Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Халық үні естілуі тиіс

Халық үні естілуі тиіс

Біз әрдайым теледидар арналарынан және газет-журнал беттерінен күнделікті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің ушығуының куәгері болып келеміз. Және де бұл мәселе тек бір жыл ғана емес, бірнеше жлдар бойы таусылмас дау болып келе жатқан жағдай. Қаншалықты «Мықты елдердің қатарындамыз, экономикамыз нығайды, өстік, өркендедік» – деп келсек те, елімізде барлығы дерлік қанағаттанарлықтай жағдайда емес екендігін мойындауымыз керек. Әрине, біздің қолымыздан бүкіл шағымданушылардың арман- тілектерін орындау келе қоймас, десек те талай әкімшіліктер мен құзырлы органдардың есіктерін тоздырған, бүкіл шараларды қолданып, еш нәтижеге қол жеткізе алмағандықтан үміттерін үзген азаматтарымыздың көкейіне кішкене де болса сенім отын жағу қолымыздан келері сөзсіз. Шешілмейтін мәселе болмайды. Тек әр қызмет саласындағы мамандар өз қызметтерін адал атқарса болып жатыр. Себебі, қазір жемқорлық аты жалмауыз бүкіл жерді жалмап алған. Оның шырмауынан шыға алмай жүргендер әлі де бар. Еліміздегі қандай мәселе (проблема) болмасын, айналып келгенде осы бір «Жемқорлық» сөзінің айналасында жүреді. Бірақ, менің айтқым келіп отырғаны талайлардың аузында жүрген жемқорлық мәселесі емес. Осыдан қателеспесем жарты жылдай бұрын ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің заңгерлік көмек көрсету қызметіне Климкович Станислав Викторович атты азамат келіп, өзінің мұңын шаққан болатын. Өзінің неше жыл бойы күйініп келген мәселесін айтқан Климкович мырза әңгіме арасында көзіне тіпті жас та алған болатын. Бұл көз жастың шарасыздықтан туып отырғандығы ап-айқын байқалып турды. Қаламыздың оңтүстік бөлігінде орналасқан көп қабатты үйлердің бірінің тұрғыны Климкович мырза бірнеше жылдан бері әділеттікті күтуде. Өзінің аумағына қарасты КСК-дан бастап әкімшілікке дейін барлығына ұжымдық арыз-шағым жазған кейіпкеріміз осы күнге дейін ешқандай нәтижеге қол жеткізбеген. Ол дегеніміз жоғарыдағылардың құлағына бұның зар- мұңы жетпеген деген сөз.

Ал мәселе болса өте ауқымды. Климкович тұрып жатқан көп қабатты үйдің өжіресін (подвал) көптеген жылдар бойы су басып жатыр. Сасық, қоқысқа толы су. Бұл «жұпар» иісті тіпті осы үйдің тұрғындарының пәтерінен де байқауға болады. Бүкіл кәріз жүйелерінен аңқыған иіс өте жағымсыз. Бұның куәгері ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің ІІ – ші хатшысы Опабекұлы Жүрсін болды. Ол әдейілеп барып өжіренің жағдайы мен және әлгі жоғарыда айтылған «жұпар» иістің куәгері болды. Иіс қана болса бұл мәселенің жартысы ғана болар еді, бүкіл үй өжіредегі судың кесірінен ылғалданып тұр, бұл әсіресе суық күндері қатты байқалады. Ал ыстық күні, яғни жаз айларында үйдің жан-жағы масадан арылмайды. Талай рет үй тұрғындары ақылы түрде жиысып, суды арнайы көлікпен, құрылғылармен тартқызған. Бірақ, бұдан еш пайда байқалмаған, себебі бірнеше күннен соң су қайтадан өзінің арнасына толып отырған. Жылу

құбырларының мәселелері де өте күрделі, қыс мезгілінде құбырлар істен шығып қалып жатқан жағдайда сасық, суға толы өжіреге түсуге екінің бірі келісе бермейді, тіпті бұл тікелей оның қызметіне қатысты болған күннің өзінде. Расында, осы үйде тұру үлкен ерлік, себебі оның иісі өте жағымсыз. Мәселенің мәнісі неде екен? Неліктен қанша табан тоздырып жүгіргендеріне қарамастан бұл үйдің тұрғындары әлі әділдікке жетпеген. Бұлардың қайғысы неліктен тек өз бастарының қайғысы болып отыр. Бұл мәселені шешу ешкімнің қолынан келмеуі мүмкін емес қой. Барлық құрылымдар бір-бірлеріне сілтеп келгендеріне осымен міне, талай жылдың жүзі болыпты «Шыдамның да шегі болады»,- деуші еді. Мына жағдайға қарасақ шыдамның да шегі болмайтын жағдайдың бар екендігіне көз жеткізе аламыз. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған шарасыз тұрғындардың ендігі соңғы үміті «Коммунистерде» сияқты.

Климкович мырза партия қатарына ең алғашқылардың бірі болып келіп тіркелген еді. Белсенді мүшелердің бірі. Алайда, ҚКХПартиясына шағымдану соңғы мезетте ойына келген. Әбден шаршап, шалдығып шарасыз қалғандықтан. Көршілерімнің көбісі үміттерін үзіп, осы қасіретке «төзулеріне тура келді, ал мен әлі үмітімді үзбей әділдік ерте ме кеш бәрібір орнарына сенгім келеді,» – дейді ол. Жүрегімен коммунист болып келген Станислав Викорович «КНПК партия, которая защищает права простого народа, он никогда не останется в стороне от таких проблем» дей келе біздің партиямызға үлкен үміт артты. Сол себепті біз бұл мәселеден бей-жай қалмай газет бетіне жариялауды жөн көрдік. Бұл тек Климковичтың, немесе сол қатерлі үй тұрғындарының, немесе Қызылордалықтардың ғана проблемасы емес, бүкіл Қазақстандықтардың ортақ проблемасы. Өйткені осындай үй елімізде өкінішке орай біреу ғана емес. Тура осы тұрғындардың мәселесі мыңдаған адамның басында бар. Және олардың көбінің үміттері үзілген. Бұл бейқам қалатын мәселе емес. Өсіп, өркендейміз еңсесі биік ел боламыз деп келіп, артымызда үлкен маңызы бар проблемаларды байқамаған сыңай білдіруге болмайды. Бұл біздің халқымыздың тұрмыс-жағдайының айқын келбеті. Бұл шындық, және де бұл шындықтан ешқайда қашып кете алмайтындығымызды мойындауымыз керек. Халық қалаулылары, халыққа қызмет етуші шенөуніктеріміздің құлағына бұл үн жетуі тиіс. Халқымыздың әрбір еңіреген даусы, мұңы, зары жауапсыз қалмауы керек. Олай болмаған жағдайда «Біз бақытты елміз!» деп айқайлаумыз бекер. Болашағымыз жарқын болсын десек, одан зор үміт күтсек, қарапайым халқымыздың жүрегіне үміт отын жаға білейік!

 

 

ҚКХП Қызылорда обкомының

баспасөз хатшысы Жүнісова М

Яндекс.Метрика