Home » СМИ о КНПК » Бала-бақша ашу үшін берілетін лицензияны алып тастаған дұрыс па?

Бала-бақша ашу үшін берілетін лицензияны алып тастаған дұрыс па?

Тимур НАЗХАНОВ, ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:

Иә

– Меніңше, бұл – дұрыс шешім. Өйткені балабақшаларды лицензиясыз-ақ бақылап отыруға, жауапкершілігін күшейтуге болады. Рас, мен де лицензиясыз балабақшаға ба­ламды ойланып барып берер едім. Өйткені лицензия берілетін кезде қойылатын негізгі талаптардың балабақша ашу кезінде сақталмағанын біле отырып, ата-аналардың ба­ласын кез келгеннің қолына сеніп тапсыруы екіталай. Дегенмен ендігі жерде бала­бақшаларға прокуратура, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары секілді қадағалаушы мекемелер тарапынан қадағалауды күшейткен жөн. Яғни жаңа өзгеріске сай балабақша ашатын жеке кәсіпкерлер қағазбастылықтан арылса да, іс жүзінде дұрыс жұмыс істеп жатқанын тексеруші мекемелерге көрсетіп отырғаны дұрыс.

Дегенмен, осы орайда айта кетер жайт, заң жүзінде кәсіпкерлерге жеңілдік жасалып жатыр, қағазбастылықтан арылтып жатырмыз дегенімен, әлі де болса кәсіпкерлер кездесетін қиындықтар өте көп. Мәселен, «Лицензиялау туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мектепке дейінгі білім беру мекемелері, мүгедек жандарға әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, туристік және ветеринарлық емдеу қызметтерін ұсынатын ұйымдарға жеңілдік енгізілгенімен, кәсіпкерлерді аттестациялау туралы өзгеріс енгізіліп жатыр. Бұған дейін балабақша ашу үшін бірнеше тексеруден өтіп, заңды тұлға мекенжайын ауыстырса, қайта лицензия алатын болса, енді мұның барлығы жойылады. Алайда аттестациялауға орай кәсіпкерлердің тиісті орындарға өткізетін қағазы бұрын­ғыдан асып түспесе, кеміген жоқ. Сондықтан тиісті орындар шын мәнінде кәсіпкерлерді қағазбастылықтан айырып, жеңілдік жасауды ойласа, тиімді өзгерістер жасаса, дұрыс болар еді. Ал лицензиялауды алып, аттестациялауды кіргізу секілді өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын одан әрі күрделендіре түсуде.

Ал дәл қазіргі таңда еліміздегі балабақшалардың жетімсіздігі баршаға аян. Балабақшаға іліне алмаған балаларын ата-аналардың үйге қамап кетуі нәтижесінде тіркеліп жатқан қайғылы жағдайлар да аз емес. Осы орайда жекеменшік балабақшаларды ашуға мемлекет тарапынан әлі де болса жағдай жасалып, жеке кәсіпкерлерді қолдауға арналған шешімдер қабылданса, дұрыс болар еді. Ал жекеменшік балабақшалардың талапқа сай жұмыс істеуін қадағалаушы орындардың құзыретіне берген дұрыс.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:

Жоқ

– Жоқ, «Лицензиялау туралы» заңға енгізілген бұл өзгеріс дұрыс емес. Өйткені кәсіпкерлердің жұмысын қолдау мақсатында жасалып отырған өзгеріс кәсіпкер үшін тиімді екені анық. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Балабақшаларға лицензия беру кезінде сақталатын талаптардың бәрі жойылса, талапқа сай келмейтін балабақшалардың көбейіп кетуі әбден мүмкін. Лицензиясыз-ақ балабақша ашу мүмкін болса, кім көрінген балабақша ашып, тіпті балаларды өз мақсатына пайдаланғысы келетін діни топтардың да балабақша ашпасына кім кепіл?!

Лицензиясыз балабақша ашу дегеніміз – талаптарға сай келмейтін мектепке дейінгі орталықтардың санын қаптату деген сөз.

Осыған дейін Алматы, Астана сынды ірі қалаларда діни ұйымдардың бала тәрбиесіне араласып, балабақшаларды қаптатып жібергені рас. Олар балабақшалардан лицензия талап етілген күннің өзінде сондай әрекетке барды. Ал енді олардың арам пиғылын іске асыруға тіпті жол ашып берген жоқпыз ба? Өйткені жаңа заң бойынша осындайлардан сақтанар механизмдер мүлдем жоқ болмақ. Сондықтан өз басым білім саласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерін лицензиялау керек деп санаймын. Білім саласы тікелей мемлекеттің бақылауында болуы керек. Болашағымыз саналатын балалар дұрыс тәрбие алып, жауапкершілігі жоғары мекемеде тәрбиеленуі тиіс. Заңға сәйкес бизнесті қолдаймыз деп, балабақшаны ойыншыққа айналдыруға мүлдем болмай­­ды. Рас, елімізде балабақшалар жетіспейді. Алайда жекеменшік балабақшалар санын көбейтеміз деп, мұндай асығыс шешім қабылдау дұрыс емес. Тіпті діни ұйымдар болмаған күннің өзінде лицензиясыз балабақша ашуды кім көрінген мақсат етіп, оңай жерден ақша тапқысы келгендер бір бөлмеге 30-40 баланы тығып, балабақша атандыруы да әбден мүмкін. Қатаң қадағалау бар деген күннің өзінде лицензиясыз балабақшаларға ата-аналар күдікпен қарайды. Онсыз да балалар арасында жұқпалы дерт шықса да, пайдадан қағыламыз деп жасырып қалуға тырысатын тәрбиешілер, лицензиясыз болса, тіпті бетімен кетері анық. Сондықтан мен бұл мәселеге үзілді-кесілді қарсымын.

Айта кетер жайт, біз кезінде талан-таражға түскен балабақша ғимараттарын қайтарып, жекеменшік балабақшадан гөрі, мемлекеттік мектепке дейінгі орталықтар санын арттырғанымыз дұрыс. Сонда ғана біз балабақшадағы балалардың тағдырына алаңдамайтын боламыз.

Бейтарап пікір

Құрманғали АШАНҰЛЫ, кәсіпкер:

– Жеке кәсіпкерлерді қолдаймыз деп, балалар тағдырымен ойнауға болмайды. Бұл жерде арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, мәселені шешудің жолдары көп. Мәселен, лицензияға тиіспей-ақ, кәсіпкерлерді қолдаудың әдіс-тәсілдері жетіп жатыр. Сондықтан тиісті орындар осындай шешім қабылдар алдында жеті рет өлшеп, бір рет кессе, дұрыс болар еді.

***** «Алаш айнасы» басылымынан, 9-ақпан, 2012 жыл.

Яндекс.Метрика