Home » Депутаттық сауалдар, Партия тынысы » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

 Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә.Сағынтаевқа

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Zhambyl_Akhmetbekov_2011

Соңғы кездері қоғамды дүр сілкіндірген, балаларды өлімге тартатын «Синий кит», «Тихий дом» оқиғалары, дұрысырақ айтсақ дағдарысы, бірқатар мемлекеттік органдар жұмысының кемшілігін ашып берді. Сарапшылар бұл індетті ауыздықтаудың жолы қиын екенін, оның шешімі мен салдарының қалай боларын болжау қиын болатынын айтуда. Өйткені оны жасап таратушылардың тұтқындалғанына қарамастан, бұл ойын әлі де орман өртіндей жайылып барады. Қазірдің өзінде Ресейде 15 жеткіншек өзіне қол салып үлгірді. Ойынмен «ауырған» жеткіншектер біздің елде де жүздеп, мыңдап саналады.

           Мұндайда «кім кінәлі» және «не істеу керек» деген сұрақтардың туындауы заңды. Бұл сұрақтардың маңыздылығы да сонда, негізгі себебі табылмаса оның жауабы да, шешімі де болмайды. Балалардың басының қатерге тігілуіне, оның зардабына жауап беретін ешкімнің болмауын қалай түсінуге болады? Осы дағдарысқа байланысты, бала тәрбиесіне жауапты орган Білім және ғылым министрлігінің қызметіне байланысты бірқатар сұрақтарымызды қоймақпыз.

Ғаламтордағы арсыздық пен қатігездікті насихаттайтын дереккөздердің оқушыларға қол жетімді болуы, балаға мектеп тарапынан тиісті дәрежеде бақылаудың болмауы, оқушы қыздар арасындағы жүктіліктің көбеюі, басқа да шешімін таппаған мәселелер Министрліктің жұмыстарын жетілдіру қажеттілігін көрсетпей ме екен? Қоғамда қанша қызу пікірсайыс туғызса да оқушылардың оқу процесінде смартфонмен алаңдауы, немесе хиджап мәселелерінде Министрлік дәрежесінде шешім қабылдамай, күрделі мәселені шешуді мектептердің өздеріне ысырып тастау қаншалықты орынды?

Саланы басқару үшін Министрлікке қажетті билік, өкілеттік, күш-қуат пен қаржы берілген. Иә, соққы күтпеген жерден болды, бірақ неліктен осы індеттің алдын алу жұмыстары жүргізілмеген, бала тәрбиесіне деп бөлген мемлекеттің қаржысы қайда жұмсалды, ғұлама ғалымдарымыз неге болжамады, ұстаздарымыз бен психологтарымыз қайда, басшылар қайда қарады,? –  деген заңды сұрақтарға жауап сұраймыз.

«Синий кит» дағдарысы мемлекеттік қауіпсіздігіміздің тағы бір осал тұсын ашып берді. Өлімге тартатын бұл ойынның Ресейден келгенін ескеретін болсақ, біздің ақпараттық қауіпсіздігіміз бөтен мемлекетке тәуелді екендігін көрсетті. Ақпараттық қауіпсіздікке тікелей жауапты мемлекеттік орган ретінде елде бұл дағдарыстың орын алуына Ақпарат және коммуникациялар министрлігі де тікелей жауапты.

«Халықтық коммунистер» фракциясы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жалпы қызметі де сын көтермейді деп есептейді. Теледидар экранында қарапайым еңбек адамы, аяулы ана мен қамқор әке, мейрімді ата-әже, тату отбасы құндылықтары сиреді. Экранды жалған халық емшілері мен түрлі экстрасенстер басты. Ғаламторды бақсы-балгерлердің жарнамасы жайлады, теледидардың тікелей эфирін жалған көріпкөлдер мен дүмше емшілер жаулап алды. Оларға ешқандай заңдық шектеу жоқ, теледидар алаяқтардың табыс көзіне айналды. Нәтижесінде халық осы алаяқтарға жем болып, қалың бұқара зардап шегуде.

БАҚ-да адами құндылық, парасат, кісілік, тектілік ұғымдары сиреп, қалай түсік тастағанын жалпақ жұртпен бөлісетіндер мен тоқал тақырыбы эфир әңгімесінің өзегіне айналды. Теледидар мен әлеуметтік желілер жағажайдағы жалаңаш ашыналар мен жалаңбұт «жұлдыздардың» өмірін насихаттауға көшті. Тіпті БАҚ-да бүкіл адамзатты адамзат қылып ұстап тұрған тірек «ұят» деген ұлы ұғымды жоққа шығаруға тырысу байқалады. Ұяттан айрылатын болсақ, онда адамның жануардан айырмашылығы қандай, онда қоғамымыз, біздің болашағымыз қандай болмақ?! БАҚ-тағы, ғаламтордағы азғындықты, арсыздықты ашық насихаттау елді аздырудың тәсілі емес пе? –  деген сұрақтар бізді ғана емес, қоғамды да толғандырып отыр. Мұның бәрі осы Министрліктің құзырындағы мәселелер, сондықтан оларды жөнге келтіру тікелей міндетіне жатады.

Үкімет сауалда аталған дағдарысқа жол беріп, өз міндеттеріне салғырт қараған лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуы қажет деп есептейміз және көтерілген мәселелерді терең зерделеп, тиісті шаралар қабылдауын сұраймыз. Мемлекеттік органдар оларға жүктелген міндеттерді толық әрі тиімді атқаруы тиіс.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

Құрметпен ,

Мәжілістегі ҚКХП «Халықтық коммунистер» Фракциясының мүшелері

Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

В.Косарев

А.Қоңыров

М. Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздықов

15.02.2017 ж. жарияланды

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники