Home » "Коммунист Казахстана", № 43//13.12.2013 » Аулалардағы автокөліктер проблемасы өршіп тұр

Аулалардағы автокөліктер проблемасы өршіп тұр

Өткен сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында «Халықтық коммунистер» фракциясының мүшесі, депутат Тұрсынбек Өмірзақов ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовке сауал жолдады. Өз сауалында ол Үкімет басшысының назарын қалалардағы көп пәтерлі үйлер аулаларындағы автокөліктер проблемасына аударды.

«Автокөліктер тұрақтарға ғана емес, сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңдарына, көгалдарда, тұрғын үйлердің кіреберістеріне, жолдың көлік жүретін бөлігіне және тротуарларға қойылады. Сонымен қатар, түрлі бөгеттер мен жиектер олар үшін ешбір тосқауыл болып табылмайды. Тұрғындар осыған наразылық білдіруде.

Автокөліктердің аулаларда көптеп шоғырлануы коммуналдық қызметтер үшін, оның ішінде қоқыс шығару, «жедел жәрдем» машиналары, таксилер, аналардың бесік-арбалармен қозғалысы үшін күрделі проблемаға айналады. Өте қажет болған жағдайда тіпті өрт сөндіру машинасының да үйлерге жақын келуіне мүмкіндігі болмайды. Әкімдіктердің қар жинағыш техникасының аулалардан қар тазартуға мүмкіндігінің болмауы проблемасы жыл сайын асқындап барады.

Автокөліктердің аулаларда стихиялы түрде шоғырлануының негізгі себебі  аулалар маңында тұрақтануға арналған жерлердің жетіспеушілігі болып табылатындығы анық. Сонымен бірге көліктерін автотұрақ орындарына қоюға мүмкіндігі жоқ тұрғындармен қоса автотұрақта орны барлар да үйлердің ауласына машиналарын қойып кетеді. Бұл ретте қаладағы көптеген автотұрақ орындары жиі бос тұрады. Адамдар өз автокөліктерінің көз аясында болуын қалауы табиғи құбылыс, алайда, нәтижесінде олардың әрқайсысы қалаған жерінде көліктерін тұрақтандырады.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерінде автокөлікті тұраққа қою ережесі регламенттелген, оның күші сондай-ақ, аула аумақтарына да таралатынын атап өткен жөн. Автокөліктердің аулаларда көптеп шоғырлану проблемасының күшеюі тұрғын үйлер маңында автокөлікті тұраққа қоюдың жеке тәртібін әзірлеуді талап етеді», -дейді депутат Тұрсынбек Өмірзақов.

Жалпы, қалаларда автомашиналардың саны артуда және олардың аулаларда көптеп шоғырлануы проблемасы одан әрі өршіп келетіндігіне тоқталған ол, осыған байланысты:

– Автокөліктердің аулаларда көптеп шоғырлануы мәселесін шешу үшін қазіргі таңда қолданылатын шаралар туралы хабардар етуді;

– Тұрғын үйлер маңында автокөлікті тұраққа қоюдың жеке тәртібін әзірлеуді;

– Автокөліктерді тұраққа, оның ішінде балаларға арналған ойын алаңдарына, көгалдарға қою ережесінің орындалуын бақылауды күшейтуді, үй кіреберісінен автокөліктерге арналған тұрақтану орындарына дейінгі қажетті арақашықтықты регламенттеуді;

– Көп пәтерлі үйлер үшін тұрақтану орындарының қажетті санын реттейтін норматив әзірлеуді;

– Мемлекеттік қолдау көрсету шарасы арқылы қаланың жатын жер аймақтарында автокөліктердің тұрақтануына орындар мен гараждар құрылысын арзандату тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

Бек Әлиұлы,

Астана 

Яндекс.Метрика