Home » СМИ о КНПК » Халықтық коммунистер болашақ үшін күреседі

Халықтық коммунистер болашақ үшін күреседі

Өткен сенбіде «Алтын Қарғалы» шипажайында 2012 жылы қаңтар айындағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауына орай Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының кезектен тыс VІ съезі өтті. Онда партия пленумының қаулысы бойынша саяси партияның сайлауалды тұғырнамасы ортаға салынып, партиялық тізімдегі кандидаттар бекітілді.

Сонымен, Парламент Мәжілісі мерзімінен бұрын таратылып, саяси дода басталып кетті. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП) да өзде-рінің бұл саяси науқанға қатысуға дайын екендіктерін білдіріп, партия мүшелерін сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге шақырды. Съезді ашқан ҚКХП ОК-тің хатшысы Владислав Косарев партия алдында тұрған мақсат, міндеттеріне тоқталып, еліміздің жоғары заң шығарушы органында өз өкілдерінің жоқ екенін, сондықтан партия мүшелері Парламент Мәжілісі сайлауалды дайындық жұмысын жоғары деңгейде өткізуге мүдделі екендіктерін білдірді.

– Болашақ Мәжілістің және мәслихаттардың құрамы азаматтардың саяси талғамын барынша қанағаттандыратын болады деп үміттенеміз, – деді хатшы өз сөзінде. – Біз қоғамымыздағы жағдайды теңестіретіндей тетік болу ниетіндеміз, өйткені, бүгінгі күні өкілетті органдарда буржуазия – бай адамдар көпшілік болып отыр.

Бұл жерде Владислав Косарев өздерінің бай адамдарға қарсы күреспейтінін, кедейлікке қарсы күресетінін атап көрсетті. Сондықтан да партия, біріншіден, биліктің өкілетті органдарына, ең алдымен Мәжіліске қарапайым халықтың өкілдері кіруі үшін күреспек. Осылайша халықтық коммунистер өздерінің партиялық тізімдеріне партия хатшыларымен қатар, қатардағы коммунистерді де – мұғалім, кондитер, дәрігер, экскаваторшы, оператор-ларды да енгізді. Олардың арасында әр ұлттың өкілдері – қазақ, орыс, украин, татар, т.б. бар. Ең бір айта кетерлігі, партиялық тізімнің 30 пайызын әйелдер құрайды.

– Біздің Парламентке барудағы ең басты мақсатымыз – қарапайым қазақстандықтардың мүддесін қорғау. Біздер капитализмнің тығырыққа тірелгенін мәлімдейміз. Сондықтан халықтың ауқатты өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біздің партия осы шешімді дұрыс деп табады. Сондықтан халықтық коммунистер партиясы ең алдымен әлеу-меттік мәселелер – азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанар-жағар май, коммуналдық қызмет бағасының өсуімен күресетін болады. Сонымен бірге, болашақ мәжі-лісшілеріміз еңбекке сағаттық ақы төлеуді қарастыратын және жалдамалы жұмысшылардың құқығын қорғайтын тиімді жаңа еңбек кодексін қабылдауға ықпал етуге күш салатын болады.

Жиында ҚКХП-ның Қостанай обкомының бірінші хатшысы, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкий, Батыс Қазақстан обкомының бірінші хатшысы Екатерина Макеева, ҚКХП-дан Қарағанды облысы Абай аудандық мәслихатының депутаты Николай Дудкин, т.б. жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды.

– Біздің облыстық партия комитеті сайлауға кірісіп те кетті, – деді съезде сөз алған Жамбыл обкомының бірінші хатшысы Жанна Мамашева. – Негізінен партияның сайлауалды бағдарламасында бірқатар өзекті мәселелер қамтылып, жан-жақты көрсетілген. Кейін комиссия жұмыс істегенде ол тағы да толықтырылды. Қазір елімізде бірқатар саяси партия тіркелген. Сіздер білесіздер, адам ең алғаш үй салғанда алдымен іргетасын қалайды. Менің айтайын дегенім, сол партиялардың іргетасы – коммунистік партияның негізі, идеясы. Оны билік партиясынан бастап жаңадан құрылған партиялар-дың барлығы ұмытпауы керек. Әрине, саяси жеңіс, жеңілістер әр мемлекетте де болып жатады. Сондықтан олар өздерінің сайлауалды тұғырнамасында осыны негіз етіп, ескерулері тиіс.

Сондай-ақ съезде сөз алған мәртебелі қонақ – Куба елшілігінің бірінші хатшысы Мигель Санчес Ордоньес алдымен жиналғандарды ел тәуелсіз-дігінің 20 жылдығымен құттықтап, Куба коммунистерінің атынан табыс тіледі.

«Қазақстанның болашағы үшін» атты партия бағдарламасының Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын түпкілікті өзгертуге арналып, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы халықтың тұрмысын жақсартуды ойластырғандарын жеткізген ҚКХП ОК-тің хатшысы Жамбыл Ахметбеков съезде тұжырымда-малы түрде бекітілгенмен, Парламентке өтетін болса, биік мінберден сөйлеп, оны заң түрінде бекітіп, орындауға күш салатындықтарын жеткізді.

– Партияның кезектен тыс съезіне өңірлерден 67 делегат қатысып отыр, – деді ол бізге. – Барлық облыстардан түскен кандидаттар бойынша Парламент Мәжілісіне партиялық тізіммен 24 адам ұсынылды. Оны съезде бекітетін болса, үгіт-насихат науқанына ертеңнен бастап кірісеміз. Қазіргі кезде экономиканың қаншалықты өркендеп дамығанын ескеретін болсақ, оған кеткен қаражаттың қайда жұмсалып, қайда қойылып жатқанынан халық ха-барсыз. Сондықтан соның көзін ашып беріп, оны тек әлеуметтік салаға жұмсауды, бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру, тұрғын үй-ком-муналдық шаруашылығындағы өсіп жатқан тарифті қалай ауыздықтау, ескірген инженерлік жүйелерді ауыстыру мәселелерін қолға алмақ болып отырмыз. Олардың ішінде жұмыссыздықты, зейнеткерлерді, мүгедектерді, білім беру және медицина салалары қызметкерлерін де қамтыдық.

Съезд соңында күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Біз болашақ үшін күресеміз» сайлауалды тұғырнамасы бірауыздан қабылданып, 21 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. http://www.egemen.kz/

Яндекс.Метрика