Home » Атырауский обком, Партийная жизнь » Ауылға әлі де бетбұрыс қажет

Ауылға әлі де бетбұрыс қажет

Небір игі істерлік басында жүрген қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялыларының, танымал тұлғалардың көпшілігі ауылдың топырағында туып, өсті. Осындай ұлы адамдармен әңгіме өрбіткенде, олардың ауылға деген ықыласы ерекше екенін байқаймыз. Ал, бүгінгінің жастарына келсек, олар туып-өскен ауылына бармақ түгіл, ауыз толтырып айтарлық сөз таппайды. Неге, Осы жөнінде ой тарқатып көрелік.

Шынымен де, жастар жағы мектеп бітіріп, мамандық алу мақсатында жан-жаққа тарап кеткеннен кейін, ауылға қайта оралғысы келмейді. Себебі, төрт-бес жыл ата-анасынан жырақта жүріп, оқу орнын тәмамдаған соң мамандығв бойынша ауылдан жұмыс таппайды. Бұл-бір. Екіншіден, ауылдың экономикалық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Соның кесірінен жастар жағы ауылға бет бұрғысы келмейді.

Осы жайларды ескерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауылға жас мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын ұсынып, жастарға жағдай жасау жақтарын белгілеген болатын. Осы сияқты бұған дейін бір жылдары ауыл экономикасын түзетуге бағытталған «Ауыл жылдары» белгіленген болатын. Алайда, бұл мемлекеттік бағдарламалар негізінде жасалған жұмыстар көңілді көншітпейді.

Аймақтағы ауылдар арасында кемшіліктері мен мұндалап тұрған тұстары баршылық. Дәлірек айтқанда, әлі күнге дейін медициналық бөлімшесі жоқ, болса да білікті маманы жоқ ауылдар кездеседі. Тіпті, шалғайда мектепке бара алмай жүрген балалар да бар. Жайық өзені бойында тұрып, әлі де сол таза суға зәру болып отырған ауылдар барын көргенде көңіл құлазиды. Мұның бәрі басшылардың жоғарыға қағаз жүзінде ғана ақпар бергенінің әсері ме деп те ойлаймыз. Ал, шын мәнінде ауылдарға барып көрсек, көзге ұрып тұрған кемшіліктер байқалады.

Шалғайдың елді мекендерде кейбір мәселелердің шешілмегендігінен ауыл жастарының кәсіпкерлікпен айналысуына да үлкен кедергілер кездесіп отыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында тиісті органдарды өткір сынға алған ел Президентінің сөзінің астарында осы мәселелер де жатыр. Сондықтан, құзырлы органдар осы олқылықтарды жоюға жұмыстануы керек.

 

Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы

Атырау облыстық филиалының

бірінші хатшысы

06.12.2013ж.

Яндекс.Метрика