Home » Депутатские запросы Мажилиса Парламента V созыва » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

Білім және ғылым министрі

Б.Т.Жұмағұлов мырзаға

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Тұрсынұлы!

Менің атыма келіп түскен музыкалық мектептердің ұстаздарының талабы бойынша осы депутаттық сауалды жолдап отырмын. Өйткені бұл ұстаздар Үкіметтің 2011 жылғы 30 қыркүйегінде шыққан «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» №1122 қаулысы музыка мектептерінде дәріс беретін ұстаздардың құқығын шектеген деген пікірде.

Бұл қаулыға сәйкес жалпы білім беретін мектептердің ұстаздарына біліктілік сыныптамасы үшін қосымша төлемақы: базалық лауазымдық жалақыдан, жоғары санат үшін, – 100%, бірінші санат үшін – 50%, екінші санат үшін – 30% болса, ал музыка мектептерінің ұстаздары үшін қосылатын қосымша төлемақы бұрынғы күйінде қалған, яғни жоғары санат үшін, – 60%, бірінші санат үшін – 35%, екінші санат үшін – 20%.

Музыкалық мектептердің ұстаздарының құқығы еңбек демалысының ұзақтығы бойынша да кемсітушілік көріп отыр. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» заңының 47-бабына сәйкес музыкалық мектептердің ұстаздарының еңбек демалысы 56 күннен 42 күнге шегерілген.

Музыкалық мектептердің ұстаздары да байырғы ұстаздар секілді мектеп бағдарламасына сәйкес жұмыс жасайды, олар да 45 минуттан дәріс береді. Музыкадан сегіз жыл дәріс алған шәкірттерге арнайы кәсіптік білім алғандығын айғақтайтын арнайы куәлік беріледі. Жалпы алғанда музыка мектептерінің ұстаздарының еңбек жүктемесі байырғы мектептердегі ұстаздарынан аз емес.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, музыка мектептерінің ұстаздарына төленетін төлемақыларды жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары алатын деңгейге теңестірудің мүмкіншіліктерін қарастыруыңызды сұраймын.

Депутаттық сауалды Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймын.

Қосымша: 2 парақ.

Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП

«Халықтық коммунистер»

Фракциясы жетекшісінің

орынбасары Ж.Ахметбеков

Яндекс.Метрика