Home » "Коммунист Казахстана" » Кітап оқисыз ба?

Кітап оқисыз ба?

Өз заманында У.Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» десе, Д.Дидро «Адамдар оқудан қалғанда ойлаудан да қалады» дейді. Ал қазақ қара сөзінің майталманы Абай Құнанбаев «Артық білім – кітапта» деп үн қатқан екен. Кеңес үкіметі тұсында кітап оқу білімділіктің көрсеткіші, кітап қорының молдығы бақуаттылықтың белгісі болса керек-ті. Ал бүгін ше?

Бүгінгі қазақ қоғамында суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, жаманаттың бәрін қара нардай қайыспай көтере беретін жастар деген жалын бар. Біздің ортада–батысқа еліктеп бұзылғандар, ішімдік пен темекіге құныққандар, теңселіп көшеде құр жүргендер, кітапты жанына серік етпейтіндер кімдер? Әрине ауызға жатталып, санамызда қатталып қалған жалғыз жауап жастар. Бірақ мәселенің мәнісін әріден іздеп жатқан ешкім жоқ. ең қарапайымы бүгінгі таңдағы кітап оқу мәселесіне тоқталған күннің өзінде де жастар кінәлі. Бірақ «Книголюб» журналының деректеріне сүйенсек, негізінен, оқырмандардың көпшілігін білім алушы жастар құрайды.

Тәуелсіздік алғалы бері қазақ кітаптарының таралмауына олардың тиражының аздығы да бірден-бір себеп болып отыр. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, елімізде 150-ге жуық баспа болса, оның елу шақтысы ғана бәсекеге қабілетті екен. Ресей баспаларының өнімдері қазақстандық кітап нарығының 65-90% -ын жаулап алған. Шетелдік миллиондаған дана кітаптардың 60%-ы – детективтер мен әйелдер романы, 17%-ы – фантастикалық әдебиеттер. Ұлттық кітап палатасының мәлімдеуінше, жыл сайын елімізде 3,5 мың аталым кітап 1,5-2 миллион томмен жарық көреді. Олардың көпшілігі – оқулықтар мен оқу құралдары, ғылыми зерттеулер мен монографиялар. Ал көркем әдебиет 10% ғана, балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар жоқтың қасы. Ал негізінде қазақ баспалары кітап шығармай жатқан жоқ, олар қандай кітап шығару керектігіне мән бермей жүр.

Алматы қаласында Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын 43 кітап дүкені бар екен. «Гулянда», «Меломан» сынды кітап дүкендері өз сөрелеріне қазақ баспаларының өнімдерін қоюдан қашқақтайды. Себебі, олардың ойынша, қазақ кітаптары өтпейді. Ресей баспаларының өнімдерімен салыстырғанда біздің кітаптарымыздың тиражы аз болғандықтан бағасы да қымбат.

Төртіншіден, қоғамда оқырман азайды, жастар мүлде кітап оқымайды деген пікір бар. Ертеңгі оқырманды бүгін тәрбиелеуіміз керек. Балалар басылымдарын шығаратын «Балауса», «Аруна» сынды баспалар балабақшалармен, мектептермен тығыз байланыс орнатып, авторлармен кездесулер және көрмелер ұйымдастырса, балаларды қызықтырып, әдеби -танымдық кітап оқуға машықтандырса, өз тұтынушыларын табар еді. Мәселен, орыс ғалымдары балаларды сегіз айынан бастап кітаппен достастыру керектігін айтады. Жас ерекшелігіне қарай әр жастағы балаларға әр түрлі пішіндегі кітаптар ұсынып отырады. Біздің балдырғандар кітап оқудың орнына күндіз-түні компьютерге телміріп өсіп жатыр. Осы мәселеге орай ҚР Мәдениет министрлігі, Ақпарат және байланыс министрлігі мен ҚР Ұлттық кітапханасы бірлесіп жасаған «Оқитын ел» (2007-2010 ж.ж.) бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада балалар кітаптарының ассортиментін кеңейту, республикалық және халықаралық оқу фестивалін ұйымдастыру қарастырылған. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының негізінде жасалған бағдарламадан бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс шара екенін аңғарамыз. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін, рухани байлықтың қайнар көзі – оқуды насихаттағаннан ұтылмаспыз. Әлем бойынша көп оқитын елдердің бірі – жапондар. Олардың дүкендеріне бір жылда 25 мыңнан астам кітап түседі. Демек, әрбір жапонға 11 кітаптан келеді екен. Ал әлемде кітап басу ісі бойынша көшті Ұлыбритания бастаса, жапондар Германия мен АҚШ-тан кейінгі төртінші орында. Зерттеушілер Жапонияны Ресейдің өкшелеп

келе жатқандығын айтады. Күншығыс елінде 4 мыңнан астам баспа үйі бар, жылына шамамен 6,7 миллиард дана баспа өнімдерін шығарса, оның 500 миллион данасы тек кітап өнімдері екен. АҚШ-та 6,5 мыңға жуық әртүрлі баспа жұмыс істейді.

Қазақ кітап оқымайтын елге айналып бара жатса, бай – қуатты елдермен терезесі тең білімді елге айналуы күмәнді…

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

АСТАНА

Яндекс.Метрика