Home » "Коммунист Казахстана" » Есіміңнің есін шығарма

Есіміңнің есін шығарма

Талайға үлгі болар тарихы бар қазақ халқы шыр етіп өмірге баласы келгенде атадан қалған өшпес өнегесі, өлшеусіз салт –дәстүрімізбен ат қоямыз. Әр адамның аты өзінше жеке бір тарихпен ұштасып жатады. Тіпті кейде қойылған аттың адам тағдырына да әсер ететін кездері бар. Алайда қазіргі таңда біз осы бір құндылықтан айрылып бара жатқандаймыз. Мағыналы ат қоюды былай қойғанда, азан шақырып қойған есімімізді дұрыстап айта алмай жүрміз. Есімімізді қазақы әріптерден жырақтатып, орыстың қарпімен қылғындырған кезең кеңес үкіметі заманынан қалған өшпес таңба екені сөзсіз.

Осы орайда жастарды атамай –ақ, біз зиялы деп бағалап, қадір тұтатын аға буын өкілдерінің өзі есімдерін қазақылаудан қорқады. Неге? Бәлкім қорықпайды, есімін қазақы үнде естуге, әрі атауға арланар. Әрине бұның бәрі жорамал. Десе де жұмыс барысында алдан кес–кестеп кедергі келтіретінде осы бір олқылықтар. Мәселен атам қазақтың Жарасы – Джарас, Жүсіпі – Джусуп, Юсуп, Әсел – Асель, Жұмабек – Джумабек, Ерік – Эрик, Мөлдір – Мольдр, Сәуле –Сауле, Еркiн – Иркен, Еркин, Өсербай – Усербай, Өтепбай – Утепбай, Ыдырысы – Идирис болып өріліп жүр. Бұл тек қазақылығынан айрылып көлеңкеде тұрған есімдердің бір парасы ғана. Онымен қоса атамыздан қалған мұрадай тегіміздің соңынан қалдырмайтын «ов», «ев», «ова», «ева» тағы бар. Кез –келген 10 адамның төлқұжатын алып қарасаңыз бәрінде де не тегі не аты-жөні дұрыс жазылмаған. Оған кінәлі кім? Жөндеуге жол бермей тұрған себеп қандай? Бұған төлқұжат иелерi дер кезінде қателіктің алдын алмағаны үшін кінәлі болса, ал төлқұжатты берушi мемлекеттiк қызметкерлердiң қазақы дыбыстардан жиреніп қарайтынының кесiрi болар. Осы орайда «Мұның қалай?» деп жатқан тұлғалар иә болмаса «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын қазақша жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығын» (1996 ж. 2 сәуiр) неге орындамай жүрсiңдер?» – деп сұрап жатқан Iшкi iстер министрлiгiнiң қызметкерлерi жоқ.

Егемендiк алғанымызға 20 жыл болса да, бодандықтан құтылмағандығымыздың бiр көрiнiсi осы болар. Қысқасы, бұған кiнәлi – бiрiншi кезекте үкiметiмiздiң құлықсыздығы мен құнтсыздығы, екiншi кезекте халқымыздың енжарлығы мен еренсiздiгi.

Бірнеше жылдың алдында Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы жаңадан төлқұжат алатын жастарға арнап үндеу жариялады. Онда былай делінген: «Құрметті іні-қарындастар! Жасыңыз 16-ға толып, жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды аларда әкеңіздің атына орыстандыру дәуіріндегі жасанды түрде жалғанған, салтымызда жоқ «ов» («ова»), «ев» («ева») қосымшасынан құтылып, қазақ екенімізді білдіретін «ұлы», «қызы» деген сөздерді қосуларыңызды сұраймыз. Сіз тәуекел жасап осылай жасайтын болсаңыз Сіздерден тарайтын барлық ұрпақтың аты-жөні ұлттық нұсқада қалыптасады» деген болатын. Алайда бұл үндеудің қаншалықты қолдау тауып отырғаны бүгінгі біз бен сізге аян.

Онымен қоса соңғы кездері қазақтың қаракөз қыздарының есімі Элеонора, Замира, Мария, София, Сания, Света, Клара, Лаура, Жания, Жанна, Лиза, Мая, Зоя болса, ұлдары Артур, Ануар, Арслан, Руслан, Эрнс, Тимур, Мадьяр, Илья т.б. деген еуропаланып кеткен есiмдермен толығып жатыр. Міне, қазақ халқының бүгінгі ұрпағы осылай бағыт қана алып қоймай ендігі кезекте ата-баба аттарында бұрмалайтын болдық. Қалай дегенменде бүгінгі қоғамдағы ерсiлiк, өрескелдiк, келеңсiздiк, сорақылық деп аталатын ұлтсыздықпен, санасыздықпен, басқаша айтсақ, мәңгүрттiкпен күрес елiмiзде үзілмей жалғаса берері қақ.

Атам қазақтың «аты бұзылған елдің заты да бұзылады» деген қанатты сөзі жайдан – жай айтылмаса керек-ті. Себебі Әзірбайжандар – Мамедоглы, Украиндер – Костенко, Түркімендер – Мактумкули, Литвалықтар – Вайкуле, Орыстар – Иванов… осысына қарап ақ кімнің қай ұлт екенін ажыратып аласыз. Ал біздің қазақ ше? Шынымен де әр адамының қай ұлт екенін көрсететін аты мен тегі. Ендеше өзіңіздің қазақ екеніңізді өзгелердің алдында дәлелдей алмай, дал болып жүрмеңіз.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

АСТАНА

Яндекс.Метрика