Home » "Коммунист Казахстана" » Қазақстанда адамды клондағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Қазақстанда адамды клондағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Қазақстанда адамды клондағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне гендік-инженериялық қызметті мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына осындай түзету енгізіледі.

“275-2 бап: адамды клондау 2 жыл мермізге белгілі бір қызметті атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырумен немесе онсыз үш жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады”, – делінген жұма күні мәжілісте таныстырылған заң жобасында.

Заң жобасын жасаушы – білім және ғылым министрлігінің нақтылауынша, осы қылмысты топтасып, алдын ала сөз байласып (немесе ұйымдасқан топ) жасау 3 жыл мермізге белгілі бір қызметті атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырумен немесе онсыз 4-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Мәжіліс депуттары: Байқоңырдың жалға беру ақысын көтеру керек!

Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру ақысын көтеру қажет. Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының есебін тыңдаған Мәжіліс депуттары осындай бастама көтерді.

Байқоңырды 1994 жылдан бері жалға алып келе жатқан Ресей тарапы жылына 115 млн. доллар төлеп келеді. Алайда «Роскосмос»  осы 17 жыл ішінде коммерциялық ұшырылымдар санын әлдеқайда көбейтіп, жылына кемі 1 млрд доллар пайда тауып отыр дейді депутат Серік Темірболатов. Оның үстіне осы ұшырылымдардың  кесірінен табиғатқа келіп жатқан зиян да шаш етектен. Алайда Агенттік төрағасы бұл мәселе «құзыретіме жатпайды»деп жауап беруден бас тартты.

Серік Темірболатов,Мәжіліс депутаты:

115 млн доллар мардымсыз ақша. Саны көбейген ұшылымдардың экологиялық зардабының өзі артып барады. Егерсіз құзыретті органның өкілі ретінде жалға беру сомасын көтеруді айтпасаңыз, сонда кім көтереді,бұл мәселені? Сондықтан сізбен мүлдем келіспеймін.

Ғарыш айлағын жалға алуға қатысты Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімді Парламент былтыр мақұлдаған болатын. Оған сәйкес, Байқоңырды әлі 39 жыл Ресей пайдалана бермек. Жалпы, Мәжілістегі бүгінгі Үкімет сағатында депутаттарды тағы алаңдатқан мәселе Қазсат-2 -нің қауіпсіздігі мен соңғы 7 жылдан бері жасалып жатқан Бәйтерек кешенінің жұмысы. Себебі, Бәйтерек жобасының құны осы уақыт ішінде  бес есеге қымбаттап кеткен. Алайда Агенттік төрағасы депутатарды қазір қадағалау күшейіп, бұл кешендер құрдымға кеткен  «Қазсат-1-дің»  тағдырын қайталамайтынына сендірді.

НАН БАҒАСЫ 10 ТЕҢГЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ

Павлодарда нан қымбаттап кетті. Бір күннің ішінде ас атасының құны он теңгеге шарықтап шыққан. Қымбатшылықты жасап отырған Павлодар нан өнімдері комбинаты. Мамандардың айтуына қарағанда, бағаны өсіруге ешқандай негіз жоқ. Өйткені ұн бағасы да бұрынғы қалпында.

ӘЙГЕРІМ АСЫЛХАНОВА — ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
«Кәсіпкерлік бөлімі „Павлодар нан өнімдері“ ЖШС-не арнайы хат жазды. Ресми жауапта олар жауап беруге дайын емеспіз деп көрсеткен».

Дегенмен, халықтың басым бөлігі тұтынатын әлеуметтік нан бағасы бұрынғыша сақталып отыр. Сондықтан, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мамандары қандай да бір шара қолданудан бас тартты. Ал, «Павлодар нан өнімдері комбинаты» қаланың 70 пайызын нанмен қамтамасыз етіп отырған мекеме. Айта кетейік, қалада соңғы екі аптаның ішінде сүт, жұмыртқа, тауық еті секілді өнімдер бірінен соң бірі қымбаттап кетті. Ал, нанның бір күн ішінде он теңгеге шарықтап кетуін, мамандар жанар-жағармай бағасының қымбаттауымен байланыстырып отыр.

Қазақстанда ғылым саласында жыл сайын берілетін сыйақылар тағайындалды

Қазақстанда ғылым саласында жыл сайын сыйақылар және мемлекеттік ғылыми стипендиялар берілетін болады.

Оның ішінде Қаныш Сәтпаев атындағы сыйақы жаратылыс тану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін берілмек, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйақы гуманитарлық саладағы үздік ғылыми зерттеу үшін; Ыбырай Алтынсарин атындағы сыйақы педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін, Күлтегін атындағы сыйақы түркітану саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін.

Екі сыйақы жас ғылымдарға арналған, оның ішінде Дінмұхаммед Қонаев атындағысы жаратылыс тану ғылымдары саласындағы үздік жұмыс үшін және Мұхтар Әуезов атындағысы гуманитарлық саладағы үздік жұмыс үшін.

Александр Бараев атындағы үш сыйақы (бірінші, екінші және үшінші) аграрлық саладағы үздік ғылыми зерттеу жұмыстары үшін белгіленген.

Сонымен қатар 75 мемлекеттік ғылыми стипендия белгіленген, оның ішінде 50-і 35 жасқа дейінгі дарынды жас ғалымдар үшін.

Шешен-ингуш орталығы Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынбақ

Алматыдағы Шешен-ингуш орталығы Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынбақ. Бастаманың авторы Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыров көрінеді.

Орталық алдағы аптада барлық мәдени орталық басшыларының басын қосып, осы тақырыпты талқылауға бекініп отыр. Форумға қатысушылар арнайы қарар қабылдап, құжатты ел Парламенті мен Нобель комитетіне жолдамақ.

ӘБУ-ҚАСЫМ ХАЖАЛИЕВ — “ДАЙМОХК” ШЕШЕН-ИНГУШ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

“Ол расында өте ұлы адам. Оның Қазақстан Республикасы мен өз халқына қаншама игілік пен жақсылық жасағанын айтпағанда, біздің халыққа да шарапаты мол тиді. Сондықтан бұл жақсы бастаманы біздің Шешен Республикасы басшысының көтергенін мақтан тұтамын”.

Шешен-ингуш халқы Қазақстан басшысын жоғары бағалайды. Грозный қаласындағы орталық көшелердің бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады. Естеріңізге сала кетейік, Н. Назарбаевты Нобель сыйлығына бұған дейін алыс жақын шетелдердегі қоғамдық ұйымдар мен жекелеген тұлғалар да ұсынған болатын.

Яндекс.Метрика