Home » Партийная жизнь, Фракция "Народные коммунисты" » ҚКХП жаңа рәміздерін жұртшылыққа таныстырды

ҚКХП жаңа рәміздерін жұртшылыққа таныстырды

Жуырда Астанада Қазақстан Коммунистік Халық партиясы өзінің жаңа рәміздерін ресми түрде таныстырды. Бұдан былай партия саяси сахнада жаңа нышандарымен белгілі болмақ. Өйткені партия қоғамдағы дамулар мен сыртқы әлемдегі өзгерістерден тыс қала алмайды. Бұдан былай үйреншікті қызыл туда белгіленген «Бесбұрышты жұлдыз» партияның ең нақты приоритеті болмақ. Бұл белгі халық билігін, еңбек құқығын, әлеуметтік әділеттікті, саяси теңдік пен интернационалдылықты білдірмек. Яғни, партия алдағы уақытта өзінің жаңа уақыттағы қазіргі мазмұны мен мақсаттарына сай болмақ.

Бұрын коммунистік партия десе көзге орақ пен балға елестейтін, енді заман талаптарына сай рәміздер де басқаша болады. Бұл партияның тек қана белгілі бір топтың ғана емес, мысалы, тек жұмысшылар мен шаруалардың ғана, қоғамдағы басқа да топтардың мүддесін қорғайтындығын білдіреді.

Жаңа рәміздер Ту, таңба мен партия атрибуттарын жұртшылыққа таныстыру барысында сөз алған ҚКХП ОК хатшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков кейінгі кезде партияның қатарында жастардың көбейіп келе жатқанына ризашылығын білдірді. «Социализм идеясының жастар арасында да қолдауға ие болып жатуы біз үшін үлкен қуаныш», деді ол.

Сонымен қатар, ол «біздің Қазақстан Коммунистік Халық партиясы коммунистік идеяны қолдайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының біріккен ерікті бірлестігі. Қазіргі кезде партияның мүшелерінің саны жүз мыңнан асты. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы коммунистік идеяларды қорғаумен қатар жұмысшы таптың, шаруалардың, интеллигенцияның және барлық еңбек адамдарының мүдделерін қорғайды» деді.

Саяси салтанатты шараға келгендердің ішінде Куба Республикасы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Венесуэла Боливариан Республикасы елшіліктерінің өкілдері болды, сондай- ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Аман Іргебай

Астана

25.09.2013ж.

Яндекс.Метрика