Home » "Коммунист Казахстана", № 26//12.07.2013 » Дене тәрбиесі сабағы мектептерде аптасына 3 сағат міндетті түрде өтетін болады

Дене тәрбиесі сабағы мектептерде аптасына 3 сағат міндетті түрде өтетін болады

Сейсенбі күні өткен Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Спорт және дене шынықтыру істері агенттігіне жаңа оқу жылына дейін республикада бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын Үкімет қарауына енгізуді тапсырды.

 «Жұмысты қоғамдық денсаулықты дамытуға, салауатты өмір салтының құндылықтары мен маңыздылығына тәрбиелеуге шоғырландыру қажет. Оған барлық мемлекеттік органдар, ҰЕҰ, БАҚ және жұмыс берушілер белсенді қатысуы тиісті. Мемлекет басшысының баса айтуынша, бұқаралық спорт және жоғары жетістіктер спорты кешенді жүйелі әдістерді қабылдауды талап етеді. Бұл фактор Үкімет жұмысында ескерілуі керек», – деді Үкімет басшысы.

Дене тәрбиесінің балалардың өмірінде ерекше орын алатыны рас. Бірақ оған онша мән бермейтін мектептер де табылады. Денсаулығы жақсы ұрпақтың өсуі қоғам үшін де, ата-ана мен баланың өзі үшін де қажет. Бірақ кей мектептерде дене шынықтыру сабағына мардымсыз көңіл бөліп, оны өткізуді мамандығы сәйкес келмейтін ұстазға тапсыра салу кездеседі. Бұдан бұрын қабылданған бағдарламада да оған бар-жоғы екі сағат қана уақыт бөлу қарастырылған екен.

С.Ахметов Спорт және дене шынықтыру істері агенттігіне мүдделі органдармен бірлесіп, белгіленген мерзімде жаңа редакциядағы «Дене тәрбиесі және спорт туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар агенттікке Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп, республикада бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын әзірлеу мәселелерін қарастыруды әрі оны осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкімет қарауына енгізуді жүктеді.

Үкімет отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапановтың айтуынша, дене тәрбиесі пәнін аптасына екі сағатқа дейін қысқарту халықаралық тәжірибеге де сай келмейді.

 «Бүгінде оқушылардың дене шынықтыру белсенділігін шектейтін проблеманың бірі – ол ҚР Білім және ғылым министрлігімен өткен жылдың аяғында бекітілген типтік білім беру жоспарына сәйкес, мектептерде дене тәрбиесі пәнін аптасына екі сағатқа дейін қысқартумен байланысты. Аталған қысқарту халықаралық тәжірибеге де сай келмейтінін атап өткім келеді»,-деді агенттік басшысы.

Халықаралық тәжірибеде оқушының дене тәрбиесі бағытындағы белсенділігіне аптасына 3-6 сағат уақыт бөлінеді екен.

Егер де болашақта да спортта табыстарға жетіп, болашақ олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу үшін қазірден бастап оған көңіл бөлу қажет. Өскелең ұрпақтың денінің саулығы оның спортқа қанша көңіл бөлетіндігіне де байланысты. Үнемі қозғалыстағы, шыныққан баланың денсаулығы да жақсы болады.

Сабақ уақытын қысқарту алдағы оқу жылының нәтижесі бойынша өскелең ұрпақтың дене тәрбиесі көрсеткіштерінің төмендеуіне алып келеді екен.

 «Бұл өз кезегінде олардың денсаулығының айтарлықтай нашарлауына итермелейді. Жыл сайын дене тәрбиесі дайындығы бойынша президенттік тесттің нормативтерін сәтті тапсыратын оқушылар саны кеміп келе жатқандығы таң қалдырмайды. 2012 жылы президенттік тестке қатысқан 613 мың оқушының ішінен тек 3 пайызы ғана табысты өтті, «жақсы» деген көрсеткішке 10 пайыздан сәл астамы ғана қол жеткізді. Ал қалғандары мүлдем тапсыра алмады»,-деді Е. Қожағапанов.

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов дене тәрбиесі сабағын мектептерде аптасына 3 сағат міндетті түрде өткізу мәселесін қарастыруды тапсырды.

 

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика