Home » № 28//30.08.2013 » Биыл елімізде 2,5 миллион оқушыға 7 398 мектеп есігін айқара ашады

Биыл елімізде 2,5 миллион оқушыға 7 398 мектеп есігін айқара ашады

Жаңа оқу жылы да келіп қалды. Биыл елімізде 2,5 миллион оқушыға 7 398 мектеп есігін айқара ашады екен. Бұрын, Кеңестер Одағы кезінде, Қазақстанда 3 миллиондай оқушы мектепте оқитын. Яғни, қазір мектеп жасындағы балалардың саны жарты миллионға азайды деген сөз. Есесіне оқу сапасы артқан. Қазіргі балалар жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатыр. Интернетті жақсы меңгерген. Сондықтан олардың қазіргі дүние, қоғам, қоршаған орта туралы таным-түсініктері мен ақпараттанулары кеңірек.

Қыркүйектің басында 265 мың бала бірінші сыныптың табалдырығын аттайды. Ең көп бірінші сыныпқа баратын балалар Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген екен. Астанада жуырда өткен брифингте білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынхановтың айтуынша, биыл сондай-ақ жаңадан 159 мектеп салынады. Егер де 2015 жылдан бастап еліміз 12 жылдық білім беруге көшетінін ескерсек, жаңа оқу ғимараттарының тезірек және көбірек салынғаны қажеттілік болып отыр.

Ал елімізде қазіргі кезде 856 колледж бар болса, оның 477-сі мемлекеттік болып табылады. Аталған оқу орындарында кәсіби стандарттар енгізіліп жатыр. Осы стандарттар бойынша жұмыс берушілер өздерінің болашақ мамандарының білім деңгейлеріне әсер ете алады екен. Осындай 81 стандарт жасалыпты.

Сонымен қатар мұғалімдердің білімін жетілдірудің жаңа жүйесін енгізу қолға алынып жатқанға ұқсайды. Бұның жемісі ретінде биыл 12 мың сертификат алған ұстаздың жалақысына 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша үстеме ақша қосылатындығын келтіруге болады. Ал алдағы 5 жылда 120 мың мұғалім немесе еліміздегі барлық ұстаздардың жартысына жуығы білімін жетілдіру курстарынан өтеді екен. Бұндай талапты министрлік мектеп директорларының алдына да қояйын деп отыр. Яғни, негізгі мақсат- орта білім жүйесінде жаңа ұрпақ менеджерлерін қалыптастырудың  механизміне қол жеткізу. Қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептерде жоғары және бірінші санаттағы 140 мыңдай ұстаз бар екен. Биыл 9 645 жас мұғалім мектептерде өздерінің еңбек жолдарын бастайды.

Әрине, мектеп проблемасы, білім сапасы, тәрбие мәселесі қай кезде де өзінің өзектілігін жоймайды. Жыл өткен сайын жаңа бағыттар анықталып, жаңа пәндер енгізілуде. Заман талабы да қатал. Интернетті жетік меңгеріп,  ағылшын тілін білу қай адамның болмасын бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Күн өткен сайын жаһандану қарқын алып келеді. Бұрынғыдай бір тілді ғана білумен алысқа бара алмайсың. Сондықтан да болар тілді бүлдіршіндер бірінші сыныптан бастап-ақ меңгере бастайтын болады.

Жалпы, еліміздегі білім беру саласындағы реформалардың жемісін мектептен қолға алғанда ғана көруге болады. Бірыңғай ұлттық тестілеудің артықшылықтарымен қатар оның кемшіліктері де бар екенін кейінгі кезде қоғам жиі сөз ете бастады. Сондықтан болар бұрынғы жүйеге қайту керектігі туралы, оның артықшылықтары жайлы әр түрлі сөздер айтылып келеді.

Аталған брифингте білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов мектепке дейінгі білім мен тәрбие мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, елімізде қазіргі кезде балаларды балабақшалармен қамту деңгейі 70 пайыз деңгейінде екен. Ал 2020 жылға қарай 2 мен 6 жастағы барлық балалар толық түрде балабақшаларға баратын болады деп сендірді ол. «Ол үшін әлі де 4 мыңнан астам  бала бақша мен балалар мекемесін саламыз», деді министрлік өкілі.

Сонымен қатар шенеунік Назарбаев интеллектуальдық мектептері жүйесін дамыту мәселесін де қозғап өтті. Елімізде дәл қазір осындай 12 мектеп бар екен. Осы мектептердің тәжірибесі тағы да 35 мектепке енгізілуде. «Ал аталған мектептердің жетекшілері, барлығы 70 адам, Ұлыбританияда қайта даярлықтан өтті», деді ол.

Біздің қосарымыз түрік-қазақ мектептері де өздерін жақсы жағынан көрсетіп келеді. Бұл мектептерді бітірген балалар жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан бұндай оқу орындарындағы тәжірибелер мен әдістерді басқа да оқу орындарында қолдану артықтық етпес еді.

 

      Аман Іргебай

      Астана

 

Яндекс.Метрика