Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Елбасының мақаласы – қоғам назарында

Елбасының мақаласы – қоғам назарында

Қ.Р-ның Президенті Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның жаңғыртылуы жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жарық көргелі бұл мақала қоғамымызда қызу талқыға түсіп, халыққа насихатталып жатыр. Осыған орай Қызылорда облысының Шиелі ауданында үстіміздегі жылдың қыркүйек айында дөңгелек үстел өткізілді. Жиын барысында жалпыға ортақ мына сұрақтар қойылды:

1. Елбасымыздың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы көтерілген ойларға Сіздің пікіріңіз қалай? 2. Қазіргі қоғамда еңбек адамына қаншалықты құрмет көрсетіліп жүр? 3. Сіз еңбек адамын дәріптеуде қандай бағыттарды ұстар едіңіз?

Сөз талқыға Шиелі аудандық маслихаттың хатшысы Әшім Оразбекұлы, «Нұр Отан» ХДП Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патыма Махамбет, білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті Шиелі филиалының төрағасы Рысдәулет Құдайбергенов және ҚКХП Шиелі аудандық комитетінің І-хатшысы Алдияров Әбдімомын секілді ауданға белгілі азаматтар қатысып, сұрақтарға жауап берді.

Өзінің сөз таластырушыларына қарағанда ҚКХП Шиелі аудандық комитетінің І-ші хатшысы Алдияров Әбдімомын ағамыз нақты әрі сенімді жауап берді:

1. Айтқандай Елбасы тапсырмалары елді елең еткізіп, халықтың қызу қуаттауына ие болды. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын мен де оқып шығып, қанағаттандым. Өмірдің ағысы, қоғамның дамуы бір орында тұрмайды. Қоғам жаңарады, соған қарай жаңа істер қолға алынады. Тәуелсіз еліміз де демократия талаптарымен дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасы Н.Ә Назарбаев өте орынды айтады: Қай қоғамда да адам өзінің бақуатты тұрмысын тек еңбекпен жақсарта алады. Еңбек етпей, масылдық психологиядан арыла алмаған адамның бойын жалқаулық, енжарлық билейді. Ал «Еңбек етемін, отбасымды асырауға қажетті табыс табамын» деп талпынғандарды жұмыс берушілер үнемі қолдай бермейді. Жалақысын уақытылы бермейді немесе келісім-шартқа төменгі жалақы төлеуді енгізіп те қояды. Мұндай тер ақысын ала алмай жүргендер қаншама?…Міне, осындай алалаудан кейін әлеуметтік теңсіздіктер орын алады. Жалпы, шетелдік компаниялар, өзіміздің мекемелер болсын, жұмысшылар да тепе-теңдікте ұсталмаса, арада әлуметтік арсыздыққа, ұластырар еңбек даулары туындай берері сөзсіз. Жалпы, біздің жарқын келешегімізге жасалған 20 қадам біріне-бірі толықтырып тұрған жақсы өмірдің тұтас жиынтығы деуге әбден болады.

2. Жоғарыда айттым, 20 қадам бүкіл халықты тұрлаулы тірлікке басып тұр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның тәуелсіз

мемлекет ретінде танылу үрдісін әлемге паш етіп келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып келе жатқандай дегенде, бұрынғыдан қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетіліп жатқан жоқ. Марапаттауды да, мақтауды да кәсіпкерлер, басшылар алады. Бұл дегеніміз, қоғамда екіге бөлінген кедейлер мен байлардың арасында кім бай, кім ауқатты, соларға ғана құрмет жасалады деген сөз.

3. Ауданымызда сонау Кеңес заманынан еңбек етіп, жанын салып жүргендер бар. Олар тасада қалуда. Бүгінгі билік басында отырғандар оларды біле бермейді. Олардың өткен еңбек жолына көз қырын да салмайды. Сондықтан, мерекелік марапаттауларда еңбек ұжымдарының ұсынысын алған жөн. Өйткені, ол адамның кім екенін бұрынғы еңбек еткен ұжымы ғана жақсы біледі. Көлденең ақыл айтып таныстарын тауыса алмайтындарға сенбеу керек. Ұжымдардағы партия, әйелдер кеңесі, ардагерлер кеңесі мен кәсіподақ ұйымдарының ұсынысы қабылданса, қоғамдық, мемлекеттік емес ұйымдардың да беделі артып, еңбек адамдарының қадамдары да ұзарып, 20 қадамынан асып түсер еді. Біз осылай істесек өміріміз бұдан да жақсара түседі. Ол – анық!

 

 

 

 

 

Қазақстан Коммунистік Халық партиясының

Қызылорда облыстық комитетінің

Баспасөз қызметшісі Жүнісова М.

Яндекс.Метрика