Home » Атырауский обком, Партийная жизнь » Болашақтың бағдарламасы жайлы айтылды

Болашақтың бағдарламасы жайлы айтылды

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитетінің екінші хатшысы Үмбетжанов Жұмажан Серікбайұлы партиямыздың атқарылып жатырған жұмыстарымен таныстыру мақсатында Индер ауданына жұмыс сапарымен келді. Бұл сапарда ауданға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы К.Ф.Мұқашкереева жетекшілік ететін ақпараттық топтың мүшелері келіп, Елтай мен Есбол селосында тұрғындарымен кездесті. Жұмажан Үмбетжанов зейнеткерлік жасты көтеруге өздерінің қарсылықтарын білдіріп, ұсыныстармен шығып отырғандықтарын көптің қаперіне берді. Сонымен қатар ауылдағы кәсіпкерлердің Үкіметтің ауыл шаруашылығын қолдауға беріп отырған жеңілдіктер мен несиелерге қол жеткізу үшін өзгеге кінә артқаннан, алдымен шаруа басшылары істі сауатты жүргізе білуге әрі интернет желісін шебер игерулері қажеттігін естеріне салды. Шаруашылық жүргізуге бел буған екенсіз, оның қиындығын алдымен өзіңіз жеңуге ұмтылуыңыз қажет деді топ мүшесі. Облыс әкімінің шешімі бойынша топ құрылып, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» туралы халық арасында насихат жүргізіп келеміз деді.

Ақпараттық топтың мүшелерін аудан әкімінің орынбасары Ә.Балахметов Есболдағы Жамбыл атындағы орта мектепке жиналғандарға таныстырған соң топ жетекшісі «Қазақстан-2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы негізгі міндеттерге тоқталды.

Бұл Жолдауда Елбасымыз әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын айқындап беруімен ерекшеленеді,-деген хабарламашы осы бағытта елімізде, облыс, ауданда атқарылып жатқан келелі істерді атап өтті. Облыста индустрияландыру бағдарламасы бойынша 4 инвестициялық жоба іске қосылып, негізгі қорға 1 трлн.60 млрд теңге инвестиция салынды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 4516 адам қамтылып, 2,3 млрд. теңге жұмсалды. Соның ішінде «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша 14 серіктестік арқылы 218 адамға шағын несиелер беріліп, ол өз тиімділігін көрсетті. Бұл іске ауданның да қосып отырған үлесі қомақты. Жыл ішінде жұмыспен қамту органына хабарласқан 1062 адамның 923-і немесе 86,9 пайызы орналастырылды. Сонымен қатар жоспар бойынша Елтайдағы «Қызғалдақ», Есболдағы «Қарлығаш» балабақшасы күрделі жөндеуден өтеді. Жылдың басты жаңалығы облыс әкімінің бастамасымен ыстық тамақпен қамту қолға алынып отыр. Сондай-ақ студенттердің жолақысына 50 пайызға жеңілдік беру, өңірлік мұнай-газ саласы мамандарын дайындау істеріндегі ізденістер де сөз өзегіне айналды.

Бұл тұрғыда облыстық жерге орналастыру басқармасының бастығы, топ мүшесі Р.Ғ.Сисатов жер мен суды пайдаланудың мәдениетін көтеру, экология мәселелерін қозғады. Басқасын айтпай-ақ, аудандағы «Есбол» ЖШС, «Жарсуат» ӨК жер көлемдерінің өздеріндегі мал санына сәйкес

келмейтіндігін атап, бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатқанымен көпшілікті хабардар етті. Сонымен қатар су мен жерді тиімді пайдалануға көрші аудандағы енгізілген тамшылатып суару әдісі зор тиімділігін беріп отырғанын мысалға алды. Бұрын гектарына 11,4 тонна өнім алып келген қожалық тамшылатып суарудың арқасында картоптан-40, қиярдан 6-ның орнына 62 тоннаға дейін өнім жинауға қол жеткізген.

Атырауда 54 мыңдай адам жер сұрап отыр, оны қамтамасыз ету үшін 64 мың гектар, Индерборда 50 мың гектардай жер керек екен. Ал ол жерлерге қазіргі талап бойынша инфрақұрылымдар тарту керек. Оған қыруар қаржы және бас жоспар жасалуы тиіс. Сондықтан облыстық бюджеттен 600 млн-дай теңге қаралып, елді мекендердің бас жоспарын дайындау қолға алынып отыр,-деді ақпараттық топтың мүшесі.

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы,топ мүшесі Н.Т.Әйтиева ауылдағы нәзік жандардың белсенді еңбек етуіне, қоғамдағы өз орындары мен маңыздарын әлде де көтере түсуге бұл Жолдаудың кең жол ашып отырғанын атап өтті. Алдағы уақытта үйде отырған, зейнеткерлік жастағы аналарды еңбекке тартудың тағы бір жобасы қолға алынып отырғандығын айтып, оған үлес қосуға шақырды.

Елтайдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Сағынов ауыл маңындағы тоғайдың азып және жабайы жыңғылдың көптеп өсіп кетуіне алаңдаушылығын жасырмады. Сондай-ақ ол Бағырлайға көрші облыстан судың келуін қамтамасыз етудің жайын тағы көтерді.

Ал Есбол ардагерлерінің жетекшісі Ө.Жалғасбаев жерді тиімді пайдаланып, мал шаруашылығындағы жүріп жатқан асылдандыру ісін қолдады. Дегенмен ауылдағы кәсіпкерлерге субсидия мен басқа жеңілдіктер алуға келгендегі кедергілердің көптеп кездесетінін алға тартты. Көбіне ондай жеңілдіктерге қаланың маңындағы кәсіпкерлер жиі ие болатындығын сөз етті.

Кездесуде Жамбыл атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жұбанышқалиева білім беру және «Балапан» бағдарламасы бағытындағы игі істерге ризашылықтарын айтып, жиналғандардың Елбасы Жолдауын бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ә.Балахметов ақпараттық топтың мүшелеріне Жолдаудағы қойылған келелі міндеттерді түсінікті тілмен баяндағандары үшін ризашылығын білдіріп, кездесуді қорытындылады.

 

Дайындаған:

Гүлжан Инжелова

Яндекс.Метрика