Home » "Коммунист Казахстана", № 27//19.07.2013 » Ескі және апаттық үйлердің жағдайы не болмақ?

Ескі және апаттық үйлердің жағдайы не болмақ?

«Ай-хай өз үйім, кең сарайдай боз үйім»- деп Жиренше шешен айтқандай, қазіргі кездегі әр адамның арманы, ол – өз шаңырағы. Тәуелсіздік алған 21 жыл ішінде елімізде өте көп ғимараттар салынып, жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Дей тұрғанмен де бір жағын сәндесек, бір жағы көңіл толтырмайды. Еліміздің жүрегі – елордамыздың өзінде(басқа аймақтарды айтпағанда), әлі де шешімін таба алмай отырған ең өзекті мәселелердің бірі – баспана мәселесі. Осыдан жанына маза бермейтін сұрақ туындайды: ескі және апаттық үйлердің жағдайы не болмақ және жаңадан салынып жатқан үйлердің сапасы қандай? Әрине, бұл сұрақ қаламыздың әр тұрғынын алаңдатады.

2009 жылдан бері Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының Астана қалалық комитеті ескі және апаттық үй тұрғындарының жан айқайын жоғарыға жеткізумен келеді. ҚКХП-ның Астана қалалық комитеті қала тұрғындарынан келіп түскен хаттарды қарастырып, ескі және апаттық үйлердің тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырды. Кенесары (халық арасында Жуковка деп аталып кеткен), Карталинск(1934 ж.), Қарасай батыр(1935 ж., 1936 ж), Кривогуза, Сембинов(32,33,34 үйлер), Шынтас орамы(1947 ж. – 7 үй), Бейбітшілік(18а, 18б) көшелерінің тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, жауаптарын сараладық. Бұл үйлердің біраз бөлігі 1934-1936 жж.   салынған. Соңғы 20 жыл ішінде ешқандай қайта жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Бейбітшілік көшесіндегі 18-б үй күннен күнге жер қойнауына еніп бара жатқандай іргетасы отырып,  құлау үстінде тұр. Жалпы, барлық ескі үйлерде тұрғындарға үйдің төбесі қиындық туғызады. Себебі, үйдің төбесі жөнделмеген, тек қана қара қағаз төселіп, жұқа қаңылтырмен немесе шифермен қалай болса солай жабылған. Шатырдың ағаш тіреулері шіріген, төбе  болса  сүйеніштің және уақытша жасалған қоспа тіреудің арқасында әне-міне құлайын деп тұр. Бөлмелердің аумағы 16,1 м²-ден  27 м²-ге дейін болғандықтан, бұл үйлерді шағын үйлер санатына жатқызады. Бір пәтерде 3-5 адамнан тұрады, яғни бір адамға 4 м²-ден жерден келеді. Біз құрастырған тұрғын шарттарды зерттеу актісі негізінде, осындай жағдайда тұрып жатқан 17 көпбалалы отбасы, 12 жалғыз басты зейнеткерлер және көптеген жалғыз басты әйелдер бар екендігі анықталды. Мысалы, Сембинов көшесіндегі 1962 жылы салынған 36 үй, 8 пәтерде асыраушысы жоқ жалғыз басты әйел адам тұрады. Ең кішісі 6 айдан асқан, ең үлкені 9 жастағы балаларын әр түрлі жұмыс істеп, бір күндік күнкөріс табысымен асырап отыр. Онсыз табысы төмен адамдар су құбыры, жылу құбыры тартылмаған үйлерде су тасып, от жағып амалсыздан тұруға мәжбүр. Бұл ол тұрғындардың жазығы емес, бұл осы қиындықтарды шешуді уақытында қолға алмаған әкімдіктің кемшілігі.

Қала әкімдігінің бағдарламасы бойынша, 2006-2008 жж. ескі және апаттық үйлердің 95-і құлатылуы тиіс еді. Бұл бағдарламасында  апаттық  үйлерді құлату инвестордың қаржысымен іске асуы тиіс деп көрсетілген. Ал, біздің білуімізше жаңа үйлерді салу, құлатылуы тиіс ескі үйлер жоқ жерлерде жүргізілуде, сондықтан да тұрғындар қаланың лас, қараңғы түпкірінде тұруға мәжбүр.  Соғыстан кейінгі және тың игеру жылдары салынған Кенесары көшесінде (Кенесары көшесінің Б.Бейсекбаев, Егемен Қазақстан көшелерімен қиылысындағы үйлер) 8-12 пәтерден тұратын 17 үй бар. Бұл үйлерде тек қана орталықтанған жылу тартылғанымен су даладан әкелінеді. Сыртқы көрінісінен  гөрі  ішкі жағы адам қорқарлық жағдайда. Үйдің төбесі, ішкі жағы, үйдің астындағы жертөлелер міндетті қайта жөндеуді қажет ететін күйде.

Жалпы, «Тұрғын үй басқармасының» есебі бойынша, қаламызда 232 апаттық үйлер бар екен. Онда 3552 пәтерде, 15 мыңдай адам тұрады. Ескі және апаттық үйлерде тұрып жатқан тұрғындар қаламыздың өзге тұрғындар сияқты пәтерлерін кезінде жекешелендіргенімен, бұл үйлерді адам тұруға жарамды деп айтуға қиын. Сол себепті, Қазақстан Республикасының Конституциясын және азаматтардың лайықты тұрғын үйге құқықтарының халықаралық құжаттарын, қағидаларын негізге ала отырып, қала әкімдігінен ескі және апаттық үйлер тұрғындарының тұрғын үй мәселесіне байланысты шұғыл шара қолдануы қажет деп есептейміз.  Ол үшін ескі және апаттық үйлерді қайта қалпына келтіру немесе тұрғындарды жаңа жерге орналастыру бойынша бағдарлама еңгізіліп, онда көпбалалы отбасылар(5 не одан да көп балалы отбасы), мүгедектер мен еңбек ардагерлері ең бірінші санатта болуы шарт. Тұрғын үй басқармасының қаржының жетіспеушілігі деген мәліметтерге сүйенері хақ, бірақ қарапайым халықтың тұруға жарамсыз тұрғын үйді жекешелендірулеріне мәжбүр болғандарына, қаламызда кең ауқымда жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысының жеңіл табыс, бизнес көзіне айналып кетіп бара жатқанында  кінәсі жоқ.

2012 жылы «Қол жетімді баспана 2020» мемлекеттік тұрғын үй  бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, қала әкімдігінің ұйымдастыруымен уәкілеттілік ұйым – «Елорда даму» ЖШС  құрылды. Осы жылдың сәуірінде осы жобаны қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметінің ұсынысын мемлекет басшысы қуаттап, «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қорынан 20 млрд теңге көлемінде несие бөлу қарастырылды. Ал, осы бөлінген қаржылар ескі және апаттық үйлерді құлатып, орнына жаңа үй салуға жұмсалады ма, әлде жаңа жерлерге салуға жұмсалады ма?

Тұрғын үй салу құрылысында тұрғын үй көлемінің 1 м² – 600-800 АҚШ долларына салынса, тапсырылған  кезінде 1500-2000 АҚШ долларына бағаланады. Бұл ретте құрылыс компаниялары мен банктердің өзара келісімінің құрбаны болған салымшылардың дауын айтпасақ та түсінікті. Бұл аздай мансардалы пәтерлер деген тағы бар. Мұндай  пәтерлерді қарапайым үйлерден пәтер сатып алуға шамасы жетпеген  жандар алған. Мансардалы қабаттарға су көтерілмейді, яғни ішетін суды олар да сырттан тасиды. Ал, жауын күндері төбеден аққан судан құтылумен әлек. Тұрғындардың айтуынша, бұл пәтерлер тұруға жарамсыз. Мұндай мансардалы пәтерлер жаңадан салынған үйлердің үстерінде де бар. Оның үстіне қазіргі салынып жатқан  үйлердің күйі қуантарлық жағдайда емес. Жоғарыда айтқан ескі және апатты үйлердің тарихы – жартығасырлық,  сонау 20 ғасырдың 40-50 жылдары салынса, қазіргі салынып жатқан үйлердің жағдайы сын көтермейді. Ескі жатақханалардың төбесіне салынған мансардалы пәтерлерде тұрып жатқан тұрғындардың жағдайының онып тұрғаны шамалы. Жаңа жерлерге салынып жатқан жаңа үйлердің сапалық деңгейі қандай?-деген сұрақтың төңірегінде де  бір мысал келтіруге болады.  Астана қаласы оңтүстік-шығыс(сол жаға)  жеке тұрғын үй құрылыс ауданындағы жеке тұрған үй кешені – тапсырыс беруші: Астана Құрылыс басқармасы; мердігер: «Инженерлік – Сервис компаниясы» ЖШС ; құрылыстың басталу мерзімі: сәуір 2009 ж.; аяқталу мерзімі: мамыр 2011 ж. Құрылыс төлқұжатына қарасақ көбінің арманына айналарлықтай әдемі үй,  ал салынып жатқан кездегі көрінісі қарауға бет шыдатпайды. Терезе тұстарындағы кірпіштер қалай болса  солай қаланған, тіпті кейбір кірпіштерді бір жерден бұзып алып келіп, қалай салған. Одан кейін алып бет жағын түзу кірпіштермен қалай салады.  Қыс мезгілдері солтүстік пен батыстан соққан суық жел үйдің ішін ұлытып, тұрғындардың мазаларын қаштырмасына да ешкім кепілдік бермейді. Сонда құрылысты жүргізіп жатқан компаниялар кімді алдап отыр? Қарапайым халықты ма, әлде үкіметті ме? Ал, әкімдікке неге осындай жағдайларға  қатысты шара қолданбасқа?

Қаламыздың тұрғындары қазіргі үйлердін сапасына, ескі және апаттық үйлердің жағдайына алаңдайды. Ескі және апаттық үйлер құлатылып, жаңа үйлер салынып жатыр,- деген жақсы хабарды естігенше қаламыздағы ескі және апаттық үйлер мен жаңа үйлеріміз Қарағандыда құлаған үйдің кейпін кешпесе жарар еді.

ҚКХП-ның Астана

қалалық комитетінің

бірінші хатшысы

Ұ.Байзакова

Яндекс.Метрика