Home » Депутаттық сауалдар, Партия тынысы » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі   

Б.Ә.Сағынтаевқа

 Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

img23941-257x300Осы депутаттық сауалды жолдауымызға еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласындағы қазіргі ахуал себеп болып отыр. «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой, Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.» – деп Мағжан Жұмабаев бабамыз жырлаған, қасиетті Түркістан шаһары еліміздің рухани астанасы ғана емес, сонымен қатар мұсылман жұртшылығының тәу етер киелі орталығы.

Негізінен туристер мен зиярат етуші халық Түркістандағы киелі орын – ұлтымыздың асылдары жерленген, соның ішінде қазақтың дана ханы Абылайхан мен оның батыр-билері жатқан Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне келеді. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Әзірет Сұлтан кесенесі Түркістанның 1500 жылдық тойы қарсаңында толықтай реставрацияланды, жаңғыртылды, қазір мемлекет қамқорлығында. Әйгілі Тайқазан да осында, туристерді қызықтырып, тартатын құндылықтарымыздың бірі. Киелі жәдігерлерімізді көруге Түркістанға күн сайын алыс-жақын шетелдерден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген адам келеді.

Көне мен бүгінді жалғастырған киелі Түркістанның бүгінгі келбетін жақсартып,  оның биік мәртебесін асқақтатып, осы асыл-жауһарларымызды лайықтап ұлықтауымыз үшін биыл Қазақстанда өтетін әлемдік үлкен жоба ЭКСПО-2017 көрмесінің мол мүмкіншіліктерін де пайдаланғанымыз жөн деп ойлаймыз.

ЭКСПО-2017 көрмесіне жер жүзінің түкпір-түкпірінен 5 миллиондай қонақ-туристер келеді деп болжанып отыр. Осы туристердің көпшілігінің Түркістанға да келетіндігі болжанған еді, алайда, қазіргі қаладағы туристерге сервистік қызмет көрсету ахуалы, қаладағы көліктер мәселелері, т.б. шешімін таппаған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер оған басты кедергі болуы мүмкін. Сондықтан, Үкімет келетін осы 5 миллиондай туристің Түркістанға да келуіне жағдай жасап, ЭКСПО-2017 көрмесінің мүмкіншіліктерін барынша тиімді пайдалануымыз еліміздің экономикалық мүддесіне сай келеді және туристер легінің одан әрі көбеюіне әсер етеді деп ойлаймыз.

Түркістанды облыстық деңгейдегі қалалардың бірі деп қарамайық. Қазақ хандығының үш ғасырлық астанасы болған Түркістан еліміздің рухани астанасы, туысқан түркі тілдес халықтардың қасиетті қара шаңырағы. Түркістанды ұлықтай алмасақ, ол ұлттық құндылықтарымызға келтірілген нұсқан. Рухани астанамыздағы жағдайды өз мәртебесіне сай жөнге келтіре алмау елдігімізге сын.

Сіздің назарыңызды осы аталған мәселелерге аудара отырып, Түркістанды дамыту мәселесін Үкімет деңгейінде талқылап, тиісті қажетті шараларды қабылдауыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП «Халықтық коммунистер» Фракциясының мүшелері  

Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

В.Косарев

А.Қоңыров

М. Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздықов

 01.02.2017 ж. жарияланды

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Яндекс.Метрика