Home » Депутатские запросы Мажилиса Парламента V созыва, Партийная жизнь » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

С.Н.Ахметовке

 

 

Құрметті Серік Нығметұлы!

 

Өзіңізге белгілі Мәжіліс депутаттары тұрақты түрде республика өңірлерінде болып, еңбек ұжымдарымен, жеке азаматтармен кездесіп тұрады. Осындай кездесулер кезінде жұртшылық тарапынан келіп түскен ұсыныстарды қорытып, сараптап, жинақтап Сіздің қарауыңызға жолдап отырмын. Біздің пікірімізше бұл ұсыныстар қабылданып, заңнамалық негізге алынатын болса мемлекеттік бюджеттің қаражаты үнемделіп, мемлекеттік мүліктер де тиімдірек басқарылар еді деп пайымдаймыз. Ұсыныстарымыз:

1. Типтік жобалык-сметалык құжаттарды (бұдан әрі ЖСҚ) әзірлеу бойынша институт (ұйым) құру туралы:

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №241 «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтері туралы» Заңына сәйкес нысандардың (мектептер, балабақшалар, ауруханалар, көп пәтерлі тұрғын үйлер) және олардың кешендерінің құрылысы сараптамадан өткен ЖСҚ негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі күні, тәжірибе көрсеткендей, ЖСҚ әзірлеу, келісілу, бекіту, жобаға мемлекеттік сараптама жүргізу процесіне көп уақыт кетеді.

Сондықтан облыстарда әлеуметтік маңызы бар нысандардың типтік жобаларын әзірлеумен айналысатын, мемлекеттік жобалық институттардың болғаны абзал. Мұндай дайын типтік жобалардың болуы уақыттың және бюджеттік қаражаттардың үнемделуіне пайдасын тигізер еді. Әр мемлекеттік мекемеге ЖСҚ құру және бекіту қажеттілігі болмайды. Дайын типтік ЖСҚ тек жергілікті талаптарға бейімдеу ғана қалады (жер бедерінің, құрылыс жүргізілетін жердің географиялық, климаттық және басқа да ерекшеліктері есебімен). Жобаға мемлекеттік сараптама жүргізу де үлкен көлемдегі қаражатты (ЖСҚ құнынан 25%) және көп уақытты (45 күнге дейін) қажет етеді, бұл сондай-ақ тұрғызылатын нысандардың мерзіміне және құнына теріс әсерлерін тигізеді.

2. «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заңы бойынша:

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 қаңтардағы №123 «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында егістерді улау, жиналған егіннен кейінгі өрістегі ауыл шаруашылық дақылдарының бұзылуы немесе жойылуы, егіндерге зақым келтіру мәселелері алынып тасталған. Енді егістік жерлерді улауда келтірілген зияндарға өтемақы алу үшін азаматтарға сотқа жүгінуге тура келеді. Сондықтан, Үкімет егістік жерлерді улау мәселесі бойынша шаруа қожалықтарының мүддесін ескеруі қажет. Қосалқы шаруашылық жүргізетін азаматтардың малдарының, басқа да жануарлардың, егіндік және егістік жерлерінің улануына жол бермеу үшін қажетті барлық жағдайлар жасалуы тиіс.

3. Арнайы мемлекеттік жәрдемақылар бойынша:

Жәрдемақы алуға құқығы бар ҰОС кезіндегі «соғыс балалары» санатын енгізу. ҰОС жылдарындағы еңбек өтілін орнату бойынша қалалық комиссияларға 1935-1945 жылдары дүниеге келген азаматтардан құжаттар келіп түсуде. Олар алдағы уақыттарда жәрдемақы алу үшін «соғыс балалары» санатын орнатуды сұрайды, сонымен бірге соғыс жылдарьнда жұмыс атқаруған фактісін растайтын құжаттар оларда жоқ. Мұндай жағдайларда комиссия соғыс жылдарында жұмыс өтілін белгілеуден бас тартады, себебі 5 жастан 8 жасқа дейінгі балалар соғыс жылдарында жұмыс атқара алмаған. Бірақ соғыс ауыртпалығын тартқан, соғыстың қиянатын сезінген кешегі соғыс балаларына арнайы санатпен жәрдемақы белгіленсе тарихи әділеттік болар еді. Осыған байланысты әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау тәртібін қайта қарап, «соғыс балалары» мәртебесін белгілеу мәселесін қарауды ұсынамыз.

4. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы бойынша: Заңнамалық деңгейде мына мәселені зерделеуіңізді сұраймыз:

1) Жұмыстың түрлеріне, материалдардың құнына, еңбек шығындарына орай кондоминиум объектісін жөндеу және ұстап тұру үшін ай сайынғы жарналар көлемі мөлшерін белгілеу, аймақтың коэффициент енгізу, кезеңді түрде индексация жүргізіп отыру;

2) Кондоминиум объектісін жөндеу және ұстап тұру үшін төлемді уақытымен жүргізбегені үшін (3 айдан артық) үлкен көлемде айыппұл салу;

3) көппәтерлі ғимараттардың сейсмотұрақтылығын күшейту үшін жұмыстарды республикалық бюджет есебінен қаражат бөлу;

4) лифтілік шаруашылықты қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу;

5) тұрғын үйді кондоминиум нысандарын ресімдеусіз сатып алу-сату мәмілелерін жүргізуге тиым салу.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіптермен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймын.

 

Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП

«Халықтық коммунистер»

Фракциясы жетекшісінің

орынбасары Ж.Ахметбеков

Яндекс.Метрика