын жүзеге асырамыз» деп. Біз осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыта аламыз. Бүгінде өздігінен жұмыс табушылар дегенді шығарып алдық. 2 млн. 700 адам бар екен. Бұларға қолдау жасау керек. Пайыздық үстемесі алты пайыздан аспайтын несие берсе, көп дүние жақсарар еді. Осы жолмен олар өздерін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекетке пайдасын тигізеді. Өзін зейнетақысын қамтамасыз етіп дегендей. Бүгінде осылардың 10-20 пайызы ғана өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Қалғандары өлместің күнін кешіп отырғандар. Бірі балық сатады, бірі тапқанын азын-аулақ тиынға сатады. Бұны өзін-өзі қамту деуге бола ма? әрине, жоқ! Ал Үкімет жұмыспен қамтыдық деп есеп беріп жатады. Шағын және кәсіпорын деп саналады. Бірі металл сынықтарын жинап күн көреді. Үкімет үшін бұның бәрі бизнес болып саналады. Ауылдың жайын өздерінің қалтасымен есептеуге болмайды. Біз шағын және орта бизнесті қолдаймыз. Бәрін халықтың өзі басқаруы тиіс. Ұлттық қордағы қаржы игілікке пайдаланылмайды. Дағдарысқа жұмсалатын қаржы емес ол. 2007 жылы бәрін дағдарысқа жұмсадық. Енді тағы келе жатыр сол дағдарыс. Соған жинап отырмыз ба бәрін. Біз әрине, қолдан келсе, бәрін реттеуге тырысамыз. Бірақ қолымыздан келетін күш бола ма деген ой туындайды. Біз идеологиялық тұрғыда өте үлкен қолдау жасайтын боламыз.
Әзірлеген – Бүркіт НҰРАСЫЛ

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/1058

Яндекс.Метрика