БАҒДАРЛАМА

 ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСТІК ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ

БАҒДАРЛАМАСЫ 

Осы Бағдарлама Қазақстан Коммунистік Халық партиясының (ҚКХП) бағдарламасы, жалдамалы еңбекшiлердiң құқықтарын әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан қорғау бағдарламасы, еңбекші халықтың билігі үшін, адамды қанауға қарсы күрес бағдарламасы, бейбітшілік, ұлтаралық татулық, жаңа қоғамдық формация құру үшін күрес бағдарламасы болып табылады.

Мақсатымыз:

- ел экономикасында мемлекеттің және мемлекеттік меншіктің рөлін күшейту, барлық меншік нысандарын, шағын және орта бизнесті, жұмыскерлер кооперациясын дамыту;

-биліктің барлық деңгейінде халықтық бақылау;

-халықтық өкімет (еңбекші халықтың өкіметі) және өзін-өзі басқару;

-қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнату және еңбек етуге кепілдік беру, қоғамның әрбір мүшесінің еңбегін әділ бағалау әрі адамның алатын орны және оның Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және ғылыми дамуына қосатын  еңбек үлесі бойынша әлеуметтік маңызын бағалау үшін жағдайлар жасау;

-лайықты еңбекақы төлеу, азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарының теңдігі, қолжетімді тұрғын үй, тегін білім алу және медициналық көмек, қоғамның негізі – отбасы, балалар, ардагерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарын қамқорлыққа алу;

-патриотизм, ел тарихы мен мәдениетін, дәстүрлерін сыйлау, ұлттар мен тілдердің тең құқылығы және оларды дамыту, Қазақстан халқының бірлігі;

-азаматтың қоғам алдындағы және қоғамның азамат алдындағы жауаптылығы, адамның құқықтары мен міндеттерінің бірыңғай болуы;

-халықтың өмір сүруі үшін жоғары сапасы және жеке тұлғаны дамытуға жағдайлары бар өндіргіш күштердің қазіргі заманғы деңгейіне сай келетін ғылыми жетістіктер мен iлгерiлемелi практика негізінде қалыптасатын социализм;

-адамның тарихи болашағы, шынайы гуманистік қоғам ретіндегі коммунизм.

Біз, коммунистер, социалистік қоғам құру теориясы мен практикасы жан жақты дамуы  және толық өзін-өзі жетілдіруі  үшін жеке бастың таңдау еркіндігін қамтамасыз ете отырып, барлық азаматтардың мүдделеріне сай келеді деп есептейміз.

Біз, қазіргі заманғы коммунистер, дүниенің дамуында жалғыз ғана пікірдің таңылуына және оның үстемдігіне ұмтылмаймыз, идеялар мен идеологиялардың бәсекелестік күресі, қоғамды дамытудың тәсілдері мен тұжырымдамалары,  халықтың  рухани мәдениеті мен өмір сүру деңгейін арттыру үшін ашықпыз. Атап айтқанда, біз, коммунистер, рулық-олигархиялық капитализмнің қалытасқан жүйесі ретінде номенклатура диктатурасында немесе олигархияның бассыздығында іске асырылуы мүмкін кертартпалық пен фанатизм, дүниеқоңыздық пен надандық, мансапқорлық пен сатқындық, жалғандық пен алдаудың қоғамда пайда болуына және жағдайлардың қалыптасуына батыл қарсы шығамыз.

ҚКХП коммунистері белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық  күрес нысандарын қазіргі Қазақстан Республикасы заңнамасының аясында қолданатын болады.

Сонымен бірге, біз БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясына қосыламыз, билік халықтың мұқтажы туралы қамқорлық көрсетуі қажет деп есептейміз және оған қол жеткіземіз, өйткені «ол соңғы амал ретінде зорлық-зомбылық пен қанауға қарсы көтеріліске шығуға мәжбүр болмауға тиіс».

КІРІСПЕ 

Ғасырлар бойы социалистік, кейіннен коммунистік идея адамзаттың озық ойын жігерлендірді. ХІХ ғасырда ғылыми коммунизмнің негізін қалаушылар Карл Маркс пен Фридрих Энгельс ғылыми тәжірибеге сүйене отырып, қоғамдық дамудың объективті заңдарын шығарды, адамзат қоғамының жаңа коммунистік формацияға өтуі болмай қалмайтынын теориялық тұрғыдан көрсетті.

ХХ ғасырда марксизм әлемдік даму барысына зор ықпалын тигізді. Коммунистік идеяның және Ресейде тұңғыш құрылған коммунистік партияның туы астында Ұлы Октябрь социалистік революциясы аяқталды. Жұмысшылар мен шаруалардың көпұлтты мемлекеті – Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құрылды, адамды адамның қанауы жойылды, негізінен

оның еңбек етуге және дем алуға, тегін білім алуға және емделуге, тұрғын үй алуға, қамсыздандырылған қарттыққа құқығы іске асырылды. Қысқа тарихи кезең ішінде патшалық Ресейдің және әсіресе, оның ұлттық шеттерінің ғасырлар бойғы артта қалушылығын жеңді. Адамдардың жаңа тарихи бірлігі – кеңес халқы құрылды. Адамдар мен халықтар арасындағы қатынастарда интернационализм басым болды. Кеңестер елі экономика, ғылым, мәдениет саласында озат мемлекеттердің қатарына шықты.

КСРО-ның Ұлы Отан соғысындағы тарихи жеңісі адамзатты фашистік құлдықтан құтқарды және бүкіл әлемде әлеуметтік прогреске – әлемдік кеңестік жүйенің құрылуына, отаршылдықтың күйреуіне, капиталистік елдердегі жұмысшы қозғалысының табысты болуына зор ықпалын тигізді.

Бұл табыстардың негізінде социализмнің мынадай басымдықтары: өндіріс құралдарына қоғамдық меншік, ұжымшылдық, халықтар достығы, жоспарлылық, қоғамның күш-жігерін шешуші учаскелер мен бағыттарға шоғырландыру мүмкіндігі жатыр.

Алайда, 80-ші жылдардың аяғындағы Шығыс Еуропа елдеріндегі драмалық оқиғалардың және 1991 жылғы тамыз-желтоқсан айларындағы КСРО-дағы оқиғалар нәтижесінде коммунистік идеяның қарқынды қозғалысы үзілді: КСРО жойылды, КОКП-ге тыйым салынды, кеңес өкіметі таратылды, буржуазиялық қоғам құру процесі басталды.

КОКП-ның тәжірибесі мен сабақтарын талдай отырып, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы болған оқиғаларда КОКП-ның және республикалық компартиялардың бұрынғы басшылығы сатқындарының зор кінәсі бар деген тұжырымға келді. Бірақ анағұрлым күрделі себептер, объективті факторлар бар, олардың ең бастысы мыналар деп есептейміз:

Біріншіден, догматизм, теориялық тоқырау, ББКП, КОКП басшыларының В.И. Ленин бастаған марксизмді ХХ ғасырда жаңа тарихи жағдайларда шығармашылық дамытуды қаламауы және олардың қабілетсіздігі деп есептейміз. Партиялық номенклатура «соңғы инстанциядағы ақиқатқа» арналған құқықты иеленіп, дарындылардың, таланттылардың жолын кесті, догматиктерге, дүмшелерге, жағымпаздарға жол ашты. Әрі қайта құруды терең теориялық әзірлемесінсіз, іс-әрекеттің ғылыми негізделмеген бағдарламасынсыз бастауы кездейсоқтық емес.

Екіншіден, ішкі партиялық демократияның өзгеруі, басшылықтың командалық әдістерінің басым  болуы, төменнен айтылған сынды елемеу коммунистерді партиялық машинаның жай «бұрандасына» айналдырды. Партиялық көпшіліктің қалауын іске асыру тетігінің болмауы шығармашылық бастаманы тұсап тастады, партия мүшелері мен бастауыш ұйымдардың келісімпаздығына, енжарлығына себепкер болды.

Үшіншіден, кадрлар даярлау, тәрбиелеу және орналастыру жүйесіндегі кемістіктер, ықтимал көшбасшыларды анықтау үшін бәсекелестік ортаның болмауы, әртүрлі артықшылықтарды жасау, номенклатуралық ерекшелік партиялық элита мен аппараттың қатардағы коммунистерден, ал партияны – жұмысшы табынан және еңбекшілерден алшақтатуға әкеп соқты.

Төртіншіден, елге партиялық басшылық жасау қағидаттарын бұрмалау, кеңестік және шаруашылық органдарды партиялықтармен алмастыру, мәдениетке, ғылымға, дін ісіне араласу, партиялық аппарат басшыларын мемлекеттік аппаратпен және мафиялық элементтермен араластыру елді ыдыратуға әкеп соқты.

Партиялық қатарлардың санын қуушылық, жүйелік ауысу және басшылық кадрларды жасарту тетігінің болмауы, партияның саяси кемелденген бөлігі коммунистердің барлық деңгейдегі партиялық сайланбалы органдарға пәрменді бақылауы құқығын сақтамауына және оған мансапқорлардың, бейімделгіштер мен сөзуарлардың өсіп келе жатқан кіруіне жол беруіне әкеп соқты. Осының барлығы партиялық номенклатураның миллиондаған коммунистерден және тұтастай алғанда, еңбекшілерден алшақтауына  себеп болды.

Партия басшылары В.И. Лениннің ұсақ буржуазиялық идеологияны жеткізгіштер әрқашан да өздерімен бірге социализм үшін зор қауіп тудырады деген ескертуін естен шығарды. Олар елді және мемлекеттік меншікті иелену мен бөлуге жататын «олжа» ретінде қарастырды. Олар  барынша қоғамдық меншіктің рөлінтүсірді, кооперацияның мәнін және еңбек ұжымдарының рөлін бұрмалады. Бұқаралық ақпарат құралдары саналы түрде буржуазиялық идеологияны жеткізушілерге ғана емес, ашығын айтқанда, жау элементтердің де қолына берілді.

Қазақстан коммунистері 1991 жылы Қазақстан Коммунистік партиясын қайта жаңғыртып, ғылыми коммунизм идеяларын сақтауға үлкен қадам жасады. Партия көп сатылы даму жолынан өтті, бұл ретте реформалар жағдайында жұмыс істей отырып, қайтадан оның  қызметіне артық орталықтандырудың енуінен және алқалық қағидаттардың және халық бұқарасымен нық байланыстардың жойылуынан құтыла алмады. Қазақстан Коммунистік партиясы жоғары басшылық құрылымы бар басқа саяси партиялардың кеселдерін көшіре бастады. Мұндай үрдістерді қалыптастыру Жарғының бұзылуына, демократиялық қағидаттарды озбырлық пен дара басшылыққа ауыстыруға әкеп соқты. В.И.Лениннің «Бізді құртуға дейін әкеп сқтыратын ешкім емес, тек өз қателіктеріміз»  деген сөздері ұмыт қалды. 42-том, 249-бет.

Партияның басты көзі және қозғалыс күші партиялық көпшіліктің саяси қалауы – партиялық көпшіліктің басымдығы болуға тиіс екенін қайтадан түсінетін уақыт жетті, ал партия аппараты мен барлық деңгейдегі партиялық органдар ұжымдық шешімдерді ұйымдастыра білуге тиіс.

Бұдан басқа, партияда басшылықтың қызметін партиялық көпшіліктің бақылау, оның төрешілдігіне қарсы тұру, қоғамдық дамудың  нақты үрдістерін болжау, өзгеріп жатқан жағдайларға уақтылы ден қоюдың тұрақты тетіктері жұмыс істеуге тиіс. Қайта құру адамның мүддесінен және оның өмірінің аса қажеттіліктерінен шығуға, көпшіліктің жанды шығармашылығына сүйенуге тиіс.

Социалистік құрылыстың және Кеңес өкіметін жүзеге асыру сәтсіздіктерінің себептерін талдау, ол кеңестік қоғамның болмысында оны жоюға әкеп соғатын антагонистік қайшылықтар болмаған, еңсеруге болатын қайшылықтар болған (бұл туралы бірқатар кеңестік елдердің тәжірибесі куәландырады) және КСРО-да социалистік құрылысты жалғастыруға мүмкіндік болған деп сендіруге негіз береді.

  1. Ең елеулі проблемалар мыналар:

-экономикада – өндірістік қатынастардың өндіргіш күштердің даму деңгейінен үдемелі түрде алшақтауы, «әркімге қабілетіне қарай, әркімге еңбегі бойынша» қағидатының бұзылуы, жемісін Батыс елдері сәтті пайдаланған 70-ші жылдардағы техникалық өзгерістің мәнін түсінбеу. Осының барлығы өндіріс өнімділігінің өсуін – «жаңа қоғамдық құрылыстың жеңісіне арналған басты жағдайларды» елеулі түрде тежеді В.И. Ленин;

-саясатта – Кеңестердің халық өкіметі органдарынан біртіндеп қосалқы командалық-әкімшілік жүйеге өзгеруі, партияның диктатурасын орнату, мемлекеттік, партиялық және ғылыми ұйымдардың демократиялық қағидаттар мен жұмыс әдістерін жоғалтуына, төрешілдікке және ұйымдастыра алмаушылыққа, биліктің барлық өкілді органдарын формальды тағайындаушылық тәсіліне әкеп соқты;

-ұлттық қатынастарда –  кертартпалықтың болуы және ұлттық саясатта икемділік пен төзімділіктің  болмауы. Соңғы жылдары орталық пен республикалар арасында қайшылықтар пайда болды. Жүйенің дағдарысы басталды, құқықтар мен өкілеттіктерді қайта қарау қажеттігі пісіп-жетілді. Алайда, осылайша жасалмады, мұны ұлттық элементтер пайдаланды. Егемендіктердің, қантөгіс қақтығыстардың парады болып өтті, ол КСРО-ның ыдырауын дайындады;

-империалистер таңған қырғи-қабақ соғыс және жанталаса қарулану, атомдық қарсы тұру – КСРО-ны (АҚШ пен НАТО-ның тепе-теңдігін қолдау үшін) қорғанысқа айтарлықтай күштер мен құралдар жұмсауға мәжбүр етті, ол кеңес халқының әл-ауқатының даму қарқынын азайтты және экономикада дағдарыстық ахуалға ұрындырды;

-бейбіт эйфория, идеологиялық тоқырау, социалистік лагерьді құлату, КСРО-ны бөлшектеу, нарықтық қатынастар мен экономиканы капиталдандыруды таңу, тұтынушылық өмір сүру түрін жарнамалау жөніндегі империалистік күштердің зиянкестік қызметін бағаламау – осының барлығы халыққа, мемлекет пен коммунистік партияға жегідей әсер етті.

Сонымен бірге, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы социалистік құрылыс барысында барлық ықтимал мүмкіндіктер және социализмнің капитализмнен басымдығы пайдаланылмады деп есептейді. 80-90-шы жылдарда социалистік елдерде болған оқиғалар – бұл социализм мәнінің дағдарысы емес. Сәтсіздікке ұшыраған коммунистік идея емес, социалистік құрылыстың бұрмаланған практикасы.

2. Өткенді және тарихи перспективаны бағалай отырып, коммунистер, ХХ ғасырда капитализм ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін және социалистік жүйенің кейбір элементтерін қолдана отырып, үшінші дүние халықтарын және олардың ресурстарын қанай отырып, өзіне тән антагонистік қайшылықтарды уақытша жеңді (бірақ жойған жоқ) және қуатты өндіргіш күштерді құра білді деп атап өтті. Бірақ ХХІ ғасырда капитализм мен өркениеттің алдында тұтастай алғанда, оның болуына қауіп төндіретін бірқатар проблемалар туындайды. Жаһандық капиталистік дүние әлдеқашан дағдарыс жағдайына енді: дамудың жаңа қоғамдық нысанын белсенді түрде іздеу жүріп жатты, ол мынадай үрдістерден көрінді:

1)ол экономикада және қаржыда трансұлттық корпорацияның үстемдігімен, одан әрі  байлар мен кедейлерге жіктелуімен, саясатта – АҚШ-тың халықаралық қатынастарда дүние жүзіне үстемдігін, зорлық-зомбылығын орнатуға ұмтылысымен айқындалатын постиндустриалды даму фазасына, жаһандану дәуіріне енуі қазіргі заманғы капитализмге тән белгі болып табылады;

2)басқарылмайтын демографиялық процестер, босқындар мен өткізілген адамдардың көптігі, «үшінші дүние» халықтарының кедейлігі, қайыршылығы  мен құқықсыздығы тудырған күшейіп келе жатқан көші-қон. Осы және басқа да фактілер гуманитарлық апатқа әкеп соғуы мүмкін;

3)«алтын миллиард» деп аталатындар әлемді, оның ресурстарын қайта бөлуді жалғастыруда, өйткені дамыған елдердің өркендеуі жер бетіндегі халықтардың қалған бөлігін айтарлықтай дәрежеде қанауға негізделеді, олар бұған ұзақ төзбейді. Терроризммен соғыс –  бұл тұйыққа тірелу. Оны тудыратын мынадай себептерді жою керек:

4)ғаламдық компьютерлендіру және әсіресе, электрондық БАҚ-тар реакциялық күштерге виртуаль кеңістікті өзінше «қалыптастыруға» және қоғамдық сананы алдау-арбауға, адамдарды ажырату үшін жекешелікті пайдалануға мүмкіндік береді, ол планетаның мәдени қабатының іргелі бүлінуіне әкеп соқтырады;

5)атом қаруы және басқа да жаппай қырып-жоятын құралдардың таралуы болжап айтуы қиын салдарлары бар жаһандық қақтығыстардың нақты қатерін жасайды;

6)табиғи ресурстарды жыртқыштықпен пайдалану, қоршаған ортаға өзімшілдік көзқарас экологиялық апаттарға әкеп соқтырады;

7)«орнықты даму», «үшінші дүниені» іздеу тұжырымдамаларын әзірлеу арқылы капитализмді құтқару саясаты және басқа да жобалар капитал үстемдік етіп тұрғанда сәтсіздікке ұрынады, ол тарихи сахнадан өз еркімен кетпейді.

Коммунистер ғана емес, көптеген ірі саясаткерлер, экономистер, ғалымдар да капитализм әділетсіз қоғам және оның болашағы жоқ деп есептейді. Адамзатты құтқару  дамыған коммунистік идея негізінде ғана мүмкін болады, ол әртүрлі халықтың, адам мен табиғаттың мүдделерін үйлестіруге ықпал етеді. Қоғам оның барлық мүшелерінің күш-жігерін біріктіруімен күшті. Өзара көмек, кооперация және қоғамның игілігіне оның барлық мүмкіндіктері мен ресурстарын шоғырландыру азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарының теңдігі, олардың өз өмірін және ел өмірін ұйымдастыруға жауаптылығы және оған қатысуы жағдайларында және ең бастысы, қоғам өміріндегі адамның әлеуметтік мәнін әділетті бағалау және оның еңбегіне лайықты жалақы төлеу кезінде ғана мүмкін болады.

-Осылайша, жаһандық экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тәуекелдер жағдайларында жекеше алынған елдің және тұтастай алғанда, ғаламдық әлемнің орнықты серпінділігіне қол жеткізу мақсатында  мемлекеттің қауіпті әлемдік үрдістерді реттеуде рөлі артады. Әлем солшылдануда, коммунистік идеяға дайындық және оны жүзеге асырудың заңды кезеңі басталуда, оның үстіне өз мәдениетін, дәстүрлерін, даму деңгейін ескере отырып, теориялық мұраға және практикаға шығармашылықпен қарайтын, социалистік жолмен келе жатқан әлемдік ауқымдағы Қытай, Куба, Лаос, Вьетнам және басқа да елдер лайықты үлгі бола білуде. Жоғары әлеуметтік капиталы бар, әрекеттегі халықтық өкіметі және өзін-өзі басқаруы бар, лайықты жалақысы және өмір сүрудің әділетті мемлекеттік стандарттары бар азаматтық қоғамды құру социалистік қоғамның алғашқы сатысы болады.

ІІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ   ЖӘНЕ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ 

1. КСРО-ның ыдырауы экономикада, саясатта, мәдениетте қалыптасқан байланыстардың, рухани және адами байланыстардың үзілуіне әкеп соқты. Алайда, егемендік пен тәуелсіздікті орнату еңбекшілердің өмірін бірден түбегейлі жақсартқан жоқ. Оны басқарушы қауым өз мүддесінде пайдалануда, ол халықтың еркінен тыс елді қылмыстық нысан қабылдаған капитализм жолына түсірді. Бұл перспективасыз бағыт. Қазақстанға өзге жол қажет.

2. КСРО-ның бірыңғай шаруашылық кешенінен жұлып тасталған Қазақстанның экономикасы қиын жағдайда болды. Әлеуметтік-экономикалық реформалар қоғамның қысымымен баяу жүзеге асырылуда. Жекешелендіру ұранымен халықтың  игілігі әділетсіз таратылды. Өнеркәсіп құлдырауда,  ауыл шаруашылығы төмендеуде. Ғылыми-техникалық прогресс саласында артта қалушылық өсуде. Жұмыссыздық баяу қысқаруда. «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп аталатындар мемлекеттің басты проблемасы болып отыр. Экономиканың дамуын шенеуніктердің бассыздығы тежеуде. Шетелдік капитал табиғи байлыққа тікелей қол жеткізуде, еліміз халықаралық монополиялардың қосалқы шикізаты болып отыр, ал жасырын пайдалар (мұнай долларлары) талан-таражға түсуде.

3. Социализм кезінде құрылған әлеуметтік сала бұзылды. Зейнетақы жүйесі мен сақтандыру ісі құлдырауда. Ғылым мен білім ұдайы реформалау жағдайында тұр. Мәдениет, мораль, адамгершілік нашарлауда, халық өмірінің дәстүрлі ұжымдық-қауымдық әдет-ғұрпы бұзылуда, батыстың  жекешелік  және өзімшілдік нормалары мен өнегелері таңылуда. Сыбайлас жемқорлық, қылмыс, бәріне рұқсат етушілік, нашақорлық, жезөкшелік гүлденуде. Кеңес өкіметі кезінде жеңілген әлеуметтік аурулар қайта оралуда.

4. Қоғамның салыстырмалы тұрақтылығы билік қызметінің нәтижесінен емес, көпұлтты Қазақстан халқының даналық пен төзімділік танытуынан болып отыр. Бірақ еңбекшілердің төзімі шексіз емес. Наразылық өсуде, әлеуметтік шиеленіс күшеюде, мемлекеттік институттарға сенім жоғалуда. Қоғамның аса ірі жіктелуі болып өтті. Халықты тонау есебінен байлар шоғыры және миллиондаған кедейлер пайда болды. Буржуазия табы қалыптасты, негізінен сауда және қаржы, оны мемлекеттік шенеуніктермен араластыру жүргізіліп жатыр, рулардың меншікті қайта бөлісу үшін күресі шиеленісуде. Өндіріс қаражатынан шеттетілген жұмысшы табы нашарлауда және люмпен-пролетариатқа айналуда; тіршілік ету үшін жер мен қаражаттан айырылған шаруа аңырап қалуда; зиялы қауым биліктің қысымымен саясатсыздандырылды, ол ауыр материалдық және рухани жағдайда; жастар перспективалары мен мұраттарынан айырылды; қазіргі билік тұсында ана мен бала панасыз болып отыр; зейнеткерлер аянышты күн кешуде.  Елде Президенттің шексіз билігі белгіленген. Парламенттің жеткілікті құқықтары жоқ. Соттар, прокуратура, құқық қорғау органдары халықты қорғамайды, олар билігі барларға қызмет етеді. Сыбайлас жемқорлық барлық мемлекеттік органдарды жегідей жеуде. Конституцияда жарияланған адам мен азаматтың құқығы көбінесе декларациялар күйінде қалып отыр. Сайлау жүйесі сапалық өзгерісті талап етеді.

5. Атқарушы биліктің сыртқы саясатының тиімділігі аз, ол конъюнктурлы сипатта. Ол үшін халықтың емес, рулардың, күндес саяси зиялы қауымның мүдделері басым болып табылады. Капиталдың шетелге жылыстауын болдырмау және оны елге қайтару жөніндегі іс-шаралар қолданылмайды.

Тұжырымдар:

1. Өктемшіл билік жүйесі мен басқарушы қауым жаһандану жағдайларында белсенді оппозициясыз және бүкіл қоғамды мемлекеттің  маңызды өмірлік проблемаларын шешуге шоғырландыруға, республиканы прогресс пен гүлдену жолына алып шығуға және халықты лайықты өмірмен қамтамасыз етуге қабілетсіз.

2. Елдің одан әрі империалистік мемлекеттердің қосалқы шикізатына айналуын және халықтың кедейленуін тоқтату халық пен биліктің күш-жігерін біріктіріп, достас елдердің, әсіресе ТМД мен социалистік лагерь елдерінің экономикасын тығыз ықпалдастыра отырып, социалистік қоғам құру арқылы ғана мүмкін болады. 

ІІІ. ПАРТИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ

ЕН МАҚСАТТАРЫ 

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы –  қаналушы жұмыскерлердің, жұмыссыздардың, зейнеткерлердің, жастардың және әлеуметтік әділеттілікке әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне, шынайы халықтық өкімет орнатуға ұмтылысты байқайтын халықтың басқа да топтарының авангарды болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының, коммунистік идеяны жақтаушылардың ерікті бірлестігі. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы қоғамдық дамудың бірыңғай теориясы ретінде марксизм-ленинизмнің ғылыми және идеологиялық негізінде әрекет етеді. Коммунистер үшін марксизм – қоршаған дүниенің өзгеруіне қарай үнемі дамитын шығармашылық ғылым, қоғамдық дамудағы жаңа фактілер мен құбылыстарды жинақтау мен пайымдау.

Партияны құру және оның қызметінің ұйымдық қағидаты демократиялық орталықтандыру болып табылады, онда партиялық көпшіліктің басымдығы маңызды болады. Партиялық көпшілік – партияның негізі, билік көзі. Партияның стратегиясы мен тактикасын, шешімдер мен қаулылардың жобаларын жасау процесі, олардың орындалуын  бақылау және қателер мен кемшіліктерді жою төменнен басталуға тиіс. Ал орталықтандыруға қабылданған шешімдердің орындалуын ұйымдастыру және жанды партиялық организмнің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету жүктеледі.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы  –  барлық прогресшіл және демократиялық күштермен бірге саяси одақтар мен блоктардың практикасын кеңінен қолданатын, халықаралық коммунистік қозғалыста белгілі болған саяси күрестің барлық заңды әдістерін, тәсілдері мен нысанын пайдаланатын, өзінің іс-әрекетін еңбекші халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, еңбекшілердің бауырластығы мен ынтымақтастығын нығайтуға жұмсайтын белсенді саяси іс-әрекет партиясы.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы – әртүрлі ұлттардың адамдары арасында ешқандай айырмашылық жасамастан, бірлік пен бауырластық, көп ұлтты Қазақстан ұлыстарының ұлттық құндылықтарын, тілін, дәстүрлері мен тарихын, әлемнің барлық халықтарын сыйлайтын әрекеттегі интернационализм партиясы.

 ҚКХП бұрынғы КСРО республикаларының компартияларымен, халықаралық коммунистік, жұмысшы және ұлттық-азаттық қозғалыспен белсенді ынтымақтастыққа ұмтылады.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы адамды қанауды болдырмайтын мынадай: мемлекеттік, ұжымдық, жекеше, жеке, акционерлік және кооперативтік, қоғамдық меншіктің басым дамуы үшін меншік нысандарының әртүрлілігін жақтайды.

Біз ауыл шаруашылық мақсатындағы жерді сатуға және сатып алуға, оны шаруаларға жалға беруге қарсымыз. Біз ұлттық компаниялар атынан стратегиялық кен орындары әзірлемесінің мемлекетке қайтарылуын жақтаймыз.

Қоршаған ортаны және елдің табиғи ресурстарын қорғау – мемлекеттің, қоғамның, әрбір азаматтың өмірлік маңызды міндеті.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы азаматтық қоғам институттарын дамыту және нығайту, бұқара халықты мемлекетті басқаруға кеңінен тарту, социалистік, кейіннен  коммунистік қоғам құру арқылы мемлекеттің парламенттік түрін жақтайды.

Дін қатынастары саласында коммунистер  ар-ождан бостандығын тануды, кез келген діннің жолын тұту немесе ешқайсысының жолын тұтпау құқығын, діннің мемлекеттен бөлінуін, діни төзімділікті, бірақ діни қызметтің мемлекет бақылауында болуын жақтайды.

Мыналар:

-  ғылыми социализм идеяларын, маркстік-лениндік ілімді және прогресшіл қоғамдық ойды насихаттау;

- қоғамның саяси өміріне қатысу, партияның бағдарламалық мақсаттарын бөлісетін Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси қалауын қалыптастыру және іске асыру;

- заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік билік органдарын қалыптастыруға қатысу;

- интернационалдық бауырмалдық пен халықтар достығын нығайту; жастарда патриотизм сезімін, өз халқының тағдырына қатыстылық сезімін тәрбиелеу Қазақстан Коммунистік Халық партиясы қызметінің мәні болып табылады.

 Қазақстан Коммунистік Халық партиясы билік органдарының қызметін халықтық бақылауды ұйымдастыруға, өзін-өзі басқару мен халықтық өкіметті дамытуға қол жеткізеді.

Партия алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мыналарды көздейді:

1) мемлекеттік билік жүйесін халыққа үстемдік ету органынан халыққа қызмет ететін және елдің гүлденуін қамтамасыз ететін органға айналдыра отырып, демократиялау. Билік органдарының қызметіне шынайы халықтық бақылау орнату;

2) қолдағы заңнаманы шынайы халықтық өкімет қағидаттарына сәйкес келтіру;

3) толық көлемде әлеуметтік саланы қалпына келтіру: тегін білім алу, денсаулық сақтау, қамсыздандырылған қарттық, еңбек етуге, дем алуға, тұрғын үйге кепілдік берілген құқығын;

4) рухани салаға, ғылымға, мәдениетке, моральды, адамгершілікті оңалтуға, өсіп келе жатқан ұрпақты патриотизм мен ізгілік рухында тәрбиелеуге, тарихты объективті тұрғыдан түсіндіруге басым назар аудару.

Ғылыми жоспарлау және басқару, еңбек- және ресурстарды үнемдеу технологияларын және өндіріс құралдарына қоғамдық меншікті пайдалану негізінде жоғары еңбек өнімділігі деңгейін қамтамасыз ету.

ІY. ҚКХП ҚЫЗМЕТІНІҢ НЫСАНДАРЫ МЕН ӘДІСТЕРІ 

Белсенді саяси іс-әрекет партиясы ретінде Қазақстан Коммунистік Халық партиясы демократиялық сайлауларға қатысу арқылы, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да нысандар мен әдістер арқылы өз идеяларын кеңінен насихаттау жолымен бағдарламалық мақсаттарын іске асыруға қол жеткізеді.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы қоғамдық өмірдің барлық жағына өз ықпалын күшейтеді. Ол әйелдер мен ардагерлер ұйымдарын белсене қолдайды және әлеуметтік әділеттілік үшін күресте олардың қолдауын пайдаланады.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы кәсіподақтардың жұмысына белсене қатысады және олармен бірге еңбекшілердің экономикалық және әлеуметтік мүдделерін қорғау үшін күресте қуатты және ұйымдасқан кәсіподақ қозғалысының жандануына ықпал етеді.

Партия ерекше назарды жастармен жұмысқа аударады, жастар проблемаларын шешуде оған моральдық, ұйымдық және саяси қолдау көрсетеді. Партия өзінің күш-жігерін Коммунистік Жастар одағын жандандыруға, пионерлік қозғалысты насихаттауға және дамытуға жұмсайтын болады.

Өзінің күнделікті жұмысында Қазақстан Коммунистік Халық партиясы жұмысшы қозғалысына сүйенеді және оны жан-жақты қолдайды, оның бірлігіне қол жеткізуге және оның барлық отрядтарының  ынтымақтасқан іс-әрекетіне ықпал ететін болады.

Коммунистік идея және сөз партияның басты қаруы болып табылады. Партия өз ниетін жасырмайды және қиындықтардан қорықпайды. Өзінің мақсаттарына қол жеткізу үшін ол халықтың белсенді және саналы қолдауына сүйенеді. Өзінің рөлі мен маңызын түсініп, Еңбек Адамы шарасыз Қазақстан Коммунистік Халық партиясының жағында болады.

Алға қойылған мақсаттарды іске асырудағы жетістік еңбекшілер мен бүкіл  халық өздерінің түбегейлі мүдделерін түсінген және оларды қорғауға топтаса көтерілген жағдайларда ғана жалғасатынын тарихи тәжірибе куәландырады.

Партия гүлденген Қазақстанды құру жолында партиялар, қозғалыстар, ҮЕҰ, кәсіподақтар түріндегі елдің күллі демократиялық, патриоттық және прогресшіл күштерінің ынтымақтастығына сенеді. Біз әркімнің өзіндік пікірі құқығын сыйлаймыз және өз пікірімізді таңбаймыз. Біз Қазақстанның егемендігі, оның ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қорғау және елдің серпінді дамуы бүгінгі таңда органикалық түрде демократиялық қайта құрулармен және қоғамды әлеуметтік жаңғыртулармен, барлық деңгейдегі халықтық өкімет  және өзін-өзі басқару үшін яғни социализм үшін күреспен бірлесетініне сенімдіміз.

Бірінші кезеңде оппозициялық партия ретінде Қазақстан Коммунистік Халық партиясы шынайы халықтық өкімет жағдайларын құру үшін саяси күресті ұйымдастыруды, еңбекшілердің өмірін одан әрі нашарлатуға, олардың саяси және әлеуметтік құқықтарына қысым жасауға бағытталған кез келген қадамдарын болдырмау үшін билік органдарына саяси қысым көрсетуді өзіне мақсат етіп қояды. Еңбекші халықтың мүддесін білдіруге қабілетті және республика мемлекеттік билігінің барлық тармақтарына ықпал ететін солшыл центрист күштердің саяси одағын құру. Өкілді билік органдарында көпшілік орынды жеңіп алу.

Партия коммунистік қозғалыстағы бытыраңқылықты еңсеру үшін, жұмысшылар, шаруалар мен зиялы қауым одағы үшін, еңбекші халықтың  бірлігі мен тұтастығы үшін жұмыс істеуде. Елде жауапты және сындарлы саяси рөлге үміткер партия, қоғам мен мемлекеттің белгілі бір бөлігінің талаптарына сай келуге, қазіргі заманғы жағдайларға сайма-сай болуға, алға қойылған міндеттер мен мақсаттарға қатысты ізбасар және белсенді болуға тиіс екенін түсінеміз.

Ішкі партиялық құрылыс және партияны идеялық және ұйымдық нығайтуды қамтамасыз етуге партияның бастауыш ұйымдарымен әрі сайлаушылармен қазіргі заманғы әдістермен және технологиялармен, олардың ең бастысы үгіт болып қалатын жүйелі жұмыспен қол жеткізіледі. Партия құрамын жаңарту мен жасарту, оның қатарына елдің тағдырына, қоғамдық және әлеуметтік проблемаларға бейжай қарамайтын кәсіпқой-патриоттарды тарту, кадр резервін қалыптастыру  және коммуникативті кеңістікте кадрларды жылжыту – бұл партияның мақсатты кадр жұмысының негізі. Атап айтқанда, кадрлар, оларды іріктеу, даярлау, орналастыру және тарату ҚКХП-ның идеялық және адамгершілік қауымдастығына қол жеткізуге мүмкіндік береді, партияның келбетін қалыптастырады және партияның халықпен ажырағысыз байланысы мен беделін нығайта отырып, алға қойылған мақсаттарды қамтамасыз етуге жұмыс істейді.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясының жоғары мақсаты – социалистік, кейіннен коммунистік қоғамдық құрылысты құру, онда бақытқа барлық адамдар қол жеткізеді және туда: «Әркімнің еркін дамуы дегеніміз барлығының еркін дамуының шарты!» деп жазылған.

Y. ҚКХП-НЫҢ ИДЕЯЛЫҚ МІНДЕТТЕРІ  ЖӘНЕ ҰЙЫМДЫҚ НЫҒАЙТУ 

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы 1902 жылғы  марксистік кружоктар, РСДЖП (б) – РКП (б) – БКП (б) – КОКП – ҚКП –  ҚКХП пайда болғаннан бастап өзінің тарихын жүргізіп келеді. ҚКП мен КОКП бастауыш ұйымдары (ол коммунистер тобының бастамасы бойынша таратылғаннан кейін) 1991 жылы қалпына келтірілген, ол Қазақстан Республикасының аумағындағы өз ізбасарларының идеялық құқықтық мирасқоры болып табылады.

Болып  өткен жұмыстық, кеңес және дүниежүзілік коммунистік қозғалыс тәжірибесінен ол практикада тексерілгенін  және расталғанын алады, ол оған қазіргі заманғы қоғамдық дамудың өзекті мәселелеріне жауап беруге қабілетті өзінің арсеналында қомақты тәжірибесі мен уақытпен тексерілген идеологиясы бар еңбекшілер партиясына қалыптасуға мүмкіндік береді.  Партия еңбекшілерді, Қазақстан азаматтарының демократиялық бөлігін социалистік қоғам құру және елдің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қорғау үшін патриоттық күштер одағына бірігуге, оны кеңейтуге және нығайтуға шақырады.

Партия еңбекшілердің мүдделерін жақтайтын барлық дұрыс пікірдегі саяси күштердің одағы Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігін нығайту, оның гүлденген қоғамға көтерілуі, нақты демократиялық құндылықтар мен әлеуметтік әділеттілікті ягни социализмді қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді жасайды.

Партия мүдделердің,  саяси және әлеуметтік қатынастардың ортақтығы, жолдастық, өзара көмек және ұжымдық мораль бастауларында барлық демократиялық қозғалыстармен өз қатынастарын құрады. Біз коммунистік қозғалыстағы бытыраңқылықты еңсеру, бірыңғай идеялық-адамгершілік және саяси негіздегі  барлық демократиялық күштердің бірлігін жақтаймыз.

Қазіргі заманғы кезеңде партияның дамуындағы орнықты серпінділік оның жұмысының мынадай негізгі бағыттарын қамтамасыз етеді:

1) Партияның бастауыш ұйымдарына ерекше назар аудару кезінде барлық партиялық құрылымдарды идеялық және ұйымдық нығайту. Партия кадрларының құрамын жаңарту мен жасарту, кәсіби партия кадрлары институтын қалыптастыру, оларды саяси ағарту және оқыту.

2) Елдегі және әлемдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларды талдау, қазіргі заманғы жағдайларда партиялық жұмыстың стратегиясы мен тактикасын жасау, партияның идеялық негіздерін дамыту және партия оқуына арналған әдістемелік материалдарды жаңарту.

3) Партияның заң шығарушылық қызметі. Парламенттік фракция депутаттарының және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жұмысы. Әлеуметтік  және саяси маңызды заңдар мен жекелеген заңнама нормаларына бастамашылық жасау.

4) Партияның материалдық-техникалық және ақпараттық базасын дамыту. Баспасөз қызметтерінің  және партиялық басылымның жұмысын жетілдіру, коммуникативтік технологиялардың, үгіт пен насихаттың рөлін күшейту.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Page Right Widget

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Proin semper ultrices tortor quis sodales. Proin scelerisque porttitor tellus, vel dignissim tortor varius quis. Proin diam eros, lobortis sit amet viverra id, eleifend ut tellus. Vivamus sed lacus augue.
Яндекс.Метрика