Home » Партийная жизнь » Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Республикалық сайлауалды штабы таныстырылды.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Республикалық сайлауалды штабы таныстырылды.

Бүгін, 2011 жылдың 21-желтоқсанында Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының республикалық сайлауалды штабының тұсау кесері өткізілді. Жиналған қауымға штабтың жұмысы таныстырылды. Шараға Бұқаралық ақпарат өкілдері, халықаралық байқаушылар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, штаб мүшелері мен белсенділері қатысты. Штаб салтанатты түрде безендірілген және шара кеңес одағы заманының әуенімен сүйемелденді.

«Штаб қызметкерлері белсенді түрде жұмыс атқаруда. Жаңа технологияларды кеңінен қолдануға тырысып жатырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», сондықтан барлығымыз бірігіп бір мақсатта қызмет етудеміз. Өз ісіміздің тасын өрге домалатамыз деген ойдамыз», – деп республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Төлеш Кенжин салтанатты түрде жиынды ашты.

Орталық комитет хатшылары Владислав Косарев пен Жамбыл Ахметбеков орталық және облыстық штабтардың жұмысы туралы баяндап, партияның алдағы уақытта өткізбек шаралары жөнінде мәлім етті.

Күнделікті облыстық комитет хатшылары үгіт-насихат шараларының жүргізілу барысы жөнінде құлағдар ете отыра, өңірлерде атқарылған жұмыс туралы скайп арқылы есеп береді. Жиын барысында да БАҚ назарына аталмыш жұмыс ұсынылып, Жамбыл облысымен байланыс орнатылды. Аймақтық комитет өз кезегінде өңірде жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайын ортаға салып, үміткерлерге алдағы сайлауда сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, салтанатты ашылу рәсімінде үгіт-насихат поездарының құрылғандығы және олардың қозғалыс кестесі жайында ақпарат беріліп, штабта қызмет етіп жатқан баспасөз орталығының жұмысы таныстырылды.

ЕЫҚҰ сайлауды байқаушылар миссиясының мен БАҚ өкілдерін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қызықтырды. Бұл ретте партияның жұмысына тосқауыл қою фактілері жөнінде журналисттер тарапынан сұрақтар қойылды. Аталмыш мәселеге ҚКХП ОК хатшысы Жамбыл Ахметбеков нақты тоқталып кетті: «Алматы қаласындағы біздің үгітшілеріміздің басым бөлігі студенттер. Олар қолдан-қолға плакаттар, күнтізбелер мен үнпарақтарды таратқанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды тоқтатып, аты-жөндерін жазып алып, қай жерде оқитынын анықтаған. Оқу орындарына хабарлап, өз кезегінде келеңсіз жағдайларға әкелді. Себебі, кейбір жоғарғы оқу орындарының басшылары студенттерді оқудан шығарамыз деп қорқытқан. Мұндай фактілерді біз жедел түрде Сайлау кормиссиясына жіберіп жатырмыз. Тиісті шаралар қолданылатын шығар».

Айта кететін жайт, аталмыш фактіні Алматы қаласының прокуратурасы жоққа шығарғаны белгілі. Сондықтан орын алған оқиғаны дәлелдеу мәселесі біраз қиыншылық тудыруда. Сонымен қатар, еліміздің өзге өңірлерінде туындаған қиыншылықтар да назардан тыс қалмады. «Қарағанды

қаласында үгіт-насихат билбордтарын орналастыратын кәсіпорын біздің билбордтарды ілуден бас тартып отыр. Өздерінің бұл амалын жергілікті әкімдіктің бұған рұқсат бермегендігін айтып түсіндірді. Сондай-ақ, Орал қаласында да келеңсіз жағдай орын алды. Тәуелсіздік күні гүл шоқтарын қоюға келген партиямыздың өкілдерін тәртіп сақшылары қызыл жалауларды көрісімен қудалаған», – деген Владислав Косарев туындаған тағы бір түйінді мәселеге тоқталды. «Орталық сайлау комитеті бізді тек желтоқсанның 15 күні ғана тіркеді. Осы себептен, біздің шотты ашуға мүмкіндігіміз болмады. Бұл мәселе біздің бүкіл жұмысымызға қолбайлау болды. Үгіт-насихат жұмыстарының алғашқы күнінде біз қажетті төлемдерді жасай алмадық. Жұмыс тоқтап қалды. Сол себептен біз өзге саяси партияларға қарағанда үгіт-насихат жұмыстары бойынша сәл артта қалып жатырмыз», – деп өз ойын өрбітті Косарев мырза.

Штабтың ашылу салтанатына жиылған қауымға естелік сыйлықтар табыс етіліді. Шараның соңында партия атынан ҚР Парламенті мәжілісіне үміткерлердің санына тең 21 шар ұшырылды. Айта кететін жайт, ҚКХП атынан республика бойынша аудандық мәслихаттарға – 50, қалалық деңгейде – 48, облыстық мәслихаттарға 20 кандидат саяси тартысқа түсіп отыр. Бүгінгі күні партияның жалпы белсенділер саны 18 000-ға жуық.

ҚКХП Баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика