Home » Партийная жизнь » ҚКХП ОК хатшысы В.Косарев іс-сапармен Атырау өңірінде

ҚКХП ОК хатшысы В.Косарев іс-сапармен Атырау өңірінде

Еліміздегі заң шығарушы құзырлы орган – Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына орай Атырауға Қазақстан коммунистік халық партиясының Орталық Комитетінің хатшысы Владислав Косарев келді. Жаңа жылмен жарыса басталғалы тұрған саяси додаға партияның жергілікті комитетінің дайындығын пысықтау мақсатында арнайы келген ол «қазір кандидатурасын ұсынғандармен жұмыс жасап жатырмыз. Учаскелік сайлау комиссиясына мүшелер де таңдалуда. Сайлаудың ұйымдасқан түрде өтуіне күшімізді саламыз» деді ол.

Атырауға арнайы сапары барысында жергілікті коммунистермен кездесу барысында Косарев мырза тәуелсіздіктің жиырма жылында Қазақ елінің жоғары жетістіктерге жеткендігін, ең бастысы қоғамның есейгендігіне ерекше тоқталып, мемлекетіміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының тізгінін ұстауы зор мәртебе екендігін айтты. «Бұл біздің партияға да зор жауапкершілік жүктейді. Тұлға барлық нәрсеге дайын болуы керек. Жастар мемлекетті ішкі және сыртқы қауіптерден қорғау арқылы ел патриоттары ретінде қалыптасуы керек» деген ол, залдан түскен бірқатар сауалдарға жауап та берді.

Мәселен, жергілікті коммунистердің бірі «Елде сегіз партия бар. Қарап тұрсақ, бәрінің тұғырнамасы бір бағытқа тоғысады. Яғни, олар әлеумет әлеуеті үшін, халықтың жағдайын көтеру үшін жұмыстанатындарын айтады. Ендеше, олар неге бірігіп, ірі күшке айналмайды? Әлде олардың шетелдік демеушілері бар ма? Капиталмен бөліскілері келмей ме?» деген сұрақ қойды. Бұл орайда Косарев мырза партиялардың шетелдік демеушілерінің болуы мүмкін еместігін, мұның заңмен тыйым салынғандығын, сондықтан, партия либерал болса, либералдық идеяны, социал-демократ болса, сол идеяны, консервант болса, оны да ашық айтуы керек екендігін айтты. Залдан түскен қазақ зиялыларын қынадай қырған отыз жетінші жылғы репрессия, сексен алтыдағы қанды желтоқсан көтерілісі туралы ол көзқарасын былай білдірді: «Бізді Сталиннің тұсындағы оқиғаларға орай айыптаушылар көп. Рас, біздің жақсы да, жаман да әкелеріміз болды. Жақсы әкелеріміз жақсылықтың жолында жан тапсырса, жаман әкелеріміз зұлымдықтан көз жұмды. Бірақ, Кеңес Үкіметінің тұсында Ұлы Жеңіске жетіп, қуатты Одақ құрғанымызды да есімізден шығармау керекпіз. Ал, 86 жылғы желтоқсан оқиғасы халықтың, соның ішінде жастардың жанайқайы. Оларды аяусыз басып-жаншыды» деді ол. Кездесу соңында ол соғыс ардагерлері тоқсанның төріне шыққан Әміржан Жұмалиевке, Сәлімжан Қарабаевқа Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай арнайы медаль табыстап, аға буын жастарға идея беруі керектігін, ал жастардың істі әрі қарай жалғастыруы қажеттігін айтты.

Өз кезегінде Қазақстан коммунистік-халықтық партиясының Атырау облыстық Комитетінің хатшысы Жәукен Көшенов егемендік жылдары Қазақ елінің зор жетістіктерге жеткендігін, дегенмен әлеуметтік, денсаулық, білім саласында әлі де біраз мәселелердің бар екендігін айта келе, жиналғандарды сайлауды тыныш, заң талаптарына сай өткізуге атсалысуға шақырды.

ҚКХП Атырау ОК баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика