Home » "Коммунист Казахстана", № 42//06.12.2013 » Банктердің несие нарығындағы жағдайы алаңдатады

Банктердің несие нарығындағы жағдайы алаңдатады

Банктердің қазіргі кезде оңды-солды тұтыну несиелерін беріп жатқандығы жасырын емес. Несие алған адам ертең ол қарызын қайтара ала ма, қайтара алмай ма, ол жағына онша бас ауыртып жатпайтынға ұқсайды. Әйтеуір бірде қайтарамыз ғой дегенге сенетін секілді. Осының кесірінен бес-алты жыл бұрын әлемдік дағдарыс та орын алған еді. Соның зардабын банктер де, халық та күні бүгінге дейін тартып келеді. Рас, ол кезде бұл дағдарыс ипотекалық нарықта орын алған болатын. Кейін ол барлық қаржы жүйесіне жайылды. Еуроодақта орын алып жатқан дағдарыс тағы бар. Бұл дағдарыс әне бітеді, міне бітеді дегенмен, әзірше түбі көрінетін түрі жоқ.

Қыркүйек айында банк секторында мерзімді төленбеген несиелер көлемі 0,4 пайызға өскен. «Ranking.kz» талдау қызметінің мәліметіне қарағанда, күздің алғашқы айында екінші деңгейлі банктердің қарыз қоржынында оның үлесі 33,9 пайызды құраған. Яғни, әрбір үшінші несие проблемалы, қайтпай жатыр деген сөз. Бұл банктердің несие нарығындағы жағдайларының алаңдатарлық күйде екендігін білдіреді.

Бұл туралы өткен бір Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ескерткен болатын. Ол тұтыну несиелерінің елді тағы да бір дағдарысқа алып келуі мүмкіндігін айтып, сақ болуды тапсырды.

 Жалпы, еліміздегі нашар несиелердің жалпы сомасы 4,3 триллион теңге болып отыр екен. Ал экономикадағы банктік қарыздардың жалпы көлемі 12,7 триллион теңгеге жеткен. Ең күрделі қоржындар – БТА банкі, Нұрбанк және Альянс банкте екен. Атап айтқанда, жалпы берілген қарыздардағы мерзімді өтелмеген несиелердің үлесі БТА банкте – 83,2 пайыз, Нұрбанкте – 54,4 пайыз, Альянс банкте – 54,2 пайыз. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бұндай кезде шұғыл шаралар қабылданып, басшылық ауысып, стратегия өзгеріп жатушы еді, бірақ ондай сыбыс естілмейді. Соған қарағанда банктер осы саясатын жалғастыра беретінге ұқсайды. Құтқаратын мемлекет бар ғой деп соған сене ме? Әлде біз білмейтін бір жоспарлары бар ма? Не де болса ұлттық банктің қадағалауы әлсірей түскен. Осының ертең экономикаға теріс әсер ететіні тағы бар. Зардабын халық көретіні жасырын емес. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасын ескеріп, аталған банктердің несие беру саясатына ұлттық банктің араласқаны дұрыс па екен?

Жалпы, қыркүйек айында мерзімді өтелмеген несиелер өсімі 25 банкте орын алған. Яғни, бұл проблема Қазақстан қаржы жүйесіндегі жүйелі мәселеге айналғандығын білдіреді.

Бек Әлиұлы,

Астана 

Яндекс.Метрика