Home » "Коммунист Казахстана", № 26//12.07.2013 » Үй бағасы әзірше аспандап тұр әрі уақыт өткен сайын қымбаттап барады

Үй бағасы әзірше аспандап тұр әрі уақыт өткен сайын қымбаттап барады

2013 жылдың маусым айында еліміздегі тұрғын үй нарығында бағалардың өскендігі байқалды. Жалпы, бұлай өсу аталған айларға ғана тән емес кейінгі кезеңде үнемі байқалып отыр. Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлауынша, маусым айында өткен аймен салыстырғанда абаттандырылмаған тұрғын үйлерді сату бағасы 2,1 пайызға, ал көркейтілген тұрғын үйлерді алып сату және оны жалға беру бағасы 1,8 пайызға өскен. Жаңа тұрғын үйлердің сату бағасы да 1,5 пайызға артқан. Бүкіл әлемде әсіресе Еуропада дағдарыстың ширығып тұрғаны анау. Соған байланысты тұрғын үйлердің бағасы да арзандаған. Бірақ Қазақстанда керісінше. Үй бағасы уақыт өткен сайын қымбаттап барады.

      Агенттік мәліметтеріне қарағанда, елімізде жаңа тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы 180 мың 482 теңгені құрайды екен. Ал көркейтілген тұрғын үйлерді  сату шаршы метріне 140 мың 559 теңге болып отыр.

      Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында елімізде жасалған тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 83 мың 763 болған.

     2013 жылдың маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша тіркелген келісімдер саны 15 мың 512 болған. Бұл көрсеткіш осының алдындағы аймен салыстырғанда 1,3 пайызға артық. Ал тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің 2013 жылғы қаңтар-маусым аралығындағы саны 83 мың 763-ке жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,6 пайызға артық көрсеткіш екен.

      Яғни, Қазақстанда әзірше экономика нақты дұрыс жұмыс істеп тұр, адамдардың сатып алу қабілеті жоғары, үй сұранысқа ие деген сөз. Бірақ қашанға дейін осылай болатыны, қай жерге барып тоқтайтыны әлі белгісіз. Өткен жолы тұрғын үй нарығындағы дағдарыс бес жылға дейін созылды. Енді құрылыс нарығы тағы да жанданып келеді. Яғни, таяу болашақта дағдарыстың болмайтыны анық.

       Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында еліміздегі құрылыс саласында баға 1,5 пайызға өсті. Бұдан бөлек, 2013 жылдың маусымында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырып қарағанда құрылыс-монтаждау жұмыстарына баға 1,3 пайызға, машина мен құрылғыларға 1,4 пайызға, басқа жұмыстар мен шығындарға 2,1 пайызға өсті.

       Агенттік мәліметтеріне қарағанда, құрылыс ұйымдарымен сатып алынған тауарлы бетон бағасы бірінші жартыжылдықта 5,1 пайызға, фарфор және қыш бұйымдары 2,1 пайызға, ағаш құрылыс конструкциялары мен бояулар, лактар және соған ұқсас жабындар бағасы 1,5 пайызға өсті.

      Тек қана бағаның өсуі тіркелмеген. Арзандаған тауарлар да бар. Яғни қыш тақтайшалары 0,4 пайызға, ағаш материалдары 0,3 пайызға қымбаттаған. Ал металл конструкциялар мен конструкция бөлшектерінің бағасы 3,8 пайызға, болат жаймалары 0,6 пайызға, ал металл құбырлар 0,1 пайызға арзандаған.

Тұрсын Бекұлы,

Астана

Яндекс.Метрика