Home » Жамбылский обком, Партийная жизнь » «Болашақтың энергиясы» Қордайда

«Болашақтың энергиясы» Қордайда

Қазіргі таңда әлем елдерінде қуат көздерінің тапшылығы кең етек жайып, әлемнің  озық елдері қажетті энергияны күн, жел сияқты табиғи көздерден алуға көше бастады. Елбасы атап өткендей, болашақта бүкіл әлем «жасыл» технологиямен алға жылжитын болады.

 Жамбыл облысындағы он ауданның ішінде  қазіргі таңда энергетикалық потенциалымен қарқынды дамып келе жатқан, аудандардың ішінен соңғы уақыттарда алға ілгерілеп келе жатқан аудан  – Ұлы Жібек жолының бойында, Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің шектескен тұсында орналасқан Қордай ауданы. Аудан жерімен республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің өтуіне байланысты  облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан Қордайдың әлеуметтік әлеуеті де, жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты да, инфрақұрылымы да  дамуы заңды.  Қордай ауданы  негізгі үш бағыт бойынша дамып келеді: ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, шағын және орта бизнес бойынша. Экономикалық көрсеткіштер мыңдаған бюджеттік қызметкерлердің арқасында жоғары өрлеп, агроөңдірістік кешендері мен өнеркәсіп, кәсіпкерлік даму үстінде. Оның үстіне бұл аудан халық саны бойынша 128,1 мың тұрғынымен ең үлкен аудан болып саналады. Әрі биылғы жылдан бастап қатарынан салына бастаған өңірдің ғана емес еліміздің энергетика саласындағы үлкен қадам болып саналатын жел, күн электростанциялардың салынып, жұмыс істеуіне байланысты көпшіліктің назары осы ауданға түскені рас. Қордай ауданындағы ҚКХП-ның аудан хатшысы Тінәлиев Елнар осы нысандардағы жұмыстың жүру барысымен танысып қайтты.

Жоғарыда айтқандай, Жамбыл облысында жел, су мен күн көзінен электр қуатын өндіру ісі қарқынды қолға алынуда.  Қоршаған ортаға зиян келтірмей «жасыл экономиканың» басты көрінісі бола алатын қазір Қордай ауданында жел мен күн сәулесінен қуат өндіретін қондырғылар жұмыс істеп тұр. Заманауи электрстанциялардан алынған энергия ортақ жүйеге жіберіліп, тұрғындар игілігіне жарап жатыр.

Қордай ауданына қарасты Отар елді-мекенінде салынған электр станциясы – күн сәулесінен энергия алатын озық технология. Бұл күн сәулесінен энергия алу арқылы жүзеге асатын озық технология Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Пилоттық жобаның құрылысы биылғы жылдың мамыр айында басталған. Қазір 1-ші кезеңі аяқталды. Әзірге күн электр станциясының қуаты 504 мегаватт. Болашақта жоба толық іске қосылса 7 мың мегаваттқа дейін қуаттылығы артады деп күтілуде. Күн ашық кезде және күн көзі жақсы шыққанда 3 мың киловаттан жоғары тоқ береді, орта есеппен күніне 2500 киловатт тан алуға мүмкіндік бар, оның үстіне он екі ай бойы күн көзі энериясы тегін. Отар күн электр станциясы жеке инвестициялық жоба болып табылады. Жалпы сметалық құны 199 800 000 теңге. Жаңа станцияның жалпы аумағы 14, 25 гектар.  Жылына 1800 сағат жұмыс істеп, нәтижесінде 907 200 мегаватт электр қуатын береді.Тапсырыс беруші «ҚазЭкоВатт» ЖШС. Құрылысты «Алшын» мердігер команиясымен бірлесіп жүргізген. Аталған екі серіктестік бұған дейін осы ауданда ашылған жел электр станциясын да салған. Тәжірибеміз бар дейді компания басшылары. Технология толық Қытайдан әкелінген. Болашақта Отар күн электр станциясын 14 есеге ұлғайту жоспарда.  «ҚазЭкоВатт» ЖШС директоры  Сәрсен Көкебаевтың айтуынша: «Қазіргі таңда 51 құрылғы қойылған. Әр қайсысында 42 тақтайша бар. Барлығы 2142. Әр тақтайша 235 ватт электр қуатын өндіреді. Әрине, әр кезде әр қалай. Күнге байланысты. Мәселен кеше бүгін күн шығып тұр. Станция 2036 ватт электр энергиясын өндірді. Болашақта өнім ұлғаяды». Электростанция жаңа заман техникасымен толық қамтамасыз етілген, өндірістік процесстің барлығы дерлік  автоматтандырылған, белгіленген уақытында өзі қосылып, өзі өшеді. Электр қуатын экологиялық таза табиғи жолмен алатын станцияның екінші кезеңі 2013 жылы іске қосылады деп күтулуде. Жобаны салуға жұмсалған қаржы 9-10 жылда өз-өзін ақтайтын көрінеді. Қазір мұнда 6 адам жұмыс істейді. Келер жылы толық іске қосылса, қосымша тағы 60-70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, бұл ауданда жел күшінен электрқуатын өндіретін екі құрылғы қазір Қордай асуының ең жоғарғы нүктесінде тұр. Оларды тұрғызған жеке компания жуық арада осындай тағы бірнеше техниканы іске қоспақ жоспарлары бар. «Vista International» ЖШС Қордайда жел электростанциясын салады. Оның жалпы белгіленген қуаттылығы – 21 МВт  болады деп күтілуде. 2013-2014 жылдары «Fonroche Energie»  француз компаниясы қуаттылығы 24 МВт күн электр станциясын салмақ. Жасыл энергетиканы дамытуда өзіндік орны бар бұл жоба өңіріміз үшін біраз жаңалық болды. Әсіресе, қордайлықтар үшін. Ендігі мәселе, мұндағы өндірілген энергияның бағасы  «дәстүрлі» энергиядан жоғарырақ. Бірақ бұл да уақытша фактор дейді мамандар, өйткені «дәстүрлі» энергияның көздері болашақта сарқылады, сәйкесінше оның бағасы да өседі. Ал күн, жел, су станцияларынан өндірілетін энергия тұрақты қалпында қалады. «Болашақ энергиясы» деп те тегін айтпаған оны.  Жамбыл облысындағы ҚКХП орталық комитетінің  хатшысы Жанна Мамашева айтқандай: «Тоғыз жолдың торабындағы Қордай ауданындағы қазіргі таңда қолға алынып жатқан өңіріміздің энергетикалық потенциалын арттыруға себепші болатын жобалар болашақта өз – өзін ақтауы тиіс. Себебі, жыл басынан бері артқан коммуналдық тарифтердің жоғарылатуы халықтың қалтасына ауыр тиді. Енді Қордайдағы қаңтардан ашылған жел, күн электр станциялары оларды салуға жұмсалған қыруар қаражатты ақтаса жақсы». 2017 жылы елімізде өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің тақырыбы дәл осы «Болашақтың энергиясы» екені белгілі. Елбасы осы көрме нысандарын энергиямен қамту мәселесін қадап айтқан болатын. Қордайдағы электр станциялар тек жергілікті халыққа ғана емес, көрмеге келген миллиондаған елдің керегіне жарайды деген сөз.

К. Жасқазақова

ҚКХП Жамбыл ОК баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика