Home » Партийная жизнь, Фракция "Народные коммунисты" » ҚХКП басшылығы Мәжілістегі фракцияда Словакия елшісімен кездесті

ҚХКП басшылығы Мәжілістегі фракцияда Словакия елшісімен кездесті

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Владислав  Косарев, Жамбыл Ахметбеков, Айқын Қоңыровтың «Халық коммунистері» фракциясында Словакия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Петер Юзамен кездесуі болып өтті.

 

«ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясына қош келдіңіз. Біздің партиямыздың басшылығымен кездесуге ықылас білдіргеніңіз үшін Сізге біз өзіміздің ризашылығымызды білдіреміз»,- деп бастады сөзін Жамбыл Ахметбеков.

 

«Біздің партия парламенттік партия болып есептеледі. Біздің Мәжілісте фракциямыз, жеті депутаттық мандатымыз бар. Қазіргі кезде біздің қатарымызда жүз мыңдай адам бар. Қазақстанның барлық аймақтарында филиалдарымыз бен өкілдіктеріміз жұмыс жасайды. Таяуда партия өзінің құрылғанының 10 жылдығын атап өтеді», – деді ол.

 

Құрметті елшіні Қазақстан Халық Коммунистік партиясының қазіргі жағдайымен таныстыра өткен депутат Жамбыл Ахметбеков партияның негізгі мақсаты Қазақстан халқының бірлігін сақтау болып табылатындығын жеткізді.

 

Сонымен қатар Қазақстан Халық Коммунистік партиясы заман талабына сай дамып келе жатқандығын айтқан ол, жуырда партия өзінің жаңа рәміздерін таныстырғандығын тілге тиек етті. «Бесбұрышты жұлдыз» халық билігін, еңбек етуге құқықты, әлеуметтік әділеттілікті, саяси теңдік пен интернационализмді білдіреді. Сондай-ақ, кейінгі кезде біздің қатарымызға жастар да көптеп келуде», – деді депутат.

 

Жамбыл Ахметбеков Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасында жақсы саяси диалог орныққандығын, екі ел басшыларының кездесуі және жеке жолдаулармен алмасуы екі елдің де сенімді және конструктивті қарым-қатынастарды дамытуға деген ұмтылыстарын білдіретіндігін, қазіргі заманғы халықаралық қарым-қатынастардың негізгі мәселелері бойынша ұстанымдары ұқсас екендігін баса айтты. «Словакия жағы Қазақстанның сыртқы саяси инициативаларына қолдау білдіріп келеді. Ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті мәселелерінде анық байқалды. Сонымен қатар, Словакия ЭКСПО-2017- ні өткізуге Астананың кандидатурасын қолдады», – деді ол.

 

Парламентаралық ынтымақтастықтың екі елдің екіжақты қарым-қатынасының нығайуына ерекше үлес қосып келе жатқандығына тоқталған депутат Қазақстан мен Словакия арасында үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 16 құжатқа қол қойылғандығын атап өтті.

 

Словакия Қазақстанның болашағы бар экономикалық серіктесі, Қазақстан мен Словакия ынтымақтастығының үлкен потенциалы бар. Өйткені біздің ел де, Словакия да транзиттік елдер болып табылады. Сондықтан тауарларды Батыс Еуропа мен Азия бағыттарында тасымалдауға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ әскери, әскери-техникалық салалардағы ықпалдастық өзекті болып табылады. Жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық дамып келеді.

 

Сөз соңында депутат Жамбыл Ахметбеков «Құрметті Елші мырза, Сізге біздің халықтар арасында достық, өзара түсіністік пен сенімділікті орнату және  қарым-қатынастарды нығайту бағытындағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін» деді.

 

Аман Іргебай

 

Астана

 

18.12.2013ж. 

 

Яндекс.Метрика