Home » "Коммунист Казахстана" » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

20.06.2012 ж. жарияланды.                                                                                                                                          Қазақстан Республикасының

Еңбек және халықты

әлеуметтік қорғау министрі

Г.Н.Әбдіқалықоваға

Депутаттық сауал

Құрметті Гүлшара Наушақызы!

Қазақстандағы зейнетақы жүйесіндегі келеңсіздіктер осы депутаттық сауалды жолдауға мәжбүрлеп отыр. Депутаттардың атына келіп түсіп жатқан арыздар мен шағым хаттарды тереңірек, зерделеп қарайтын болсақ, зейнетақының дұрыс есептелмеуінің кесірінен, немесе заңнамадағы олқылықтардың болуы себепті, көптеген азаматтарымызға тиесілі зейнетақылары шектеліп, олардың конституциялық құқықтарының бұзылып отырғанын көріп отырмыз.

Мысалы, депутаттардың атына келіп түскен кейбір арыздарды қараңыз: Павлодар облысынан А.Сұлтанова «Алтын алқа» иегері, зейнетақысы 37000 теңге, осы кісінің отағасы еңбек стажы 38 жыл, зейнетақысы 26000 теңге. Қызылорда облысынан Т.Жүнісов еңбек стажы 37 жыл 8 ай, зейнетақысы 27 012 теңге. Осы азаматтарға базалық зейнетақы мөлшері 8720 теңгеден есептелген, және арыздардан көріп отырғанымыздай көптеген азаматтар еңбек стажына сәйкес белгіленген 26 000 теңге зейнетақымен күн көруде. Бұл бірақ мысал, ал мұндай зейнеткерлер елімізде мыңдап саналады.

Осы арыздарды қарау қорытындысында бізге берген жауаптарыңызда, бұл азаматтардың зейнетақысы заңнамаға сәйкес тағайындалған деген жауаптан танбайсыз. Күн көруге жетпейтін зейнетақы белгілеу арқылы азаматтардың жақсы өмір сүруін шектеп, констутуциялық құқықтарын бұзып отырған болса ол заңнаманы неге өзгертпейміз. Бүгінгі күні зейнетақының ең төменгі мөлшері азаматтардың күнкөрісін қамтамасыз ете алмайтын жағдайда. Сондықтан зейнетақыны белгілеу жүйесін түбірімен қайта қараумыз қажет.

Ал бізде базалық әлеуметтік стандарт ол ең төменгі күнкөріс көлемі болып табылады. Қазіргі ең төменгі күнкөріс көлемінің мөлшері 16 000 теңгенің шамасында деп белгіленіп отыр. Мұндай ақшаға қазір адам бір ай өмір сүре алмайды, бұл мөлшер кем дегенде одан үш есе артық болуы керек. Алайда, бұл күнкөріс көлемінің мөлшері қандай методикада есептегеніңізге байланысты осы деңгейді көрсетіп отыр. Бізде Зимбабве немесе Сомали секілді елдерде қолданатын методикадан кететін мезгіл келді. Біз өркениетті елдердің көпшілігінде қабылданған стандарттарды енгізіп, ең төменгі күнкөріс көлемін сол стандарттар бойынша айқындайтын методиканы енгізуіміз қажет. Ол кем дегенде халықтың жартысы тұтынатын тауарлар мен қызметтердің ең төменгі бюджетін құрауға негізделуі тиіс. Яғни, біз ең төменгі күнкөріс деңгейі етіп тек өлместің күнін көру шегі емес, орташа өмір сүру деңгейін белгілеуіміз қажет.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған соңғы Жолдауында әлеуметтік салада да еуропалық стандарттарға қол жеткізу міндетін қойып отыр. Ал Президент Жолдауы Үкімет үшін стратегиялық құжат. Әр адамның қалыпты өмір сүруі үшін ең төменгі күнкөрісті айқындаудың өркениетті елдердің көпшілігінде қабылданған стандарттарын енгізетін уақыт келді. Мысал ретінде айта кетейін, 90-жылдардағы Францияның «тұтыну корзинасында» өмір сүруге қажетті тамақ, тауарлармен бірге адамның көретін киносеансы, өсіретін гүлі мен оның тұқымы, аңшылық қаруы мен оның оқ-дәрісі, велосипеді мен фотоаппаратына дейін есептеледі екен. Бұл өркениетті елдерде адамға өмір сүру үшін қажеттіліктің бәрі «тұтыну корзинасында» ескеріледі деген сөз. Бұл жағдай Еуропа елдерінің барлығын дерлік қамтыған.

Қазақстан басқа пайдалы қазбаларды қоспағанда жылына 80 млн. тоннадан астам мұнай, адам басына шаққанда 1 тоннадан артық астық өндіреді. Бюджеті қалыпты, экономикасы дамып келе жатқан ел. Сондықтан әлеуметтік төлемдер де қоғамдағы қажеттілікке сәйкес, тиісінше өсіп отыруы тиіс. Әлеуметтік төлемдерді белгілеу стандартарын, соның ішінде зейнетақы жүйесін есептеуді түбірімен өзгерту ең басты мәселенің бірі. Республикамыздағы зейнеткерлікке шығудың тәртібі мен шарттарын түбірімен өзгерту үшін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізетін немесе жаңа заң қабылдайтын мезгіл жетті деп есептеймін.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіптермен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймын.

Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП

«Халықтық коммунистер»

Фракциясы жетекшісінің

орынбасары                                                                                                                                                                                                                 Ж.Ахметбеков

Яндекс.Метрика