Home » "Коммунист Казахстана", №31//20.09.2013 » Біздің балаларымызды кейбір шетелдік асырап алушы «ата-аналар» малша саудаға шығарып, сатып жіберетіндігі белгілі болып отыр

Біздің балаларымызды кейбір шетелдік асырап алушы «ата-аналар» малша саудаға шығарып, сатып жіберетіндігі белгілі болып отыр

Мәжілістің сәрсенбі күні өткен жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков ҚР Ғылым және білім министрі А.Б. Сәрінжіповтің атына сауал жолдады. Депутаттық сауалда «Құрметті Аслан Бәкенұлы! Бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген жағымсыз хабарды БАҚ-тар таратты. Yahoo Groups және Facebook әлеуметтік желілерінде жетім балаларды сату, айырбастау туралы жарнама беріліп, таратылып тұрған хабарландырулар  әшкере болды. Бұл сау басы саудаға түскен балалардың ішінде Қазақстаннан асырап алынған біздің азаматтарымыз да бар. Яғни, біздің тағдыры ауыр осы бейбақ балаларымызды кейбір шетелдік асырап алушы «ата-аналары» біраз уақыттан кейін жетім малша саудаға шығарып, сатып жіберетіндігі белгілі болып отыр. Сонымен қатар бұл сайттар балаларды сатумен қоса, оларды алмастыру, ауыстырумен де айналысады. Бұл масқара қылмысты қазір естуімізше американдық құқық қорғау органдары тексеруде екен. Жауапкерлер жауапқа тартылар, заңсыз жарнамашы сайттар жабылар, бірақ, бұл факт өмірдің  талқысына түскен біздің бейбақ балаларымыздың тағдырларынан, олардың мән-жағдайынан хабардар етеді» делінген.

«Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, шет елге асырауға бірілген баланың тағдыры біздің мемлекеттік органдарымыздың бақылауынан шығып кетеді, жетімдеріміз шет ел асқаннан кейін олардың тағдырына араласу тетіктері аз. Үлкен көршіміз Ресейдің өзінде бұл мәселе шешім-түйіні тарқатылмаған өткір мәселе болып қалып отыр. Жат жерде қатыгез әкеден ажал құшқан Дима Яковлев қасіретінен кейін көрші Ресей мемлекеті шет елдіктерге бала асырап алуына тыйым салып, тоқтатып қойды. Біздің еліміз де шет елге кеткен балаларымыздың тағдырын назарда шығармай, бақылауда ұстауға міндетті».

Осы туындаған мәселеге байланысты депутат Жамбыл Ахметбеков министрден мына сұрақтарға жауап беруді сұрайды:

-бүгінге дейін  Қазақстаннан қанша бала шетелге асырауға берілді?

-олардың денсаулығы, отбасы, өмір сүру салты туралы деректер бар ма?

-жасы 18-ге толып, Қазақстан азаматтығын алып, отанына қайта оралғандары бар ма?

-шетелдік отбасы асырап алған балаларды қорғау үшін Қазақстан  заңнамасы толық жеткілікті ме?

-шетелдіктердің қазақстандық жетім балаларды асырап алуына толықтай тыйым салу туралы мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Депутаттық сауалға Мәжілістегі ҚКХП «Халық коммунистері» фракциясының  мүшелері қол қойған.                                        

 

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика