Home » № 17//10.05.2013 » Елімізде 2030 жылы барлық өндірілетін энергияның 10 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынатын болады

Елімізде 2030 жылы барлық өндірілетін энергияның 10 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынатын болады

Сәрсенбі күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын таныстыру барысында баяндама жасаған ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровтың айтуынша, елімізде «жасыл» энергетиканы дамыту қажеттілігі жаңартылатын қуат көздерінің үлкен әлеуетінің бар екендігіне және мұндай энергияның экологиялық тазалығына, «таза» қуатты өндіру ісінің қазбалы шикізатты қажет етпейтіндігіне байланысты болып отыр. Әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде 2050 жылға дейін отанымызда өндірілетін барлық энергияның 50 пайызын жаңартылатын энергия көздерінен өндіру туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты министр 2014 жылы аталған энергияның үлесі 1 пайыз, 2020 жылы 3 пайыз болатынын жеткізді. Ал 2030 жылы 10 пайыздық межеге жетпек. Бұл үшін министрлік әлемдегі барлық тәжірибе мен елімізде қалыптасқан жағдай ескерілген заң жобасын әзірлепті. Сонымен қатар, заң жобасы инвесторларды да, жеке тұтынушыларды да қолдауға бағытталған екен.

Министр «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң қолданысқа енгізілген 2009 жылдан бері заңнамалық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселелер туындағанын айтты. Олар жаңартылатын энергия көздері обьектілерін орналастыру мақсатында жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын өзгерту мүмкіндігі, ЖЭК обьектілерінде өндірілген электр қуатының бағасын анықтау, сондай-ақ ЖЭК-нен өндірілген электр энергиясын сатып алудағы кепілдіктерге байланысты.

Заң жобасы бойынша, мемлекет 5 киловаттан аспайтын ЖЭК қондырғыларын сатып алған жеке пайдаланушының 50 пайыз шығынын өтемек. Бұл норма елімізде жаңартылатын энергия көздері өндірісін дамытуға және отандық өндірушілердің нарығын қорғауға жағдай жасамақ. Яғни көбіне ауыл тұрғындары мен фермерлік шаруашылықтарды қолдауға бағытталмақ.

Тағы бір мәселе аталған нысандардың өндірген артық электр қуатын жалпы пайдалану желісіне сатуына байланысты болды. Германия мен АҚШ-та тұтынушы барлық өндірілген энергияны тұрақты тариф бағасымен бірыңғай энергия жүйесіне жібереді, ал өзі тұтынатын электр қуатын жалпы желіден, нарықтық тарифпен алып отырады екен. Осының нәтижесінде тұтынушының қондырғылары өзін бірнеше жылда ақтайды, ал мемлекет өз кезегінде «жасыл» энергетиканың жеке тұтынушылардың арасында жаппай тарауына қол жеткізеді.

Жаңартылатын энергия күн көзінен, жел қуатынан, су ағысынан алынатыны белгілі. Біздің елімізде басымдық күн көзінен алынатын энергияға берілетіні белгілі болды. Өйткені әзірше нарықта жел қуатынан энергия өндіретін қондырғылар қымбат болып отыр екен. Ал су көздері еліміздің барлық жерлерінде бар емес.

Бір айта кететіні, заң жобасының әлі толық пысықталмағандай әсерде қалдыруы болды. Бұны «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі, депутат В.Косарев те атап өтті. Ал жалпы заң жобасының еліміз экономикасының дамуына тигізер ықпалы зор болғандықтан депутаттар оны мақұлдады.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика