Home » "Коммунист Казахстана" » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

26.09.2012 ж. жарияланды. Қазақстан Республикасының

Көлік және коммуникация

министрі А.Қ.Жұмағалиевке

 

Депутаттық сауал

 

Құрметті Асқар Қуанышұлы!

 

Қазақстанның баға жетпес байлықтарының бірі оның сұлу табиғаты. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы тек Қазақстандағы ғана емес бүкіл Еуразия континентіндегі ерекше керемет жерлердің бірі болып табылады. Бұл жерде құс миграциясының екі маңызды Орта-Азиялық және Сібір, Оңтүстік Еуропалық жолдары қиылысады. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы әлемдегі сирек кездесетін құс қоқиқаздар мекендейтін солтүстіктегі ең шеткі нүктесі. Маусым айында мұнда қоқиқаздардың саны алпыс мыңға дейін жетеді. Жалпы алғанда, ұшып-қону жолы жағынан Еуразия континентінде Теңіз-Қорғалжын көлдеріне тең келетін көл жоқ. Онда құстардың 350 түрі ұялайды. Қорықтың көлдерінде әлемдегі бұйра бірқазанның 20 пайызы және тағы бір сирек кездесетін түр ақбас үйректің 20 пайызы шоғырланған. Жалпы, Қорық аумағында флораның 374 түрі өседі, мұнда су және құрлық жануарларының 1400 түрі мекендейді. Теңіз-Қорғалжын көлдері 15-16 миллион құстың қоректік қажеттілігін қамтамасыз ете алады және Қазақстандағы ғана емес бүкіл Азиядағы жыл құстарының маңызды сулы-батпақты мекені болып табылады.

1974 жылы Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Рамсар конвенциясына сәйкес әлемдік маңыздылығы бар сулы-батпақты жерлер қатарына жатқызылды. Бұл Конвенция тірі табиғатты сақтау саласындағы дүние жүзі бойынша маңызы өте жоғары халықаралық жаһандық келісімдердің бірі болып табылады. Ал жақында Парижде ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясындағы Халықаралық координациялық кеңесі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығын Дүниежүзілік ЮНЕСКО биосфералық резерваттар жүйесіне енгізу туралы шешім қабылдады.

Сондықтан, мұнда Қорық туризмін дамытып, оны туристерді тарту арқылы игерудің болашағы зор. Алайда, осындай баға жетпес қазынамыздың мол мүмкіндіктерін халықтың игілігіне жарата алмай отырмыз. Оның жалғыз және басты себебі Қорыққа баратын автомобиль жолының жоқтығынан. Дәлірек айтсақ жол бар бірақ сапасы сын көтермейді, жол толық бұзылған. Қорық Астанадан бар болғаны 176 шақырым жерде орналасқан. Қорыққа дейін автомобиль жолын салсақ Астанаға келіп жатқан мыңдаған туристерді тарту арқылы біз Отанымыздың ен байлығы – сұлу табиғатын әлемге насихаттап қана қоймаймыз, сондай-ақ жергілікті жердің дамуына, халықты жұмыспен қамтуға да айтарлықтай әсер етер едік.

Бұл «Астана – Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» автомобиль жолы жобасына барлығы 6,6 млрд. теңге қажет, атап айтсақ:

49 шақырым – 82 шақырым арасына күрделі жөндеуге – 2,3 млрд.;

82 шақырым – 123 шақырым арасына орташа жөндеуге – 615 млн.;

123 шақырым – 176 шақырым арасына күрделі жөндеуге – 3,7 млрд;

Жобаның ЖСҚ (ПСД) үшін – 30 млн.

ЖСҚ (ПСД) қажет етпейтін орташа жөндеу жұмыстарын 2013 жылы, ал күрделі жөндеуді 2014-2015 жылдары жүргізу қажет деп есептейміз.

Құрметті министр, Сізден осы «Астана – Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» автомобиль жолы жобасы үшін 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы қажетті қаражатты қарастыруыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалды Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

 

Құрметпен,

 

Ж.Ахметбеков ______________________________

 

 

Д.Назарбаева ______________________________

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Орынд. Н.Көшербай

тел: 74-62-15

Яндекс.Метрика