Home » "К 70-летию Победы в Великой Отечественной войне", Жамбылский обком, Партийная жизнь » Беймәлім батыр – мерген Ыбрайым Сүлейменов

Беймәлім батыр – мерген Ыбрайым Сүлейменов

Құралайды дәлдеп көзге ататын қазақтың мергендері ықылым заманнан белгілі. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында мергендігімен танылып, фашисттердің көзін жойған мерген-снайперлері туралы аңыздар жүрген екен. Қазақтың қайсар ұлдары Тілеуғали Әбдібеков, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова… Олар туралы бүгінгі ұрпақ біледі. Алайда сол өр мергендердің ішінде қазіргі таңда ұмыт болып жатқан жамбылдық Ыбрайым Сүлейменов те бар екенін біреу білер, біреу білмес.

Бүкіл Калинин фронтына аты әйгілі болған, немістердің өзі қорыққан Ыбрайымға кезінде Жамбыл Жабаев та өлеңдерін арнап жазған екен. Әрине соғыс жылдарында да, соғыстан кейінгі уақытта та талай Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты қазақтың жауынгерлерінің бірталайы ерлік жасап, өмірлерін қанды майданда жеңіс үшін бергенде ілінбегені белгілі. Мұндай қайсар ұлдардың бірі – Ыбрайым Сүлейменов. Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген Ыбрайымның әкесі кейін жұмыс іздеу мақсатында Жамбылға көшеді. Ыбрайым ер жеткен соң тракторшы болады. Замандастарының айтуынша жігіт тепсе темір үзетін, қара күштің иесі болды. Қазақта мұндай күшті азаматтарды нар-жігіт дейтін. 2-3 адам көтере алмайтын трактордың ауыр бөлшектерін жалғыз өзі көтеретін Ыбрайым 1941 жылы Қызыл армияға шақырылады. Майданға оны бүкіл жанұясы шығарып салады. 3-армиясының құрамына кіретін Алма-Атыда құрылған 100-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасында әскери ісінің сабақтарынан өтіп, ол капитан Ф. И. Ушаковтың батальонына көшіріледі. Салмақты, ақкөңіл қазақтың Василий Теркині секілді Ыбрайым жігіттермен тез тіл табысады.  1942 жылдың қоңыр күзінде атқыштар бригадасы ұрысқа Ржев қаласының түбінде кіріседі. Ыбрайым снайперлік винтовкамен Молодой Туд түбінде бір ғана ұрыста 79 жаудың көзін жояды. Содан соң тағы да бір винтовка сұрайды. Великие Луки маңындағы ұрыста ол екі винтовка мен бір автоматпен фашисттерді жояды. Ол кезде оның жеке есебі 279 фашистке дейін жетті.

1943 жылы жазда ол старшина болып, Қызыл Армия орденіне ие болады. Соңғы ұрыста таңға жуық батальондар шабуылға шығып, түске қарай неміс окоптарын алады. Алайда жау жоғалтып алған позицияларын қайтарып алу мақсатында қайта-қайта шабуылға шығады. Біз жақтан сол флангта ұзын траншеяның бойымен үш станкілік пулеметі орнатылып, орта жағында Мәншүк Мәметова тұрды. Ал оң флангта 3 окопта жалғыз өзі Ыбрайым орналасты. Жау екі шабуыл жасағанда Ыбрайым 12 жауды жояды, пехотаның оқтары таусылып олар кері қарай шегінуге мәжбүр болады. Кешке қарай әскерлеріміздің алғашқы рубежі болған биіктікте тек 3 қана пулемет қалады. Ыбрайым үш окоптың ортасында анадан мынаған жүгіріп жүріп жауларды жояды. Бір кезде бір пулеметтің дауысы өшкенін байқаған ол екіншісінің де көп ұзамай үнсіз қалғанын естиді. Қараса, алдына жарақаттанған пулеметші келе жатыр екен. Сөйтсе, аға сержант Мәншүк жалғыз өзі үш пулеметке қалып жаумен шайқасып жатыр екен. Жаралы пулеметшіні оқтарды әкелуге жіберіп, Ыбрайым одан да белсендірек жауларды құртуға асығады. Пулемет жақтан бірнеше миналар жарылып пулеметтің үні өшеді… Мәншүк жаралы болса да соңғы күшін жинап қайтадан атысқа кіріседі. Ыбрайым да окоптан окопқа секіріп атады. Жау да тоқтар емес. Окопқа немістер жақындайды. Бір немісті прикладпен ұрған Ыбрайымның артына неміс офицері тура атады. Бірақта өмірінің соңғы сәтінде батыр мерген жақындап келе жатқан біздің әскерлердің даусын естіп, оларды Мәншүкке жібереді: «Дошли, родненькие мои? И мы немцев не пропустили. Скорее бегите к Маншук, помогите ей…» бұл батырдың соңғы сөздері еді…

1942 жылдың басынан 1943 жылдың 15 қазанынан бергі уақыт аралығында Ыбрайым Сүлейменов ұрыстарда 281 фашисттің көзін жояды. Бұл неміс батальонының жартысымен тең көрсеткіш. Бұл тәжірибелі мергендердің қолынан да келмейтін еді. Невель қаласын жаулардан босату үшін сол шайқастарда жанын қиған жауынгерлермен бірге Ыбрайымды қаланың орталық алаңында жерге тапсырады. Жерлеу рәсімінде сөз алған атқыштар бригадасының комиссары Сақтаған Баишев тұрғындарға: «Қымбатты достар! Невель қаласының тұрғындары! Біз сіздерге біздің серіктеріміздің денесі жерленген жерді сеніп тапсырамыз. Әскери комендатураның ұсынысы бойынша Невельдің қалалық кеңесі қаланың екі көшесіне Ыбрайым Сүлейменов пен Мәншүк Мәметованың атын берді. Шын жүректен сіздерге алғысымызды білдіреміз! Невель мен Великие Луки тарихында мәңгілікке сақтаңдар, олар сіздердің бейбіт өмірлерін үшін жанын аямады. Мәншүк пен Ыбрайым сияқты батыр болыңдар!»

Бригаданың басшылығы Ыбрайым мен Мәншүкке Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсынды. Армия мен фронт бұл ұсынысты қабылдады. Мәскеу болса басқаша шешіп, Мәншүкке Батыр атағын берді, ал Ыбрайымға Ленин орденін берді. Әрине бұл жоғары сыяпат, алайда Ыбрайым шын мәнінде Батыр атағына лайықты болды. Әскери бюрократтар бір ұрысқа екі Кеңес Одағының батырын беру артық деп шешкен көрінеді. Қазақ бригадасы адамдардың үлкен шығынына қарамастан сол ұрыста белгіленген тапсырманы орындамады, Изоча станциясына кері шегінді ғой. Дегенмен де… Кім білсін… Солай болды… Солай шешілді…

 Бүгінде Ыбрайымның атын ұрпақтарға таныстырып, оның ерлігі жайында айту біздің парызымыз, өскелең жастардың жадында Ыбрайымның есімін  сақтауға тиіспіз. Ұрыстан кейін окоптарда бірде бір артық патрон табылмады. Қолда бар оғы таусылған соң мергеннің жанын алған фашисттердің 30 денесі окоп жанынан табылды. Жойған жаудың саны бойынша әлемнің жүз мықты снайперлерінің қатарына жатқызуға лайықты, өмірін Отанын үшін берген жамбылдық Ыбрайым Сүлейменовтің өшпес ерлігі ұмытылмайды деген сенімдеміз.

 

К. Жасқазақова

ҚКХП Жамбыл ОК баспасөз қызметі

11.09.2013ж.

Яндекс.Метрика