Home » "Коммунист Казахстана" » Үкімет тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын мақұлдады

Үкімет тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын мақұлдады

Аталған бағдарлама бойынша БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, елімізде тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту 3 бағытта жүзеге асырылмақ. «Бірінші бағытта біз су, жылу, газ, электр энергиясымен қамтамасыз етілетін желілерді жаңартып, керек жерінде қайта салатын боламыз»,-деді ол.

Оның атап өтуінше, аталған бағыт бұған дейін өз түйінділігін көрсеткен «Жол картасы» бағдарламасына ұқсас. Дегенмен, өзгешеліктері де бар. Атап айтқанда, осы бағдарлама аясында барлық облыстардан, қалалардан тиісті жобалар жиналып, өте маңызды жүйелер қайта жаңғыртылып, жөнделетін болады.

Ал, екінші бағытта тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл екі тәсіл арқылы жүзеге асады. Бірінші тәсілде тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өткен Ө. Шөкеев, «Бұл бойынша біз облыстық әкімдерге Қаржы министрлігі тарапынан несие бөлетін боламыз. Облыс әкімдері қала әкімдерімен бірлесіп тиісті коммуналдық мекемелер құрады. Осыдан кейін тұрғындармен бірлесіп жоба әзірлеп ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады»,-деді.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекет тарапынан берілген несиені пәтер иелері 10 жылдың ішінде қайтарады. Пайызы жеңілдетілген. Оның сөзіне қарағанда, облыс әкімдіктері жылына 150-170 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге қауқарлы екендігін мәлімдеп отыр.

Екінші тәсіл түбегейлі күрделі жаңарту жұмыстарына бағытталған. «Бұл сәл өзгешелеу тетік. Ол үшін біз ең алғаш биылғы жылы барлық облыстарда ілкі жоба жасап, әр қаладан орташа есеппен 10 үйді таңдап алдық. Енді біз әлеуметтік корпорациялар арқылы күрделі жөндеу жұмыстарына несие беретін боламыз»,-деді Ө. Шөкеев.

Оның сөзіне қарағанда, әкімдер тұрғындармен келісім-шартқа отырып, сол үйлерді түбегейлі күрделі жөндеуден өткізетін болады. Берілген ақша пәтер иелері есебінен ашылған шотқа аударылып 10 жылдың ішінде қайтарылады. «Бұл пайдалы тетік деп ойлаймын. Инфляция бар, 10 жылда берілген 10 мың теңге 200 теңге болады. Жұмыстардың барлығы қазір жасалады.»,-деп атап өткен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бұл тетіктің тұрғындар үшін өте пайдалы екенін баса айтты.

Яндекс.Метрика