Home » Депутаттық сауалдар, Партия тынысы » Депутаттық сауал

Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі   

Б.Ә.Сағынтаевқа

 Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

26e2c7a3080cf184678f9c3a5eb31ccb_resize_w_600_h_315Ақмола облысының Қорғалжын, Егіндікөл, Целиноград аудандарындағы бірқатар елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде су құбырларының тозуына байланысты өте күрделі жағдай қалыптасып отыр. Елді ауыз сумен қамтамасыз ететін Нұра-топтық су құбыры 1960 жылдары Сабынды жер асты су көзін пайдалану үшін салынған. Жалпы су құбырының ұзындығы – 1237 шақырым болған. Жылдар өткен сайын орталықтандырылған бюджеттік қаражаттың қысқаруы себебінен су құбыры жөнделмей, сумен қамтамасыз ету төмендей берген.

Магистральды су құбырларының 100%-ға дейін тозуына байланысты 1990 жылдары бұрынғы Торғай облысына, 1998 жылдан Жарқайың Атбасар, Астрахан аудандарына су беру тоқтатылған. Қазіргі уақытта Нұра-топтық су құбыры Егіндікөл, Қорғалжын, Целиноград аудандарының тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отыр. Шалқар ауылы ішіндегі су таратушы (разводящая сеть) құбыры 2010 жылы қайта құрылып, жаңадан салынған. Бірақ, қазіргі уақытта ауылға келетін магистарльды су құбыры тозуына байланысты осы ауыл ішіндегі су құбыры да пайдаланылмай тоқтап тұр.

Баланс ұстаушы «Ақмола-Су арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Жер асты суын соратын 33 скважинның қазіргі уақытта 13-і ғана істейді, қалған 20 скважина істен шыққан. Осы ұңғымаларды іске қосатын трансформаторлер 100% тозығы жеткен және электр подстанциясы тозған. Сабынды – Егіндікөл бағытындағы ұзындығы – 60 шақырым, диаметрі – 400 мм магистралді темір құбыр 95% дейін тозған. Жоғарғы қысымға шыдамай күн сайын жарылуда. Жөндеу жұмыстары өз кезегінде үлкен қаражат қажет етеді.

Осы айтқандарды ескере отырып Нұра-топтық су құбырын қайта құрудың 3-ші кезеңін жүргізу қажет. 1-2 кезеңдері – 2000-2005 жылдары жүргізілген. Жоба-сметалық құжаттарды (бұдан әрі – ЖСҚ) жасап, жүргізілетін жұмыстарды анықтау қажет. Мамандардың есептеуінше ЖСҚ  жасауға, инженерлік геология, инженерлік геодезия зерттеулерін жүргізуге, І және ІІ деңгейдегі басты насос станцияларын, Сабынды – Жантеке – Егіндікөл – Астрахан аудандары бағытындағы магистральды жоғарғы қысымды су құбырын қайта құру үшін – жобалауға барлығы 50 млн. теңге, ал барлығына, яғни құрылыс салуға – шамамен 1 млрд. теңге қажет.

Жантеке – Қорғалжын – Шалқар бағытындағы 60 шақырым магистральды су құбыры 95%-ға дейін шіріп-тозған, темір құбырлар мүлдем жөндеуге келмейтін жағдайға жеткен. Қазіргі уақытта Шалқар, Біртабан ауылының тұрғындарына ауыз су 28 шақырым жерден, аудан орталығы Қорғалжын ауылынан тасып беріліп отыр. Бірінші кезекте осы ауылдарға құбыр тарту қажет. Осы бағыттағы – 60 шақырымдық Нұра-топтық су құбыры магистральды су құбырын қайта құру үшін инженерлік геодезия, инженерлік геологиялық зерттеуге және ЖСҚ жасатып мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін – 45 млн. теңге, құрылыс – монтаж жұмыстарына шамамен – 600 млн. теңге, барлығы 645 млн. теңгедей қаржы қажет. Осы жоба іске асатын болса Қорғалжын, Біртабан, Шалқар ауылдарының тұрғындары ауыз сумен толық қамтамасыз етілер еді.

Жағдай өте күрделі, тозған құбырдың жиі жарылуы салдарынан тұрғындар қар суын немесе мұзды ерітіп ішіп отыр. Қорғалжын, Біртабан, Шалқар ауылдарында 6 мыңнан астам адам тұрады. Осы ауылдарда 5 мыңға тарта ірі-қара мал, 3 мың жылқы, 6 мың қой-ешкі, 15 мыңға тарта үй құстары өсіріледі. Мамандармен талқылай келе осы қаражатты екі бөліп қарастыруды ұсынамыз:

І – кезеңде 645 млн. теңге – 2017–2018  жылдарға Жантеке – Шалқар магистральды су құбырын қайта құру үшін;

ІІ – кезеңде 1 млрд. 50 млн. теңге – 2019 жылға Егіндікөл ауданы бағытындағы су құбырын салу үшін.

Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Үкіметтің резервінен аталған елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат бөлу мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

 Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП «Халық коммунистері» Фракциясының мүшелері                            

Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

В.Косарев

А.Қоңыров

М. Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздықов

5.04.2017 ж. жарияланды.  

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Яндекс.Метрика