Home » Алматинский горком, Аналитика, Партийная жизнь » Қазақстанға Кеден одағы керек пе?

Қазақстанға Кеден одағы керек пе?

Бұл сұраққа үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берушілер әлемнің қазіргі ауқымдану кезеңіндегі әрбір елдің экономикасы мен ішкі рыногына қойылатын заман талабын ескермей отыр. Олар маңызды әрі күрделі мәселеге үстірт қарап, және өзерінің бұл ұстанымын саяси спикуляцияның негізіне алып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ұмтылуда. Мұның дәл осындай екенін дәлелдеу аса күрделі әрі қиын шаруа емес. Ол үшін Қазақстанның жағырапиялық орналасу мен оның аямақтағы геосаяси жағдайының сипаты және экономикалық ықпалдасудың қазіргі кезеңдегі маңызы жөнінде аз-кем сөз қозғаса жеткілікті.

Қазақстанның Кеден одағына қосылғанын қаламайтындар Ресейдің империяшыл пиғылынан қауіптенеді. Олар бұл елмен ықпалдасудың қандай түрі болмасын, түбінде Тәуелсіздігімізді жоғалтуға апартын жол деп санайды. Кедендік одақтың құрылуынан Қазақстан егемендігінен айырылады деп қауіптеніп жүргендерге жауап ретінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін келтіруге болады. «Еуразиялық ықпалдастық дегенде келмеске кеткен КСРО болу мақсаты көзделмеген және мұндай мақсат көзделмейді де. Бұл ретте, бұл одаққа мүше елдердің барлығының көзқарасы анық. Еуразиялық ықпалдастық – бұл біздің үшінші жаһандық индустриялық революцияның қауіп-қатері алдындағы стратегиялық басымдығымыз. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері өздерінің жеке ұлттық мүдделері бар тәуелсіз мемлекет болып қала беретіні анық». Бірақ, бұл сөзге сенбейтіндер де табылады. Мейлі, олай болса, бұл мәселені әзірге шетке ысыра тұрып, таза экономикалық тұрғыда ықпалдасуға қатысты сұрақты басқаша қойып көрелік: «Қазақстанның Еуропалық одаққа қосылғанын қалайсыз ба?». Сөз жоқ, бұл сұраққа Кеден одағына қарсылар «иә» деп жауап берген болар еді. Бұдан екі нәрсе шығады. Біріншіден, Кеден одағына қарсылар, яғни экономикалық ықпалдастыққа бұрын қарсы болғандар Еуропалық одақ негізіндегі тура сондай экономикалық ықпалдастыққа келгенде оған қарсы емес – әлемдік экономиканың ауқымдану процесінен туындап жатқан заман талабын мойындайды. Екіншіден, олар тағы да Қазақстанның жағырапиялық және геосаяси жағдайын есепке алмай отыр. Мұны басқаша айтсақ, Қазақстанның Еуропалық одаққа қосылу мүмкіндігі орындала қоймайтын арман – утопия екенін түпкілікті сезіне бермейді. Осы ретте Еуропалық одаққа қосылуға құлшыныс танытып отырған Түркия мен Украинаны мысалға алайық. Екі елде жағырапиялық орналасуы бойынша Еуропалық одақпен шекаралас жатыр. Яғни, Қазақстанға қарағанда олардың ықпалдасу мүмкіндігі анағұрлым зор. Дегенмен, қанша талпынса да екі елді де Еуропалық одақ өзіне қосып алуға құлықты емес. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Еуропалық одақ өзіне кейінірек қосылған шығысындағы постсоциалистік және посткеңестік кейібір елдерді «сіңіріп» бола қойған жоқ. Ол елдердің экономикалық жүйесі Еуропалық одақта жетекші рөл атқарып отырған Германия, Франция сияқты Батыс Еуропа елдерінің экономикасына кірігіп, өзара бітеқайнасып үлгермеді. Түркия мен Украина халқының саны бойынша ірі мемлекеттердің қатарына жатады. Үлкен

елдердің ішкі саяси-экономикалық-әлеуметтік проблемалары да ауқымды. Сондықтан Түркия мен Украинаны одаққа қоспай отыр. Екіншіден, Еуропалық одақтың қазіргі ауқымы тиімді экономикалық саясат жүргізуге жеткілікті. Ішкі ортақ рынокты, тұтас экономиканы бұдан әрі үлкейту оларға тиімді емес.

Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, әлемдік ауқымдану процесі кезінде экономикалық ықпалдасудың қажет екенін, оған мүмкіншілгі бар барлық елдердің мүдделі екенін көреміз. Олай болса, Қазақстанда бұл үрдістен шеткері қала алмайды. Бірақ Қазақстанға Украина сияқты бірнеше таңдау берілмеген. Кезінде күн тәртібіне қойылған Орталық Азия одағына ықпалдасудың жобасы нәтижесіз аяқталды. Қазір бұл мәселені қайта көтеру мүмкін емес, оңайшылықпен шешіле қоймайтын проблемалар тым көбейіп кетті. Орталық Азия одағы да Қазақстанның Еуропалық одаққа қосылу сияқты орындалмайтын қиялға айналып бара жатыр. Күн санап күшейіп келе жатқан Қытайдың экономикалық экспансиясына Қазақстаның өз бетінше төтеп беруі қиын. Бұл қауіп те күн санап күшейіп келеді. Осындай жағдайда Қазақстанға солтүстік бағыт бойынша экономикалық ықпалдастық жасау қажеттілігі туындап отыр. Геосаяси тұрғыда Қазақстанның Ресеймен ықпалдасудан басқа таңдауы жоқ. Бұған қоса Қазақстанның экономикасы мұнай-газ, тау-кен өндірісіне және оның экспортына тәуелді екені белгілі. Ал бұл өнімдерді экспортаудың негізгі бағыты Ресей жерімен өтетінін де есте ұстаған жөн. Сондықтан Ресеймен экономикалық ықпалдасудың стратегиялық маңызы басым.

Ал «Ресеймен ықпалдасу Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіпті» деген сөздің негізі «бар» деп те, «жоқ» деп те кесіп айта алмаймыз. Себебі, «былай болса, оның аяғы осындай болады» деген теория жоқ. Одан гөрі Қазақстанға жаһандық индустриялық революцияның қауіп-қатері айқын. Оның есігімізді қағып тұрған жайы бар. Сондықтан Кеден одағының экономикалық мүдде тұрғысындағы пайдасы мен зиянын екшеген, сол жөнінде талқылау жасаған жөн.

Ең алдымен кеден одағының не екенін және не үшін құрылатынын анықтап көрейік. Кеден одағы – бұл екі немесе одан да көп мемлекеттің өзара саудадағы кедендік баждарды жою туралы келісімі, яғни үшінші мемлекеттердің экономикалық экспансиясынан қорғанатын ұжымдық протекционизмнің түрі. Кеден одағы аясында бірыңғай кедендік аумақтың құрылуы қарастырылады. Әдетте, Кеден одағына мүше елдер келісілген сыртқы сауда саясатының жүргізілуін үйлестіретін мемлекетаралық органдарды құрады. Іс жүзінде ұлттық органдардан жоғары тұратын органдары бар мемлекетаралық ықпалдасуы, интеграциясы пайда болады. Қазақстанның жағдайына келсек, ол мүше болған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Кеден одағы – Беларусь, Қазақстан мен Ресейдің бірлескен сауда-экономикалық интеграциясының нысаны. Ол бойынша ортақ кедендік аумақ құрылып, оның шеңберінде жасалатын өзара саудада кедендік баждар мен экономикалық сипаттағы шектеулер қолданылмайды. Бірақ бұған арнайы қорғайтын, демпингке қарсы және өтеу шаралары жатпайды.

Бастапқыда Кеден одағының құрылуы және оның ережелері Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ережелеріне сәйкес келмеуі мүмкін деген болжам айтылған болатын. 2011 жылдың қазанында Кеден одағының комиссиясы Кеден одағы шартының барлық нормаларын ДСҰ нормаларына сәйкестендірді. Сонымен қатар, ДСҰ-ға мүше болып кірген жағдайда оның нормаларының Кеден одағының нормаларынан басым болатыны туралы шешім қабылданды. 2012 жылғы тамызда Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Ресейдің бұл ұйымға кіруі Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуын шектемейтінін көрсетеді. Бұл Кеден одағы өзінің мүшелерін басқа халықаралық ұйымдардан оқшауламайтынын білдіріп тұр.

Кеден одағына бірігудің негізгі мәні – одаққа мүше мемлекеттердің ішіндегі кедендік тосқауылдардың болмауында. Және кез келген сырттан келетін тауарға, оның қай елге тасымалданатынына және ортақ шекараның қай жерінен өткеніне қарамастан бірыңғай кедендік талаптың қалыптасуында жатыр. Болашақта бірыңғай көлік, энергетикалық, ақпараттық кеңістік құрылып, өзары ықпалдасу процестері жеделдетіледі. Толыққанды ортақ рынок қалыптасады, ұлттық экономикалар біртұтас болып бірігеді.

Сарапшылардың болжамы бойынша, 2015 жылға қарай Қазақстан мен Беларусь Кеден одағының құрылуынан әрқайсысы 16 млрд доллар көлемінде, ал Ресей 400 млрд доллар шамасында пайда алады (мұндай өзгешелік әрбір елдің эконикасының көлеміне байланысты болып отыр). Кедендік одақ оған мүше елдердің экономикалық дамуына ықпал етіп, жалпы ішкі өнімнің тағы да 15 пайызға өсуіне жағдай жасайды. Тауарларды экспорттаған кезде қосымша құн салығының нөлдік мөлшерлемесі (немесе экспорт екені құжат жүзінде расталған жағдайда акциздерді төлеуден босату) қолданылады. Бұл көбіне энергетикалық шикізатты экспорттайтын Қазақстан экономикасына өте тиімді.

Кеден одағының қызмет ете бастағанына көп болмаса да, оның артықшылықтары байқалып жатыр. Біріншіден, одаққа мүше мемлекеттердің шекарасын бұзбайтын бірыңғай кеден аумағы құрылды. Екіншіден, Кеден одағы аумағында тиісті құжаттардың болуы шартымен шетелде немесе өз жерінде жасалған тауарларды баж төлеместен алып өтуге болады. Үшіншіден, кедендік тосқауылдардың жойылуына байланысты үш мемлекеттің арасындағы өзара сауда айналымы артты. Төртіншіден, декларацияларды ұсыну мерзімі 15 күннен төрт айға дейін ұзартылды. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына өте пайдалы. Бесіншіден, тауарларды еркін айланысқа шығарудың нормативтік мерзімі айтарлықтай қысқартылды. Тарифтік емес реттеу, яғни сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан лицензиялар, рұқсаттар талап етілмейтін болды, квоталармен шектеу жойылды.

Сарапшылардың пікірінше, Кеден одағы Қазақстан үшін экономикалық тұрақтылықтың кепілі болады. Қазақстанның отын-энергетика өнімдерін өткізу рыноктары айтарлықтай кеңейді. Құлдырауға ұшыраған шарап жасау, жеміс-жидек өсіру, ауылшаруашылығы сияқты салаларды қайтадан дамытуға мүмкіндік туды. Капитал мен жұмыс күшінің сырттан келуіне қолайлы

жағдай жасалады. Кедендік одақ ішіндегі кәсіби бәсекелестіктің жоғарылауы жалпы экономиканың даму серпініне жағымды әсер етеді. Осындай дәйектерді таразыласақ, Қазақстанның Кеден одағына қосылуы бүгінгі заманның талабынан туындап отырғанын және оның экономикалық әрі саяси стратегиялық маңызды бағыт екенін көреміз.

Санжар Арысов, Алматы

Яндекс.Метрика