Home » Алматы қалалық комитеті, Партия тынысы » Аты аңызға айналған Хиуаз

Аты аңызға айналған Хиуаз

15 мамыр күні ҚКХП Алматы қалалық комитетінде Хиуаз Доспанованың 95 жылдығына арналған кездесу өтті.

0s2

Доспанова Хиуаз Қайырқызы (1922-2008) – Ұлы Отан соғысының ұшқышы, штурман-атқыш, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы. Хиуаз Доспанованың есімі тарихта қазақтан шыққан алғашқы әйел ұшқыш болып жазылып қалды.

Алматы қалалық комитетіндегі кездесуге партиялық бөлімшенің активі, ҚКХП АҚК Ардагерлер кеңесінің ардагері Клара Летникова мен Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Әміров жиналды.

Іс-шараның ұйымдастырушысы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Вячеслав Артемьев аты аңызға айналған ұшқыштың өмірбаяны туралы айтып берді:

Хиуаз Қайырқызы 1922 жылы мамырдың 15 күні Ганюшкин ауылында (қазір Атырау облысы) дүниеге келген. Әкесi  партиялық қызметкер болған. 1940 жылы Хиуаз алтын медальмен Орал қаласының №1 мектебін тәмамдаған. Мектеп жасынан бастап Хиуаз жергілікті аэроклубқа барып, аттестатпен бірге запастағы ұшқыш куәлігін алған. Мектеп бітірген соң Хиуаз Мәскеуге оқуға аттанған. Әуелі Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясына құжаттар тапсырған, бірақ ол жерге қабылданбаған. Сөйтіп Алғашқы Мәскеу медициналық институтына түседі. 1941 жылы бірінші курсты тәмамдаған бойжеткен үйіне Қазақстанға жиналады. Алайда соғыс басталғандықтан ол Мәскеуде қалуға мәжбүр болады. Кейін Хиуаз жаңа әуеполкі құрылып жатқанын және оған тек қана қыздар қабылданатынын естиді.

Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО-да теңдесі жоқ, әлемдегі ең алғашқы әйелдер авиациялық полкі құрылған.  Доспанова 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Немістер қыздарды «Түнгі мыстандар» деп атап кеткен. Жалпы Хиуаз Доспанова жауынгерлік тапсырмамен 300 рет ұшқан.  Өзінің полкімен бірге ол Германияға дейін ұшқан. «Түнгі мыстандар» Кубань, Таман, Новоросийск, Қырым, Белоруссия мен  Польшаны азат етуге қатысқан. Германияның аумағында қыздар жауынгерлік тапсырмамен 2000 рет әуеге көтерілген. Соғыс жылдарында ұшқыш қыздар барлығы 2 902 980 кг бомба, 26 000 өртегіш снаряд тастаған. Сұрапыл соғыста 32 қыз қаза болған…

Хиуаз Оралға 1945 жылы оралған.  Бірақ Хиуаз үшін авиация да, соғыс та артта қалады. Ол Алматыдағы Жоғары партиялық мектепке түсіп, сол жерде өзінің болашақ жары Шаку Әміровпен танысады. Екі ұлдың анасы атанады.

Ұшқыштың ұлы Ерболат Әміров өзінің қаһарман анасы туралы естеліктерімен бөлісті: – Анам Қазақстанның ЛКЖО ОК хатшысы, Қаз ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Партияның Алма-ата қалалық комитетінің хатшысы қызметін атқарған. Бірақ анам 37 жасында денсаулығына байланысты зейнеткерлікке кетуге мәжбүр болған. 60 жылдары ол соғыс туралы естелік кітабын жазды. Кітап орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді. 2004 жылы анам «Халық Қаһарманы» атағын алды. Соңғы жылдары ол сыртқа шықпайтын, 2008 жылы жамбасын зақымдап алды, кейін дүниеден озды…

2010 жылы Атырауда ұшқышқа арналған ескерткіш ашылды, ал Алматыда батыр қыздың құрметіне көше атауы берілді. Атыраудағы спорт сарайы да Хиуаз Доспанованың атымен аталады. «Эйр Астана» әуе компаниясы Embraer-190 ұшағына Хиуаз Доспанованың атын беру шешімін қабылдады. Ол туралы «Хиуаз Доспанова. Успеть сказать спасибо» деректі фильмі де түсірілді.

Кездесу  жастарға Ұлы Отан соғысының батырлары мен ардагерлері туралы естелікті сақтауға үндеу айтумен аяқталды.

Рәзия ӘБДІҚАДЫРОВА

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Яндекс.Метрика