Home » Партийная жизнь, Фракция "Народные коммунисты" » Депутат Ж.Ахметбеков өнегелі отбасыларымен кездесті

Депутат Ж.Ахметбеков өнегелі отбасыларымен кездесті

Астанада 6-қыркүйек күні «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінде отбасы күніне орай ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен «Мақтанышым, тірегім –отбасым» атты өнегелі отбасылар өкілдерімен кездесу өтті.

Биыл елімізде қыркүйектің екінші жексенбісінде алғаш рет аталып өткелі отырған Отбасы күні мерекесі қарсаңындағы іс-шараның мақсаты –отбасы институтын, имандылықты, руханилықты нығайту, ерлі-зайыптылықтың маңыздылығын тануға жәрдемдесу.

Кездесуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнегелі отбасылар, бақытты шаңырақ иелері шақырылды. ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықованың айтуынша, олар отанымыздың өркендеуіне еңбегімен де, өнегелі ұл-қыздарымен де үлес қосып жүрген ата-аналар, «Отбасым» журналында жарияланған материалдардың кейіпкерлері.

Кездесуде сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚКХП ОК хатшысы Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, елімізде әрбір қазақстандық отбасы мен әрбір қазақстандықтың өмірінде сезінерліктей жақсы өзгерістер әкелуге бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Отбасылық құндылықтарды насихаттау үшін нақты адамдар өмірін өнеге ете отырып, кездесу кейіпкерлерінің отбасылық тәрбие, әке мен ананы қадірлеу, сапалы, саналы ұрпақ өсіру бойынша өмірлік тәжірибелері насихатталып, құрмет көрсетілуі қажет. Жас ұрпақтың бойына өскен ұясын қастерлеу, ұл-қызы үлгі тұтар ата-ана болу сезімін дарыту керек. Бақытты отбасылардың көбейе бергені, тәрбиелі ұл-қыздардың шаңырақ көтеріп, өмірге дені сау бала әкеліп, олардың отанымыздың тамаша азаматтары болып өсуі тиіс.

Сөз соңында депутат үлгілі отбасыларға бағалы сыйлықтар тапсырып, оларға бақыт, денсаулық, елімізге тыныштық тіледі. Мерекені ұйымдастыруға «Отбасым» журналы, БҰҰ Даму бағдарламасы, Қазақ ұлттық өнер университеті үлес қосты. Жиналғандарға университеттің шәкірттері концерт қойып, кеш салтанаты арта түсті.

 

Аман Іргебай

Астана

06.09.2013ж.

Яндекс.Метрика