Home » № 3//25.01.2013 » ХАЛЫҚ ЖАНАШЫРЫМЕН КЕЗДЕСУ

ХАЛЫҚ ЖАНАШЫРЫМЕН КЕЗДЕСУ

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 15-ші жұлдызында ҚКХП Қызылорда облыстық комитетінің ұжымы ҚР Мəжіліс депутаты, «Халық коммунистері» фракциясының белсенді мүшелерінің бірі Баймаханова Галина Александровнамен кездесу өткізді. Кездесуге обком мүшелері, аудандық жəне қала комитеттерінің хатшылары, сонымен қатар облысымыздың партия тарапынан белсенді мүшелері қатысты. Кездесуді Галина Александровна «Біздің партия – еңбекші халықтың партиясы» деген сөздермен бастады. Əрі қарай «20 жылда біз еңбектенуді ұмытып қалдық, мемлекет еңбек етуге толық жағдай жасай алмай отыр. Біздің партияның осы жағдайдағы орны қандай?

Біз биліктің қолы жетпей жатқан мəселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынуымыз тиіс» – деп мəлімдеді. Соның ішінде жастар мəселесін де көтерді. «Жастар заңының» қабылдануына ат салысуға тиіспіз. Ең басты 3 жағдай орындалған жағдайда жастардың өмір сүру деңгейі артпақ, олар: 1. жастардың сапалы білім алуы, 2. Олардың жоғарғы оқу орнының түлегі атанғаннан кейін жұмыспен қамтылуы 3. Жастардың тұрғын үймен қамтылуы. Бұл бүгін-ертең болатын жағдай емес, осындай деңгейге қол жеткізу үшін бірнеше жылдар бойы еңбек ету қажет, жəне коммунистер осы мəселенің шешім табу мақсатында күресуге дайын екендігін мəлімдеді. Келесі кезекте Галина Александровна жұмыссыздық мəселесіне де тоқтала кетті. Оның мəлімдеуінше елімізде көрсеткіш бойынша 3 миллион адам өзін – өзі жұмыспен қамтып отыр, оның ішінде 500 мыңға жуығы жұмыссыздар, ал қалғаны зейнетақыға жасы жетіп қалған азаматтар.

Оларға ешқандай əлуметтік қызметтер мен көмектер көрсетілмейді, жинақталған зейнет қоры жоқ, ешқандай сақтандыру саласында қызмет көрсетілмейді. Бұл дегеніміз олардың қоғам назарынан тыс қалып қойған азаматтар екендігін білдіріп отыр.

Біз олардың қартайған шағында баянды өмір кешуі мақсатында мүддесін қорғауымыз тиіс. Қартаю мəселесіне келер болсақ осы күннің ең өзекті мəселесі «əйелдердің зейнетақы жасының ұзартылуы» болды. «Халық коммунистер» фракциясы осыған байланысты өздерінің қарсылықтарын білдіргендігі баршаңызға мəлім.

Жəне де біз, коммунистер, толығымен бұл қарсылықты құптайтындығымызды айттық. Тек қана коммунистер емес, бүгінгі таңда көптеген облыс тұрғындары осы мəселеге наразылықтарын білдіріп отыр. Жəне де бізбен келісіп, осы майданда бірге күресуге шақырып отыр. Сол себепті біз Галина Александровнаға «біз əйелдердің зейнетақы жасының ұлғаюына қарсымыз» деген ұстанымды тек өзіміздің емес, барша Қызылорда облысы тұрғындарының атынан жеткіздік. Жұмыла жасаған жұмыстың жеңісі сəтті болып, жемісі тəтті болары анық.

Кездесу барысында халық қалаулысы Баймаханова, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауы қызу талқылану кезінде, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы бұл мəлімдемеден шет қала алмады деп атап өтті. Осы стратегия аясында жұмыс қызу жүріп кеткендігін жəне əлі де біраз жұмыстар жүргізілетіндігін мəлімдеген депутат олардың алдағы уақытқа əлі көптеген жоспарларының бар екендігін, жəне біздің яғни, халықтың қолдауымен осы жұмыстарының нəтижелілігіне қол жеткізбекші екендіктерін айтты. Халық Коммунистерінің Парламент табалдырығынан аттап кіргелі бері қол жеткізген жетістіктерін, сонымен қатар əлі шешімі табыла қоймаған жұмыстарын баян еткен Баймаханова ханым «2012 жыл біздер үшін жаман болмады, біз өзіміздің бар екендігімізді жəне қарапайым халықтың жағдайының жақсаруы үшін барын салатынымызды білдірдік» деді.

Өзінің талай жылдар бойы еңбек етіп келген саласы бойынша «Жер қойнауы» туралы заң жобасы аясында примьер министрдің қабылдауында болып, сол жобаның жанашыры ретінде өз ұсыныстарын  білдірген.

Сонымен қатар «Ақ бұлақ» бағдарламасына байланысты фракция сол бағдарламаның аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қалай орындалып жатқандығына қатаң қадағалау қажеттігін мəлімдеді. Қызылорда облысы бойынша тағы бір өзекті мəселенің бірі күріш шаруашылығы. Суарылатын судың жетіспеуіне байланысты күріш алқаптары көлемін азайтып орнына басқа дақылдар орналастыруға жұмыс жүргізілуі қажет.

Солайша халық алдында барлық жасалынған жəне жоспарда бар жұмыстарын баяндап берген Баймаханова жолдас, Қызылорда обкомының 2012 жыл бойына жасалынған жұмыстармен танысып, бұл жұмысты жетілдіре түсу жолдарын нұсқады. Обком жұмысының дəйектілігін арттыру мақсатында қоғамдық қабылдауды жандандыру, қызметкерлер арасындағы міндеттерді бөлісуді жетілдіру қажеттігін айтты.

Сонан соң, қатысушылар өздерінің сауалдарын қоя отырып, «халық коммунистері» фракциясының мүшелері тарапынан қолдауға ие болатындықтарына көздерін жеткізді. Халықтың басынан өткізіп жатқан қиын кезеңдердегі үнін бұл азаматтарымыз естіп қана қоймай, сол істің нəтижелі болмайынша күресетіндігіне қатысушылар бір марқайып қалды. Осылайша өте қызықты кездесу барысында біз уақыттың зымырап өткендігін де байқамай қалыппыз. Қалай болған күнде де халықтың жоғын жоқтап, жағдайын жасап жүрген азаматтарымыздың жұмыстары жемісті болмақ деген ниеттеміз.

М.Жүнісова Қызылорда қаласы

Яндекс.Метрика