Home » Кызылординский обком, Партийная жизнь » Халық жанашырымен кездесу

Халық жанашырымен кездесу

Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 15-ші жұлдызында ҚКХП Қызылорда облыстық комитетнің ұжымы ҚР Мәжіліс депутаты, «Халық коммунистері» фракциясының мүшелерінің бірі Галина Александровна Баймахановамен кездесу өткізді. Кездесуге обком мүшелері, аудандық және қала комитеттерінің хатшылары, сонымен қатар облысымыздың партия тарапынан белсенді мүшелері қатысты. Кездесуді Галина Александровна «Біздің партия – еңбекші халықтың партиясы» деген алғы сөздермен бастады. Әрі қарай «20 жылда біз еңбектенуді ұмытып қалдық, мемлекет еңбек етуге толық жағдай жасай алмай отыр. Біздің партияның осы жағдайдағы орны қандай? Біз биліктің қолы жетпей жатқан мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынуымыз тиіс» – деп мәлімдеді. Соның ішінде жастар мәселесін де көтерді. «Жастар заңының» қабылдануына ат салысуға тиіспіз. Ең басты 3 жағдай орындалған жағдайда жастардың өмір сүру деңгейі артпақ, олар: 1. жастардың сапалы білім алуы. 2. Олардың жоғарғы оқу орнының түлегі атанғаннан кейін жұмыспен қамтылуы және 3. Жастардың тұрғын үймен қамтылуы. Бұл бүгін-ертең болатын жағдай емес, осындай деңгейге қол жеткізу үшін бірнеше жылдар бойы еңбек ету қажет, және коммунистер осы мәселенің шешім табу мақсатында күресуге дайын екендігін мәлімдеді. Келесі кезекте Галина Александровна жұмыссыздық мәселесіне де тоқтала кетті. Оның мәлімдеуінше елімізде көрсеткіш бойынша 3 миллион адам өзін – өзі жұмыспен қамтып отыр, оның ішінде 500 мыңға жуығы жұмыссыздар, ал қалғаны зейнетақыға жасы жетіп қалған азаматтар. Оларға ешқандай әлеуметтік қызметтер мен көмектер көрсетілмейді, жинақталған зейнет қоры жоқ, ешқандай сақтандыру саласында қызмет көрсетілмейді. Бұл дегеніміз олардың қоғам назарынан тыс қалып қойған азаматтар екендігін білдіріп отыр. Біз олардың қартайған шағында баянды өмір кешуі мақсатында мүддесін қорғауымыз тиіс. Қартаю мәселесіне келер болсақ осы күннің ең өзекті мәселесі «әйелдердің зейнетақы жасының ұзартылуы» болды. «Халық коммунистері фракциясы» осыған байланысты өздерінің қарсылықтарын білдіргендігі баршаңызға мәлім. Және де біз, коммунистер толығымен бұл қарсылықты құптайтындығымызды айттық. Тек қана коммунистер емес, бүгінгі таңда көптеген облыс тұрғындары осы мәселеге наразылықтарын білдіріп отыр. Және де бізбен келісіп, осы майданда бірге күресуге шақырып отыр. Сол себепті біз Галина Александровнаға «біз әйелдердің зейнетақы жасының ұлғаюына қарсымыз» деген ұстанымды тек өзіміздің емес, барша Қызылорда облысы

тұрғындарының атынан жеткіздік. Жұмыла жасаған жұмыстың жеңісі сәтті болып, жемісі тәтті болары анық.

Кездесу барысында халық қалаулысы, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауы қызу талқылану кезінде, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы бұл мәлімдемеден шет қала алмады деп атап өтті. Осы стратегия аясында жұмыс қызу жүріп кеткендігін және әлі де біраз жұмыстар жүргізілетіндігін мәлімдеген депутат олардың алдағы уақытқа әлі көптеген жоспарларының бар екендігін, және біздің яғни, халықтың қолдауымен осы жұмыстарының нәтижелілігіне қол жеткізбекші екендіктерін айтты. Халық Коммунистерінің Парламент табалдырығынан аттап кіргелі бері қол жеткізген жетістіктерін, сонымен қатар әлі шешімі табыла қоймаған жұмыстарын баян еткен Баймаханова ханым «2012 жыл біздер үшін жаман болмады, біз өзіміздің бар екендігімізді және қарапайым халықтың жағдайының жақсаруы үшін барын салатынымызды білдірдік» деді.

Өзінің талай жылдар бойы еңбек етіп келген саласы бойынша «Жер қойнауы» туралы заң жобасы аясында премьер министрдің қабылдауында болып, сол жобаның жанашыры ретінде өз ұсыныстарын білдірген. Сонымен қатар «Ақ бұлақ» бағдарламасына байланысты фракция сол бағдарламаның аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қалай орындалып жатқандығына қатаң қадағалау қажеттігін мәлімдеді. Қызылорда облысы бойынша тағы бір өзекті мәселенің бірі күріш шаруашылығы. Суарылатын судың жетіспеуіне байланысты күріш алқаптары көлемін азайтып орнына басқа дақылдар орналастыруға жұмыс жүргізілуі қажет.

Солайша халық алдында барлық жасалынған және жоспарда бар жұмыстарын баяндап берген Баймаханова жолдас, Қызылорда обкомының 2012 жыл бойына жасалынған жұмыстармен танысып, бұл жұмысты жетілдіре түсу жолдарын нұсқады. Обком жұмысының дәйектілігін арттыру мақсатында қоғамдық қабылдауды жандандыру, қызметкерлер арасындағы міндеттерді бөлісуді жетілдіру қажеттігін айтты.

Сонан соң, қатысушылар өздерінің сауалдарын қоя отырып, «халық коммунистері» фракциясының мүшелері тарапынан қолдауға ие болатындықтарына көздерін жеткізді. Халықтың басынан өткізіп жатқан қиын кезеңдердегі үнін бұл азаматтарымыз естіп қана қоймай, сол істің нәтижелі болмайынша күресетіндігіне қатысушылар бір марқайып қалды. Осылайша өте қызықты кездесу барысында біз уақыттың зымырап өткендігін де байқамай қалыппыз. Қалай болған күнде де халықтың жоғын жоқтап,

жағдайын жасап жүрген азаматтарымыздың жұмыстары жемісті болмақ деген ниеттеміз.

 

ҚКХП Қызылорда обкомының

баспасөз хатшысы Жүнісова М.

Яндекс.Метрика