Home » Партийная жизнь, Фракция "Народные коммунисты" » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

 

 

Қазақстан Республикасының

Білім және ғылым министрі

А.Б.Сәрінжіпов мырзаға

 

 

Құрметті Аслан Бәкенұлы!

 

Бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген жағымсыз хабарды БАҚ таратты. Yahoo Groups және Facebook әлеуметтік желілерінде жетім балаларды сату, айырбастау туралы жарнама беріліп, таратылып тұрған хабарландырулар  әшкере болды. Бұл сау басы саудаға түскен балалардың ішінде Қазақстаннан асырап алынған біздің азаматтарымыз да бар. Яғни біздің тағдыры ауыр осы бейбақ балаларымызды кейбір шетелдік асырап алушы «ата-аналары» біраз уақыттан кейін жетім малша саудаға шығарып, сатып жіберетіндігі белгілі болып отыр. Сонымен қатар бұл сайттар балаларды сатумен қоса, оларды алмастыру, ауыстырумен де айналысады. Бұл масқара қылмысты қазыр естуімізше американдық құқық қорғау органдары тексеруде екен. Жауапкерлер жауапқа тартылар, заңсыз жарнамашы сайттар жабылар, бірақ, бұл факт өмірдің  талқысына түскен біздің бейбақ балаларымыздың тағдырларынан, олардың мән-жағдайынан хабардар етеді.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, шет елге асырауға бірілген баланың тағдыры біздің мемлекеттік органдарымыздың бақылауынан шығып кетеді, жетімдеріміз шет ел асқаннан кейін олардың тағдырына араласу тетіктері аз. Үлкен көршіміз Ресейдің өзінде бұл мәселе шешім-түйіні тарқатылмаған өткір мәселе болып қалып отыр. Жат жерде қатыгез әкеден ажал құшқан Дима Яковлев қасіретінен кейін көрші Ресей мемлекеті шет елдіктерге бала асырап алуына тыйым салып, тоқтатып қойды. Біздің еліміз де шет елге кеткен балаларымыздың тағдырын назарда шығармай, бақылауда ұстауға міндетті.

Қазақстанда шет ел асқан балаларды қорғау мәселесі бұрыннан да қызу талқыланып келе жатқан өте өткір мәселе. Осыдан 5-6 жыл бұрын да қоғамда жетім балаларды шет елдіктердің асырап алуына қарсылық болып, қоғамда қызу пікірсайыс туғызған еді. Алайда, сол кездегі мемелекеттік органдар депутаттарды шетелдіктерге асырап алуға берілген жетім балалардың барлығын жарқын өмір күтіп тұрғанын, олардың тағдырына алаңдауға жол жоқ деп сендірген еді. Тіпті, кейбір батыстағы бақуатты отбасылар асырап алған жетімдердің бақытты өмірлерін теледидардан көрсетіп, газеттерде емделіп қатарға қосылған мүгедек жетімдерді жарқын болашағы туралы жарыса жазған мақалалар шыққан еді. Алайда мына факт шет ел асқан балғын бөбектеріміз өздерінің жаңа отбасынан бәрі бірдей өз бақытын таба бермейтіндігін көрсетіп отыр.  Сондықтан ҚР Білім және ғылым министрілігі шет елге кеткен балаларымыз туралы деректерді түгендеп, олардың әрқайсысының тағдырын бақылауға алуға міндетті деп ойлаймын. Қажет болса балалардың құқығын қамтамасыз ету бөлігі бойынша толықтырулар енгізіп, заңмен толық қорғалуы тиіс.

Осы туындаған мәселеге байланысты Сізден құрметті министр, мына сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын:

-бүгінге дейін  Қазақстаннан қанша бала шетелге асыруға берілді?

-олардың денсаулығы, отбасы, өмір сүру салты туралы деректер бар ма?

-жасы 18-ге толып, Қазақстан азаматтығын алып, отанына қайта оралғандары бар ма?

-шетелдік отбасы асырап алған балаларды қорғау үшін Қазақстан  заңнамасы толық жеткілікті ме?

-шетелдіктердің қазақстандық жетім балаларды асырап алуына толықтай тыйым салу туралы мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Депутаттық сауалды Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймын.

 

Құрметпен, Мәжілістегі ҚКХП

«Халық коммунистері» фракциясының  мүшелері

 

Ж.Ахметбеков

А.Қоңыров

Г.Баймаханова

Т.Кенжин

В.Косарев

Т.Өмірзақов

Б.Сорокин

18.09.2013 ж. жарияланды

Яндекс.Метрика