Home » "Коммунист Казахстана", № 43//13.12.2013 » Астанада 32 500 шаршы метр болатын үлкен мұз айдыны салынады

Астанада 32 500 шаршы метр болатын үлкен мұз айдыны салынады

Жаңа елордамызда жыл сайын қыс келісімен халық күнделікті серуендеп, бос уақытын көңілді өткізуі үшін бірнеше мұз қалашықтары, мұз айдындары салынады. Жаңа жыл жақындаған сайын адамдардың көңіл-күйі де көтеріліп, қысқы спорт түрлері шаңғы, коньки тебу, шанамен сырғанау секілді ойын-сауық түрлері сұранысқа ие болады. Сондықтан биыл да қыста қала тұрғындары үшін жалпы ауданы 32 500 шаршы метр болатын үлкен мұз айдыны салынады. Бұл ашық аспан астындағы мұз айдыны қала тұрғындары үшін қол жетімді болмақ.

Жалпы, Астанада әлемдік деңгейдегі талаппен салынған «Алау» спорт кешені бар. Онда конькимен сырғанау үшін барлық жағдай жасалған. Қасында «Астана-арена» футбол стадионы, Велотрек жабық кешені орналасқан. Бірақ оған келіп, спортпен айналысып, бос уақытын денсаулыққа пайдалы дене шынықтырулармен өткізіп жатқан халықты аз көресің. Мүмкін бұл кешендердің кіру ақысы қымбат па екен? Әлде қала орталығынан шеткерек орналасуынан ба?

Астана қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратынан хабарлағанындай, үстіміздегі жылы Алматы ауданындағы Ақбұлақ өзенінде жалпы ауданы 32 500 шаршы метр мұз айдынын салу көзделген. Астаналықтарға ыңғайлы болуы үшін айдында конькиді жалға алу және тамақтану орындары ашылады.

Аумақ биіктігі250 смшыны талшықтан жасалған 13 фигурамен безендіріледі, сонымен қатар, LED экран орнатылады, ал айдынның жұмысын ұйымдастыру үшін әкімшілік жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, Алматы ауданында мектептердің аумағында 9 корт: №5 мектеп гимназияда 2 корт, №27 мектепте 2 корт, №28, №30, №31, №32 және №53 орта мектептерде бір-бір корттан салынады.

Сонымен қатар, қала тұрғындарының демалысын ұйымдастыру үшін «Жерұйық» саябағында тағы да бір конькиді жалға алу орындары мен мұз айдынын салу көзделген.

Есіл өзенінің үсті мұз айдыны үшін таптырмайтын жер. Дайын сырғанау орны. Тек керекті спорт бұйымдарымен қамтамасыз етсе жетіп жатыр. Сосын шыңғы тебу үшін де ыңғайлы. Бірақ жыл сайын назардан тыс қала беретіні түсініксіз жәйт.

Бұрын балаларға арналып жыл сайын қаланың бірнеше жерінен мұз  қалашықтары салынатын еді. Өкінішке орай, әкімдіктің хабарламасында биыл бұндай ойын-сауық орындары салына ма, жоқ па, ештеңе айтылмаған. Бірақ жаңа жылды жылдағыдай жаңа мұз айдындары мен мұз қалашықтарында қарсы алатындығымызға сенеміз.

Аман Іргебай,

Астана 

Яндекс.Метрика