Home » "Коммунист Казахстана", №31//20.09.2013 » Қазақстан 2025 жылға қарай мұнай экспорттауда ең жоғары деңгейге жетеді

Қазақстан 2025 жылға қарай мұнай экспорттауда ең жоғары деңгейге жетеді

Tаяуда Үкімет отырысында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасын таныстырды.

Құжат бойынша, Қазақстан 2025 жылға қарай мұнай экспорттауда ең жоғары деңгейге жетеді.  Сонымен қатар ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қазақстанда бір ғасырдай уақыт бойы өндіріліп келе жатқан көмірсутек ресурстарының кейбір көрсеткіштеріне тоқталды. «Мемлекет 2020 жылға қарай мұнай экспортын барынша азайтып, ішкі тұтынуды толық қамтамасыз ете алады. Қазақстандық мұнай экспортының 90 млн. тоннаға тең ең жоғары деңгейі 2025 жылы болады деп күтілуде», – деді.

Ұ. Қарабалиннің атап өтуіне қарағанда, мұнайды сыртқы нарықтарға тасымалдаудың негізгі экспорттық бағыттары ретінде КТК, Атырау-Самара, Қазақстан – Қытай мұнай құбырлары болады деп болжануда. Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда жеңіл өндірілетін мұнай кезеңі аяқталуға жақын. Кен орындарын іздестіру мен игерудің бүгінгі үдерісі белгілі жағдайлардың күрделенуіне, барлық шығыс түрлерінің өсуіне байланысты болып отыр.

Оның атап өтуінше, жалпы алғанда әлемдік мұнай бағалары өсуге бейім. Соңғы 10 жылдың ішінде мұнай бағалары үш еседен жоғары өскен. Әлемдік рецессия басталған 2008 жылдан бері екі есеге артқан екен.

«Бұл үдерістер мұнай өнімдері мен мұнай химиясының құнына әсерін тигізіп отыр», – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанның қатты пайдалы қазбалар қорының 80 пайызы кеңес заманында зерттеліп, есепке алынды.

Қазақстанның бәсекеге анағұрлым қабілетті шикізат базасына марганец және хромит өнеркәсібі ие екенін атап өткен Ұ. Қарабалин: «Сонымен қатар қатты пайдалы қазбалар бойынша диалогиялық базаның 80 пайызы кеңес уақытында зерттеліп, есепке алынды. Қаржыландыру мәселелері жер қойнауын озық зерттеуге бөгет жасап отыр», – деді.

Министрдің атап өтуінше, қазіргі уақытта негізінен монотехнологиялар пайдаланылуда. Кешенді концентраттарды алу мен қайта өңдеу технологияларына қарай жүйелі жылжу байқалмайды.

Отырыста ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин аталған құжат жобасының 8 басым мақсатын атады. Бірінші мақсат – табиғи ресурстарды одан әрі зерттеу, жаңа кен орындарын іздеу мен оларды есепке алу, екіншісі жоғары әлемдік сұранысты мемлекет мүдделерінде пайдалану үшін табиғи ресурстарды өндірудің және оларды әлем нарығына шығарудың қарқынын арттыру болып саналады. Үшіншісі – ішкі нарықты жаңа экономикалық стандарттарға сәйкес отандық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету. Төртіншісі – шетелдік инвестицияларды шиікзатты өндіру мен қайта өңдеудің заманауи технологияларына қолдану, сондай-ақ жаңа өндірістерді құру шартымен ғана тарту үшін жағдай жасау. Ұ. Қарабалиннің атап өтуінше, бесінші басым мақсатта балама энергия түрлерінің өндірісін дамыту қарастырылады. Ал алтыншысында өндіруші кәсіпорындардың тек қана экологиялық зияны жоқ өндірістерді енгізуі көзделеді. Жетінші мақсат- көмірсутек шикізатының стратегиялық қорын құруға басымдық берілу. Ал соңғы басым мақсатта шикізат секторынан түскен табыстарды оңтайлы басқару қарастырылған.

Ал еліміздің мұнай өндірісіне Қашағанның қоспақ үлесі жылына он бір миллион баррель болмақ.

Жалпы, мұнай ел бюджетінің қомақты бөлігі екені рас, бірақ ол да таусылады. Сондықтан болашақ шикізатқа тәуелді емес экономикада.

 

Тұрсын Бекұлы,

Астана

Яндекс.Метрика