Home » "Коммунист Казахстана" » «Қазақстан» телеарнасы қыркүйектен бастап толығымен мемлекеттік тілде хабар таратады

«Қазақстан» телеарнасы қыркүйектен бастап толығымен мемлекеттік тілде хабар таратады

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» телеарнасына биылғы жылдың қыркүйегінен бастап хабар таратуды толығымен мемлекеттік тілге көшіруді тапсырды.

«Тілдерді дамытуда БАҚ рөлінің маңызы өте жоғары деп білемін. Мысалы, бүгінде балаларға арналған «Балапан» телеарнасы қазақ тілінде хабар таратуда. Мен «Қазақстан» телеарнасына биылғы жылдың қыркүйегінен бастап хабар таратуды толығымен мемлекеттік тілге көшіруді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы кеше Ақордада республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Н. Назарбаев сұхбат беру барысында мемлекеттік тілді дамытудың маңызды міндет болып табылатынын айтты. «2009 жылғы деректер бойынша, мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 64,4 пайызға дейін көбейген. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақстандықтардың саны 95 пайыздан кем болмауға тиіс. Бүгінде Қазақстанда оқыту үдерісі қазақ тілінде жүргізілетін 1178 балабақша мен орталықтар жұмыс істейді. Мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің саны 3821-ге жеткен. Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды», – деді Президент.

Президент қазақстандықтарға кемінде үш тілді – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерудің қажет екенін атап айтты. «Үш тілді білу біздің болашағымыз үшін қажет. Әлем барған сайын жаһандана түсуде, келешек ұрпаққа үлкен тілдік орталарға бейімделе білудің маңызы зор», – деді Н. Назарбаев.

Н. Назарбаев ресми түрде сайлауалды үгіт шараларын жүргізбейтінін мәлімдеді

Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін қажетті барлық жағдай жасалатынын атап айтқан Н. Назарбаев: «Мен ресми түрде сайлауалды үгіт шараларын жүргізбеймін. Менің сайлауалды бағдарламам – «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауым мен «Нұр Отан» партиясы съезінде сөйлеген сөзім. Мен референдум өткізу туралы бастама көтерілген желтоқсан-қаңтар айларында өз қолдарын қойған бес мыңнан астам қазақстандықтардың қолдауын анық сезінемін. Осы орайда Президент барша қазақстандықтарды 3 сәуір күні міндетті түрде сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырды.

Қоғам қайраткерлері бастама көтерді

Елорда да республикалық қоғамдық комиссия құрылды. Ол кезектен тыс президенттік сайлауды бақылап отырмақшы.

Жақсылар мен жайсаңдарды жинаған комиссия мүшелері зиялы қауым өкілдерінен құралған. Оның құрамында Мұхтар Әуезов, Досмұхамет Нұр-Ахмет, академик Төрегелді Шарманов, жазушы Смағұл Елубай, режиссер Игорь Вовнянко, жазушы-драматург Дулат Исабеков, «Сарапшы-журналистер» клубының төрағасы Ғаділбек Шалахметов, «Айт-парк» пікірсайыс клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры» ҚҚ вице-президенті Айдос Сарым, «Думан» мәдени-ойын сауық кешенінің бас директоры Патима Матжанова бар. 
Қоғамдық комиссияға 2 тең төраға сайланған. Оның бірі – Т.Шарманов, екіншісі – Н.Ерімбетов. 
– Комиссия мүшелері сайлауалды және сайлау барысы іс-шараларына бақылау жасап, қандай да бір құқық бұзушылықтарға тосқауыл қояды. 
Біз сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында әкімшілік ресурстардың пайдалану-пайдаланбауына, оның әділетті өтуіне, оқу уақытында мектеп оқушылары мен студенттердің көпшілік көріністер үшін пайдаланылмауына, сайлау комиссияларына барлық партия өкілдерінің енуі мен сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығына назар аударуды да өз мойнымызға алып отырмыз. Комиссия мүшелерінің басым бөлігі ешқандай партияның мүшесі болып табылмайтындықтан және билікке қатысы болмағандықтан, президенттікке үміткерлердің ешқайсының мүддесін қорғамайды. Бізге керегі әділ әрі ашық сайлау», – деді жиында қос төрағаның бірі Н. Ерімбетов. 

Ақпан айында азық-түлік бағасы 13 пайызға өскен

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, 2011 жылғы ақпанда 2010 жылдың тиісті аймен салыстырғанда баға жармаға 78,7, жемістер мен көкөністерге – 28,7, май және тоң майға – 22,2, қантқа – 15,9, кофе, шай және какаоға – 11,1, кондитерлік өнімдерге – 8,9, ұнға және сүт өнімдеріне – 8,8, тоқаш пен ұн өнімдеріне – 7,6, жұмыртқаға – 5,1, алкогольді ішімдіктерге – 4,5, макарон өнімдеріне – 3,3, нанға 2,6 пайызға өсті.

Аталған кезеңде ет (ет өнімдерін қоса) бағасының өсімі 15,2 пайызды құрады. Қой етіне баға деңгейі 15, шұжық өнімдеріне – 10,6, құс етіне – 10,4, жылқы етіне – 8,7, шошқа етіне 7,5 пайызға жоғарылады

 

Қарағанды облысында қамқоршы апалар қызметі құрылды

Қарағанды облысында қамқоршы апаларқызметі құрылды. Олар сәтсіз отбасылары мен ауыр жағдайларға душар болған балаларға реабилитациялық көмек көрсетпекші, деп облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қамқоршы апалар отбасыларға жеке бақылау жүргізіп, отбасындағы бақытсыздық себептерін анықтап, қажет құжаттарды толтыруда көмектесіп, кеңес пен консультация беріп, психологиялық көмек көрсетеді. Бұл қызметке тек жоғарғы білімі мен педагогикалық жұмыс тәжірибесі барларды ғана алады. Облыста осындай апалар саны 33. Қарағандыда – 15 адам», – деп ведомство баспасөз қызметінен сейсенбі күні хабарлады.

«Қамқоршы апалар жалақысы айына 20 сағаттық жұмысы үшін 14 мың теңге», – деді ІІД баспасөз қызметінен.

Полицейлердің айтуынша, жоба пилоттық. Жоба мақсаты тек қана балаларды әлеуметтік-психологиялық қалпына келтіру емес, сонымен қатар қоғамның да Қарағанды облысындағы жас өспірім қылмысына, қараусыздық пен баспанасыздық проблемасына назарын аудару болып табылады.

Жобаны құру идеясы облыстық ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы мен «Гендерлік ақпараттық-талдама орталығы» ҚБ-нің бастамасымен «Бота» қорының қолдауымен болды.

Пилоттық жобаны Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Шахтинск, Абай қалалары мен Осакаровка кентінде жүзеге асырмақшы. Гендерлік ақпараттық-талдама орталығы» ҚБ қызметкерлері Қарағандыда қамқоршы апаларға үйрету семинарын өткізіп, келешекте осындай семинарларды басқа да қалаларда өткізбекші.

Яндекс.Метрика