Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Елеміздің ең ұлы, ең маңызды мерекесі бұл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің түпкі мақсатының орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін бұдан 22 жыл бұрын жариялаған болатын. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі.

1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады.

ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы Елнұр Бейсенбаев:

– Осы жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанына 22 жыл толып отыр. Бұл үлкен мейрам. Біз Коммунистік халық партиясының атынан бүкіл қазақ елін мейрамымен құттықтаймыз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Менің айтарым Тәуелсіздік деген мемлекеттік шекарасын жариялау емес, Тәуелсіздік дегеніміз әр азаматтың жүрегінен тәуелсіз күштің, тәуелсіз жігердің шығып тұруы. 22 жылдың ішінде біз көптеген жетістіктерге жеттік, дегенмен әлі де асар асуларымыз, жетер жетістіктеріміз көп деп ойлаймын. Сол себепті біздің партиямыз әрі қарай аянбай қызмет ете беретін болады.

Вячеслав Артемьев, АҚК Ардагерлер кеңесінің төрағасы:  

– Барлық Қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Өсе берейік, өне берейік, әрқашан күліп, жақсы көңіл күйде жүрейік. Мемлекетіміз әрі қарай жасай берсін, еліміз гүлденіп, тәуелсіздігіміз берік болсын. Барлық отбасыларға махаббат, тыныштық тілеймін, балаларымыз және  немерелеріміз құрметтеуден жалықпасын.

Алматы қалалық комитетінің баспасөз хатшысы

Әзімхан Гүлнұр 

Яндекс.Метрика