Home » "Коммунист Казахстана", № 44//20.12.2013 » Халықаралық балалар телеарнасының күні: теледидар досымыз ба әлде қасымыз ба?

Халықаралық балалар телеарнасының күні: теледидар досымыз ба әлде қасымыз ба?

Балалар телеарнасы – бұл тақырып ешкімді бей-жай қалдырмайды, себебі барлығымыз балалық шақтан өттік, ең қызықты, ең тәтті күндеріміз бала кезбен байланысты. Әлем халықтары желтоқсан айының екінші аптасында баллалар телеарнасының күнін тойлайды. Жалпы бұл мереке 1994 жылы сәуір айында БҰҰ Балалар қорының өкілдерімен бекітілген.

Қазіргі таңда теледидар балалардың ажырамас серігіне айналғаны жасырын емес. Олардың көпшілігі кітап оқуды қойып, өздігінен ойлау қабілетінен айрылған. Бүлдіршіндердің 65-70 пайызы бос уақытында теледидар қарайды екен. Ал көк жәшік қаншалықты пайдалы немесе зиянды? Бұл жөнінде ғалымдар талай зерттеу жүргізіп, қорқынышты мәліметтер беруден шаршаған емес. Американдық ғалымдардың зерттеуінше балалар шамамен 2 жастан бастап теледидар көре бастайды. Олар күніне уақыттарының 30 % теледидарға арнаса, жалпы орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат экран алдында отырады екен.

Кез келген заттың оң және теріс әсері болатындай, теледидар да балаларға екі жақты әсер етеді. Негізінен теледидар – ақпарат және ойын-сауықтық дүниелерді тарататын құрал болып табылады. Өзінің жаратылысы бойынша ол жақсы да, жаман да емес. Оған маңыздылықты, мәнді адамдар береді. Сонымен, теледидар қарағаннан қандай пайда бар?

Жас өспірімдер  үшін – теледидардан көрген дүниесін достарымен талқылайды. Бұл дегеніміз оның достық байланысын нығайта түседі, оған қарым-қатынас жасауда көмектеседі. Әртүрлі жастағы балаларға арналған танымдық және ғылыми бағдарламалар. Жануарлар, әртүрлі мемлекеттер және ғалымдардың ашқан жаңалықтары туралы бағдарламалар, сонымен қатар көптеген жаңа фактілер олардың ой-өрісін дамытады, ғылыми қызметке қызығушылықтарын арттырады. Сондай-ақ білімге қатысты да көптеген бағдарламалар бар, солардың арқасында өзге тілдерді үйренуге болады. Себебі қазіргі заманда тіл білмеу уақыт талабына сай болмай тұр. Кішкентай балалар сапалы мультфильмдер қарау арқылы өздерін жақсы жағынан қалыптастырады, сондағы қаһармандарға ұқсау мақстаныда бойларын түзейді, армандауды үйренеді, ата-аналарымен бірге талқылап, оларға жақындай түседі. Жалпы, ата-аналарымен бірге теледидар қарау өте пайдалы, себебі бала түсінбеген тұстарын ата-анасынан сұрап, біліп отырады және алған әсерімен бөліседі. Бұл теледидардың пайдалы жақтары болатын, ал енді зиянына тоқталсақ.

Дәрігерлердің айтуынша теледидар бала өмірінде ол есейген, ойлау жүйесі қалыптасқан уақытта пайда болуы керек, яғни бала 13-15 жасқа толмай теледидарға жақындатпауға тырысу керек. Ата-ананың қарауынсыз бала күнінен теледидар көруге рұқсат ету, көптеген зиянын тигізеді:

Көру қабілетін нашарлатады. Таңнан қара кешке дейін теледидар қарау көздің дамуына әсер етеді, себебі оның табиғи қызметін қамтамасыз етпейді.

Мидың жұмыс істеу жүйесін нашарлатады. Бала ойлау қабілетінен айрылады. Ол үнемі кереметті күтумен болады, өздігінен жаңа идеяалар ұсыну тұрмақ, оған ықыласта танытпайды.Теледидар алдында ұзақ отырудың әсерiнен баланың омыртқа жотасы қисаяды. Сонымен бірге аз қозғалғандықтан денеде артық май жиналып, семiздiкке әкелiп соғады. Жүйке жүйесiнде ауытқулар пайда болуы мүмкiн. Ұйқының бұзылуы, жасқаншақтық, жалтақтық, тез ашулану, сабырсыздық т.б орын алады.

Балалар теледидарға әуес болып өспес үшін оған үнемі уақыт бөліп отыру керек. Өкінішке орай қазіргі таңда теледидарсыз  мүмкін емес сияқты. Сол үшін баланың қандай кино немесе мултьфильм көріп отырғандығын бақылап, одан міндетті түрде алған әсерін сұрау керек. Қандай кейіпкердің ұнағанын, не үшін ұнағанын, қай нәрсенің дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін көрсетуге тиіспіз. Сонда ғана бала ненің оң, ненің теріс екенін біліп өседі.

Әзімхан Гүлнұр, Алматы

Яндекс.Метрика